БІР ӘРІПТІҢ КЕСІРІНЕН БАЗ КЕШКЕН

     Қарағанды облыстық архивіндегі жеке қорлардың бірегейі – КСРО және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, КСРО географиялық қоғамының мүшесі, Қарағанды қаласының Құрметті азаматы Жайық БЕКТҰРОВТЫҢ қоры.

Бұрынғы Ақмола уезі, Моншақты болысының тоғызыншы ауыл, Желқызыл-Қызылағаш дейтін жерде 1912 жылы дүниеге келген Жайық Кәгенұлы естеліктерінде атасының «ақсақал Кенесарының Сыздығын да көп  көріпті, екі иығына екі кісі мінгендей адам», деп айтқанын еске алады.

Жазушы еңбек жолын  Қарағанды облысы, Нұра ауданындағы Ақтөбе мектебінде ұстаздықтан бастаған. 1932 жылдың соңында Алматыдағы коммунистік университет жоғары дәрежелі коммунистік ауыл шаруашылық мектебі болып қайта құрылған. Осы оқу орнына 1932 жылы көктемде Қарағанды облыстық партия комитетінің қаулысы бойынша (облыс орталығы Петропавл кезінде) Алматыға келіп, газет бөліміне оқуға түскен, кейін баспасөз бөліміне ауысқан. Сол жылдары мақалалары «Социалистік Қазақстан» газетінен көріне бастаған.

Жайық аға Алматыда М.Төлеповтен, І.Қабыловтан, С.Аспандияровтан, М.Дәулетқалиевтан, И.Савинскийден, А.Жұмағалиевтан, П.Кунтеден лекция тыңдаған. С.Меңдешев, Ш.Бектұрғанов, Ә.Ералин, Ә.Досов сықылды басшы коммунистерді жақын білген. С.Сейфуллинді, Б.Майлинді көрген. І.Жансүгіровтің, С.Мұқановтың, белгілі журналистер М.Жолдыбаевтың, Р.Жаманқұловтың, Ж.Арыстановтың, К.Павловтың, С.Төлешевтің қасында көп жүрген. Сол кездегі жас таланттар С.Ерубаевпен, З.Шашкинмен, Е.Смаиловпен, көпке танылған Ә.Тәжібаевпен, Ғ.Ормановпен, Т.Жароковпен, М.Қаратаевпен, А.Тоқмағамбетовпен, Ғ.Слановпен, Қ.Аманжоловпен, М.Ғабдуллинмен өкшелес, оларға қарап өскен.

1934 жылы оқуды бітірер-бітірместен өлкелік комсомол комитетіне қызметке алынған. Сол бір тұста, тек әр облысты қамтитын бес-алты жауапты нұсқаушы, Жайық аға соның бірі болған. Кейінірек, Шымкентте облыстық комсомол комитетінің бөлім меңгерушісі, Арыс, Мақтаарал аудандық комсомол комитеттерінің секретары болып жауапты қызметтер атқарған. Сонымен қатар, қоғамдық жұмыстарға да ерте араласқан. Айта кетсек, 1934 жылдың жазында сталиндік-голощекиндік өктемдік кезде аштықтан тұралап қалған Қарқаралы, Абыралы, Қоңырат аймақтарында  С.Меңдешов бастаған үкімет коммиссиясының құрамында  Жайық аға да болып, халыққа мемлекеттік көмек көрсетуге де тікелей қатысқан.

Басшы комсомол ұйымдарынан кейін, «Лениншіл жас», «Соцалистік Қазақстанда» газеттерінде жұмыс істеп, көзге түскен Жайық ағаны Жамбыл облыстық «Коммунист» газетіне редактор етіп тағайындаған. Сол уақыттың өзінде Жайық аға Қордай асуынан асып, атақты Майтөбенің басына шығып, арғы Қызылсу, Кекілік өзендерін беттеп, бала күннен бергі көңіл-күйінің әсері, естіген, ішке түйгенін алғаш Хан Кене мен Ер Науан жайлы латын әрпімен «Осы екен самырықтың өлген жері» атты мақаласы газетте жарық көрген.

