Теміртау

Бірлігі күшті ел озар

1 мамыр күнін Теміртаулықтар ұйымдасқан түрде, жоғары деңгейде атап өтті. Қазақстан халқының бірлігі мерекесіне арналған салтанатты шаралар қаланың бірнеше жерінде ұйымдастырылып, Теміртау мәдениет үйінен бастау алды. Қаладағы барша ұлт пен ұлыс өкілдері өздерінің әні мен күйін, өнері мен биін паш етті. Осы күні мәдениет ошағының сахнасында әр ұлт өкілдері қазақтың әнін айтып, күмбірлеген күйіне қосылып жайдары көңіл-күйге бөленді.

Ынтымақ пен татулық орнаған мерекеде қала тұрғындары Теміртау мәдениет үйі алдында шаһарда тұратын өзге ұлт өкілдерінің мерекелік шеруін тамашалады. Мыңдаған теміртаулықтар, этномәдени бірлестіктер мүшелері, Ұлы Отан соғысының және тыл ардагерлері, оқушылар мен жұмысшы жастар қатысты. Этносаралық мәдени бірлестіктер бастап, мерекелік шеруге тәжіктер мен әзірбайжандар, татарлар мен корей халқының өкілдері де атсалысты. Тұрғындар назарына ұсынылған тарихи-өлкетану мұражайының көрмесі сан ұлттың салты мен дәстүрінен хабардар етті. Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімов этномәдени орталықтардың жұмысымен танысты.

Ғалым ӘШІМОВ, Теміртау қаласының әкімі:

– Теміртау – Қазақстанның өнеркәсіптік жүрегі. Қалада 93 ұлт өкілі тұрады. Әр халықтың басын қосып отырған ел тарихын, ұлттық құндылығымызды ұмытпауымыз керек. Қазақстан халқының бірлігі күнінде қала тұрғындарына барлық жақсылықты тілеймін.

Қала басшысы мереке аясында әр салада еңбек етіп жүрген кәсіпкерлер «Агенство «Феникс» ЖШС басшысы Р. Ипкаев, Теміртау қалалық мәслихат хатшысы В.Свиридов, «Темірбол» ЖШС басшысы А.Губин, «Имсталкон» ЖШС басшысы И.Георгиади, «Крипт» ЖШС басшысы И.Сиверский, «Висм» ЖШС басшысы С.Гульконы марапаттады.

«Қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық – біздің ең жоғары байлығымыз» деп санайтын «Калинка» ансамблінің әндері жиынның көркін қыздырды. Елімізде өмір сүріп жатқан барлық этностардың татулығын көрсететін осы мерекені ұнататын «Гузель» үлгілі хореографиялық ансамблінің татар биіне көрермен қауым ұзақ қол соқты. Поляк және қазақ елінің өнерпаздарынан құралған «Полоня» бірлестігінің «Сұлу қыз» әнін қосыла шырқады.

Салтанатты шарадан табылған Теміртау қаласы әкімінің орынбасары Ғалымжан Спабеков: «Біздің еліміз – көптеген мемлекеттер үшін бейбітшілік пен тұрақтылықтың үлгісі. Бұған Қазақстан халқы Ассамблеясының үлесі қомақты. Таяуда Елбасының қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХV сессиясы өтті. Онда мемлекеттік ұлттық саясатты жүзеге асыруда елдегі қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтау және этносаралық ынтымақтастық мәселелері айтылды», – деді.

Бейбітшілік пен достық мерекесін көпұлтты халқымыздың тамаша дәстүріне айналғанын тілге тиек еткен тарихи-өлкетану мұражайы директорының орынбасары Лейла Аликеева мұражай қызметінің мерекеге қосқан үлесін атап өтті.

Лейла АЛИКЕЕВА, Теміртау тарихи-өлкетану мұражайы директорының орынбасары:

– Мерекеге орай түрлі халықтардың тарихи құндылықтарын насихаттау мақсатында көрме ұйымдастырдық. Теміртау қаласында тұратын 93 ұлт өкілінің ұлттық киімдерін тігіп, шаңырақ арқылы достығымызды көрсеттік. Бәрі – Теміртау қаласына саяси қуғын-сүргін жылдары, кейін Қазақстан Магниткасының құрылуы барысында жан-жақтан ұлттар келе бастағанын көрсетеді. Олар қала құрылысына атсалысып, кейін шаңырақ көтерді. Жыл сайын әр елдің ұлттық киімдерін тігіп, көрмеге қатыстырамыз. Мысалы, неміс халқының музыкалық аспабы болса, корей халқының тұрмыста қолданатын заттары қойылады. Мерекеге арналған көрме – бір шаңырақтың астында түрлі халықтарды тарихи жол тоғыстырғанының белгісі. Халықтардың тарихи жолы қазақ даласымен байланысты деген мақсатты көздейді.

Айта кеткен жөн, Теміртау қаласында қазіргі таңда 9 этномәдени орталық жұмыс істейді. Татар, орыс, корей, неміс халықтары қаланың барлық іс-шараларына белсенді атсалысады.

Мерекелік шараға ардагерлер де алғысын білдірді. Теміртау қаласының 1958 жылдан бергі тұрғыны Борис Ложкин – құрылысшы. «Қала көз алдамызда өзгерді, өсті. Біздің ойымызша – түрлі халықтардың бірлігі сақталған жалғыз ел – Қазақстан. Бұл жерде тату-тәтті, қонақжай халықтар тұрады. Қазақ халқының дәстүрлері де ортақ салтымызға еніп кетті. Бір шаңырақтың астында ынтымақтастықта тұру деген осы шығар», – дейді.

Әлбетте, қазақтың көне тарихының қай парағын ашсаңыз да, халықтың ұлы армандарының алдында елдің бірлігі, татулығы тұрады. Бұл жолда өзге ұлт өкілдері қазақ елінің қонақжай екенін мақтанышпен айтады. Сөйтіп, түрлі ұлттардың құндылықтарын тең көретін Елбасы еңбек жолын бастаған өнеркәсіпті қала да Бірлік күнін ойдағыдай өткерді.

Аяулым СОВЕТ

ТЕМІРТАУ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button