Кездесу

Бірлік пен келісімнің сәулесін құйды

Қарағандыдағы Достық үйінде облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕКТІҢ қатысуымен «Қазақстан бірлік пен достық мекені» тақырыбында 1-ші мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай мерекелік іс-шара өтті. Жиынға облыстың аудан, қалаларындағы этномәдени бірлестік өкілдері ZOOM платформасы арқылы қосылып, атаулы күн қарсаңында қолға алған игі істерімен бөлісті.

Алдымен балқаштықтар байланысқа шықты. Олар «Чистота вокруг нас» тазалық акциясын мерекеге орай ұйымдастырыпты. Табиғат-Ананы аялауға өз үлестерін қосқан «Возрождение» неміс этномәдени орталығының өкілі Ольга Потанина өз бастамаларының мәнмаңызына тоқталды.

Мұндай аймақ тұрғындарын татулыққа баулитын шарадан жезқазғандықтар да қалыс қалмапты.

– Біз «Ватан» түркімен бірлестігінің мүшелері бейбітшілік мейрамымен аймақ тұрғындарын құттықтаймыз. Бірлік мерекесі бізге болашаққа сеніммен қарауға көмектеседі. Шығыс палауын дайындап, 150 көпбалалы отбасыға таратпақпыз. Сонымен қатар, түркімен киімі мен тәттілер де қоса беріледі, – дейді бірлестік төрағасы Алламұрат Жураев.

Осакаров ауданының да мейрам қарсаңында дайындаған бастамасы елдің көңілінен шықты. Атап айтсақ, аудандағы «Эльпида» грек этномәдени орталығы мүшелері Пионер ауылындағы Пионер лагеріне барып, тәрбиеленушілерге сый-сияпат жасады. «Пионер лагеріне ертеңгі ел болашағы, жастарымызды құттықтауға келдік. Олар әлемдегі жаңалықтардан хабардар болып отырсын деп теледидар сыйладық. Дүниетанымын кеңейтуге көмегі тисе екен», – деді аталған орталық жетекшісі Ольга Попандопуло. Алғыс ретінде лагердегі балалар Отан, бірлік туралы өлеңдерін мәнерлеп, жатқа оқып берді.

«Арқаның Атымтайы» атанған атақты меценат Бекзат Алтынбеков бірлестік өкілдеріне ризашылығын білдіріп, сыйлық ретінде қарағандылық ағалары атынан лагерге сыйлық жеткізетінін мәлімдеді.

Ал, теміртаулық Ассамблея жастары жаңа аллеяның салтанатты ашылуын тікелей эфирде ұсынды. «Бейбітшілік және мейірім» аталатын аллея жастармен бірге жайқалып, қуанышты күндердің куәсі болатынын мақтанышпен айтты. «Біз теміртаулық Ассамблея жастары аллеяға алғашқы көшеттерді отырғыздық. Бұл аллея – болашақ үшін. Қала көркіне көрік қосып, тарихи орынға айналатына сенім мол. Елбасының өніп-өскен жері бізді біріктіреді, күш-жігер береді, – деді талапты жас Екатерина Пономаренка.

Иә, 100-ден астам этнос өкілі өмір сүретін Теміртау үшін бұл аллеяның мәні – ерекше. Біздің елдегі Ассамблея институтын өзге елдер үлгі тұтып, өнеге алуда. Бұл – үлкен мақтаныш.

Облыстық Ассамблея мүшелері облыс орталығындағы «Қазақ еліне мың алғыс» композициясына келіп, оның аумағын абаттандырды. «Бұл белгі қарағандылық кәрістердің бір кездері құшағын ашып, жылы қабылдағаны үшін алғыс ретінде жасалған. Мұнда қасиетті Сарыарқа даласының көмірі де бейнеленген. Бұл жердің қарағандылықтардың сүйікті орнына айналуын қалаймыз, – деп корей этномәдени бірлестігінің төрағасы Лилия Ким ескерткіш тастағы ұсақ тастардың мәніне тоқталды.

Барлық өңірлер өз игі істерінің мән-жайын таныстырып болған соң, аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек сөз сөйлеп, барлық акцияға қатысушыларға алғыс айтты.

– Баршаңызға көп рахмет. Келесі жылы бұл мейрамды емін-еркін тойлауға нәсіп етсін. Пандемиямен күресте де сіздердің белсенділіктеріңізді көріп жүрмін. Әлем халқы індетпен күресуде. Ассамблеяның індетпен күресте белсенділігі үлкен көмек болуда. Жағдай ақырындап тұрақталып келеді. Онда Сіздердің де үлесіңіз бар. Ассамблеяның тиянақты жұмысы арқасында елде тұрақтылық пен келісім салтанат құрып, жетістікке жетудеміз. Жұмыстарыңыз алға баса берсін. Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен қатар тойланып жатқан Қазақстан халқының бірлігі күні әр отбасыға молшылық алып келсін, – деді Жеңіс Махмұдұлы.

Мағыналы да жинақы өткен шара көпшіліктің жүрегіне бірлік пен келісімнің сәулесін құйғаны сөзсіз.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button