Жамбылда облыстық Кеңеске депутат, қалалық, облыстық партия комитеттеріне мүше болып сайланған. Сөйтіп жүріп, бір-ақ әріптің кесірінен құрбан болған. Газет тиражы жеті мың дана екен, алғашқы үш мың данасы дұрыс басылып, қалғандары  баспахана машинасында «Ұ» әрпінің басы ұшып кеткендіктен дұрыс басылмаған. Ол «Ұлы Сталин» деген тақырыптағы әріп екен. Бұл оқиға 1937  жылы газеттегі алғашқы саяси көрсетуге тап болады. Қанша дәлелдегенмен, оны партия, совет және НКВД органдары қайдан елесін?

Жәкең жаппай қамау науқанынан аман қалғанымен, 1941 жылдың қараша айында әскер қатарында Жамбыл қаласында жасақталып жатқан ұлттық атты әскер дивизиясы газетінің редакторы болып қызмет істеп жүрген жерінен алып кеткен. Қолға қару алып майданға кірудің өзі ол үшін үлкен арман  болған. 1942 жылдың мамыр айында тұтқындап, Алматының ішкі түрмесінде нақақтан күйіп, сегіз ай жатқан. Сегіз айдың үш жарым айын түрмедегі өлім жазасына кесілгендердің камерасында жалғыз өткізген. Бұл аз болғандай, шыжыған шілдеде әдейі от жағып, ішін қайнатып ыстық карцерде де жатқызған. Камераны үш адам күзетіп, бірнеше тәулік бойы кірпігін ілдірмеген. Асау тұтқынның жуасығаны керек. Сондағы жаза «астыртын ұлтшыл топ құрған» деген жалаумен НКВД әр жерден құрастырып, сегіз адамды жинаған. Соның үшеуіне сырттарынан Айрықша Кеңестің үкімі ату жазасына кескен де, қалғанына он жылдан берген. Жазаны Солтүстік Оралдағы Ивдельлагта өтеген. Бұл лагерьде кешкен азап өз алдына. Ол туралы «Ыстық карцерде» өлеңінен, үш бөлімнен тұратын «Төгілген ар» мен «Таңба» романдарындағы тұтқындардың шеккен азабы жайлы бүкпесіз шындықты оқуға болады, жаның түршігеді. Ондағы Тұрлыбектің прототипі – Жайық ағаның өзі.

Теріскей Оралдан елге аяғына қабықтан тоқылған шәрке киіп оралған. Күш-қайрат бар кезде жау атанып, қорлық көрген Жайық аға 13 жыл салып туған жердің топырағын басқан. 1955-1956 жылдары ішінара, одан кейін 1988 жылы біржола ақталған.

Әбден үркіп қалған бас, алғашқыда бұған өзі де сенер-сенбесін білмей жүріпті. Тіпті, іш тартып сөйлесу былай тұрсын, амандасуға қорыққандар да болған. Талдықорғанда мектепте, газетте, тіпті, әр жерде аударма жасап та тамақ асыраған. Жиырма  жыл өткен соң қазақтың С.Киров атындағы мемлекеттік университетінің филология факультетін сырттай оқып бітірген.

Қазақ тілінің мұғалімі болған Жайық аға туралы бірге істеген еңбек ардагері Н.Этаков: «Әсіресе, оның балардың білімін бағалаудағы принципшілдігі кімге болса да үлгі боларлықтай. Бағаға риза емес, Бондаренко деген оқушыға күліп: «Әй, балам-ай, қазақ тілін  бір білсе Алла Тағала беске білер, мен төртке білемін, ал мына сен үштен артыққа білмейсің» – дегені бар деп айтқанын еске алыпты бір мерейтойда.

Қарағандыға Жайық аға 1957 жылдың басында келген. Әдебиетке, қоғамдық өмірге қайта оралысымен өзін жас кезінен жақын білетін ардақты ағалары Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов тарапынан үлкен сенім, зор қамқорлық көрсетілген. Оны 1958 жылдың басында Қазақстан Жазушылар одағының облысаралық бөлімшесінің жетекшілігіне тағайындаған. Бұл жұмыста табандай отыз екі жыл жасаған. Бұл бөлімше құрамына Ақмола, Павлодар, Көкшетау және Солтүстік Қазақстан облыстары да қараған екен. КСРО Жазушылар одағының мүшесі бола жүріп, Қазақстан облыстарын, Орта Азияны  және Орал мен Сібірді де  аралап шыққан. Орман-тоғайды, жер-суды, ескі қалаларды, адамдарды бұрынғы қалпында көрген. Жайлау, өріс өзгергенімен табиғат өзгермеген кез ғой… Осылардың бәрі, өмірден өзге де көрген-түйгендері, қағазға түскендері, кейін жазушылыққа қарай ойысқанда Жайық ағаға баға жетпес материал болған.

Кеңес үкіметінің іргесі бұзылмай тұрып-ақ, Жайық аға қалың жұртшылыққа республикада бірінші болып, өзі кезінде жастанып оқыған  Мағжанның «Батыр Баянын», Ахметтің «Қырық мысалын», Жүсіпбектің «Қартқожасын», Міржақыптың «Оян, қазағын» жария етіп, осы ардақты да, абзал ағаларымыздың ғибратты өмірінен көптеген құнды да, қызықты деректер жазған.

Ал, жариялылықтың алғашқы сәтінде «Ағалардың жазығы не еді?» деген көлемді де, деректі ащы шындықты баяндаған публицистикасы 1988 жылы «Қазақ әдебиеті» газетіне жарияланып, жыл қорытындысы бойынша газеттің лауреаты атанған. Жарық көрген шығармалары «Ақын мен арамза» поэмасы,  «Тайбурылдың өлімі» роман-өлең түрінде, тарихи очерктері «Таңба», «Дәлел мен дерек», «Үш Әлекең», «Сәкеннің соңғы сәттері» повесі, «Өрт пен дерт», «Ақиқаты осы еді», «Жол жоралғысы» өлеңдері, «Абайға алғыс», «Бақыт деген немене» және басқа да көптеген әдеби еңбектері. Мұнда Бұқар жырау, Тәуке ханның үрім-бұтақтары, Әбілхайыр ханның немересі Баймұханбет сұлтаннан бастап, Кенесары-Наурызбай дәуіріндегі елін-жерін қызғыштай қорғаған батырлар мен ғұламалардың бірлікке, ерлікке толы кезеңдері, сондай-ақ кейінгі Шәкәрім, Әлихан, Әлімхан, Міржақып, Ахмет, Мағжан, Нығмет, Жүсіпбектей тұлғалардың заманның қос өкпеден қысқан тар жол, тайғақ кешуіндегі отбасындағы, қоғамдағы, мемлекеттік деңгейдегі өрелі, өнегелі өмірнамалары, есінен кетпес сталиндік қуғын-сүргіндегі Жайық ағаның өзі және замандастары тартқан тағдыр тауқыметі және «Қозы көрпеш-Баян сұлу», «Батыр Баян», «Киік», басқа да аңыз, ертегі, қиссалардың түп-төркіні өзі туып-өскен Сарыарқа өлкесінен өрбуінің қыр-сыры, өзге де тарихи деректер нақты дәлелмен кеңінен суреттелген еңбектер. Сонымен қатар, Жайық аға көркем аудармаға да қалам тартқан кеңес және шетел жазушыларын орыс тілінен қазақ тіліне аударған. Бәрі де тарихшылардан, әдебиетшілерден, оқушылардан баспасөз беттерінде жоғары бағаланған.

Тарих үшін құнды қолжазба Жайық ағаның Ә.Ермековпен бірге болғандағы сан-алуан сүбелі әңгімелерінен жекелеген үлгі-нұсқа келтірсек:

«Қазақстан басшылары бізге қатемізді мойындасақ, кеңес құрылысына беріле қызмет етсек, жол ашық, кеңшілік болады, өзімізбен бірге тұтқында қалған өзге іні-ағаларымыз да осы жолға түседі дегендей емеурін білдіріп, кәдімгідей қолқа салды. Біз бұған иландық. Кейін осындай жолмен Ақаң, Мағжан, Жүсіпбек бәрі де босап шығады ғой деп ойладық. Осы ретпен мен алдауға түстім. Обалы нешік, Мұхтар інім өздеріңіз білетін белгілі хатқа  қол қойғысы келмеді. «Әлеке, түбі бұл үшін тарих алдында сіз өзіңіз жауапты боласыз» деп көпке дейін хатқа қол қоюға көнбеді. Мен оған: «Қарағым, не қылса да құрық екеумізге түсіп тұр ғой, сенің орныңа Жүсіпбек Аймауытовты да, Мағжан Жұмабаевты да алуларына болатын еді. Бұл да бір тағдырдың жазғаны шығар, түбі бір жақсылығы болар, бас тартпа» деп Мұхтарды зорлағандай көндірдім. Бірақ, артынша қатты өкіндім…»

Шіркін, жаратылысынан шыншыл, әділет жолынан таймайтын Әлімхан Ермековтің ауызекі естеліктерінде ғұлама інісінің 1932 жылғы абақтыдан шығардағы кісілігін, ерлігін, азаматтығын ешбір көлеңкесіз айтқан.

«…Ә.Ермеков ақсақал Қарағандыда, менің үйімде Сәбит Мұқановпен ашық әңгімелескенде, жоғарыдағы пікірді айтты. Тіпті, атақты жазушыға Ахметті, Жүсіпбекті, Мағжанды, Міржақыпты неге іздемейсіңдер деген өкпесін де сездірді. Алпысыншы жылдары оларды жоқтай қоятын ресми адамдар аз еді…»

Жайық аға күнделікті баспасөз беттерінде, теледидарда, жастар ортасында саяси қырғынның құрбаны болған еліміздің ардақты ұл-қыздары туралы үздіксіз жазып, сан алуан баяндамалар жасап жүрген. Күллі Арқа, облыстағы талапты жастарды әдебиетке баулып, қолында жиналған мол деректермен кеңінен бөліскен. Оның үстіне Омбыда, Қызылжарда, Ақмолада, Көкшетауда, Қарқаралыда, Баянауылда, Жезқазғанда, Қарағандыда, Қостанайда, Торғайда Шоқанға, Абайға, Ахметке, Балуан Шолаққа, Мәшһүр Жүсіпке, Бұқар жырауға, Біржан салға, Ақан серіге, Мағжанға, Сәкенге, Нығметке, халқымыздың өзге де көрнекті тұлғаларына ескерткіш аштыруға көп күш жұмсаған. Бұқар жырау жерленген жерді нақтылау, Құнанбай мешітінің жөнделуі, Балуан Шолаққа музей ашу және тағы басқа көптеген өнегелі істері болған. Көп білетіндігінің арқасында ол КСРО Бүкілодақтық Географиялық қоғамының мүшесі болып сайланған (1967 ж.). Қарағандыда Сәбит Мұқанов, Қапан Сатыбалдин, Тұрар Рысқұлов, тағы басқа атауларға және Қарағанды театрына Сәкен Сейфуллин есімін беруге де ат салысқан. Сонымен қатар, Жәкең Қарағандының серіктес қалаларының біріне Сәкен Сейфуллин есімін беруге де күш салған екен.

Жайық ағаның әдебиеттегі, қоғамдағы еңбектерін елі жоғары бағалады. Қарағанды қаласының Құрметті азаматы атағы берілді. Өзі тұрған үйдің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды, Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасына Жайық Бектұров аты беріліп, онда кабинет-мұражай ашылды. Қаламгердің құжаттары архив қорына алынды.

Қазақ халқының атақты қайраткерлерін көзі көрген, кейінгі ұрпақтың қалай өскенінің куәгері, өзі де қилы-қилы тар жол, тайғақ кешулерден өткен жазушы-журналист Жайық ағаның  құжаттары ел игілігіне жарауда. Жазған дүниелері тарихтың құнды құжаттарына айналды. Тарих өткен өмірді сөз еткенімен, бүгінге және болашаққа қызмет етері сөзсіз.

 

Ардақ ӘБДЕШОВА,

Қарағанды облыстық мемлекеттік 

архивінің  архившісі.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.