Басты тақырыпРуханият

«Бір еңкейткен секілді көкті жерге…»

      Қылта мойынға келген қыстың соңғы күні Қарағандыны жырға бөлеп кетті. Батар күннің бұлыңғыр мұнарын киген шаһар жырдың туын көтерген күйі ақпанды шығарып салды. Қаладағы қара шаңырақ – С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрында дүркіреп өткен Дәуітәлі СТАМБЕКОВТІҢ тойына әрісі Алматыдан, берісі Астанадан зиялы қауым өкілдері келіп, ақын атын жаңғыртып әкетті. Сонымен, маңызды білім беретін «Болашақ» колледжінің ұйымдастыруымен жалауын желбіреткен рухани кештің азды-көпті баяны осы жазбада.

Біз театрға маңдай тіресек, ақынды еске алу кешіне келген халықтың қарасы қалың. Жайшылықта жарнамасын жасап, арнайы сауын айттырған тойларға жиыла бермейтін жұрт бұл жолы иін тіресіп отырды. Жырға сусаған талғампаз оқырман нағыз ақынның тойына келмей қоймайтыны осыдан-ақ белгілі. «Алмас қылыш қын түбінде жатқан ба?».

Театрдың алдында кешке келушілердің көптігіне көңілі өскен Серік Ақсұңқарұлы тұр. Әр жақтан маңғаз басып, «Жұлдыз» журналының бас редакторы, ақын Ұлықбек Есдәулет пен Мағауия Сембай ағам шықты. Екеуі де кезінде, Дәуітәлінің соңынан ерген бауырлары. Ұлықбек ағаның Дәуітәлі жайлы жазған естеліктері қандай! «1972 жылы КазГУ-де үлкен поэзия кешінде қалың елдің көзінше Дәуітәлі «менің байқауымша, бүгінгі поэзия екі бағытпен дамып келеді. Бірі – азаматтық лирика, екіншісі – нәзік лирика. Алғашқысының негізін салған Маяковский, кейінгісінің бастауы – Есенин. Осылардың қайсысын таңдаған жөн? Егер, алда-жалда Совет үкіметі құлай қалса, Маяковский қоса құлайды. Сондықтан, оның жолы уақытша. Ал, Есениннің поэзиясы, мәңгілік. Сондықтан, мен осы соңғысын таңдадым» деп барып өлеңін оқып кетті» дейді Ұлқаш ағамыз сол естеліктерінің бірінде. Маңдайлары жарқырап алаштанушы ғалым, жазушы Тұрсын Жұртбай мен ақын Несіпбек Айтұлы шыға келді бір шеттен. Алматыда Дәукеңмен бір жүрген Несіпбек ағамыздың ұлы кейінде ақынның қызын алып, құдалы болса, Тұрсын көкеміз Алаш мұрасын зерттеп, зерделеген бірден-бір үлкен ғалым. Дәуітәлі Стамбековтің «Совет өкіметі Ақтоғайды неге жек көреді, білесіңдер ме? Ақтоғайға неге шойын жол тартылмаған? Совет өкіметінің үш қас жауы (Әлихан, Әлімхан, Жақып) осы топырақтан туған! Соларға кеткен өшін алу үшін бізді құс ұшып, құлан жортпас құладүзге қалдырып отыр!», – дегенін Серік Ақсұңқарұлы жазады. Осы сыпаттағы ойлар Дәуітәлі өлеңдерінің өн бойында ойқастап жүретінін «Әлихан мен Әлімхан, Жақып туып, Бір еңкейткен секілді көкті жерге» деген жолдарынан білеміз. Ақынның туған-туыстары мен жары және Астана, Алматыдан келген басқа да көзін көрген құрдастарымен бірге біз де кешті тамашалауға жайғастық.

Маңызды білім беретін «Болашақ» колледжі мен ұлт жанашыры, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, заңгер Нұрлан Дулатбеков ұйымдастырған ақынды еске алу кеші «Уақыт сөз беріп тұр бүгін маған» деп айдарланыпты. Әрдайым осындай өрелі істердің ұйытқысы болатын «Болашақ» колледжі мен Нұрлан мырзаға және колледж директоры Ғайни Мамыраеваға жырсүйер қауым «алғыстан басқа айтарымыз жоқ» деп кеу-кеу етеді. Кешті аталған колледждің оқытушысы, ақын Ілияс Мұқай жүргізді. Шарапатты шараның шырайлы өтуіне дәнекер болып, бел ортасында белсенділік танытып жүрген – осы жігіт. Дәуітәліні «Батыр бала Болатбек» деп жақсы көрген Мұқағали Мақатаевтың «Барлық ақын баласы бір ананың» дегені – осыдан байқалса керек.

Залдың шамы өшіп, кеш басталғанда, жарық нүктесі Дәуітәлі Стамбековтің төрде ілінген үлкен портретіне түсті. Кезінде телеарналар ақынның өз өлеңдерін оқығанын арнайы түсіріп, теледидардан көрсетсе керек. Видеокөрсетілімнен соны тамашаладық. Сахнаға студент жастар шығып Дәукеңнің бірнеше өлеңдерін оқыды. «Болашақ» колледжінің студенттері екен. Кеш барысында осылай бес-алтаудан шығып, ақын өлеңдерін бірнеше мәрте оқыды. Жарықтық жыр жампозының өлеңдері қандай! Оқыс ой мен асау сезім отты қайратқа ұласып, жан тебірентеді. Сахнаға сөз сөйлеушілердің көшін бастап, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, ақын Ұлықбек Есдәулет, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақиық ақын Серік Ақсұңқарұлы мен Астанадағы С.Сейфуллин мұражайының директоры, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Несіпбек Айтұлы шықты. «1977 жылы «Қазақстан пионері» газетінде Дәукеңмен қызметтес болдым. Ақкөңіл, аңқылдақ, ақ жүрек, бетке айтатын шыншыл, жүрегінде кір жасырмайтын нағыз ақын еді. Жанашыр, қамқорлығы өз алдына бір төбе. Шенеуніктердің қырыс мінезін көрсе, төбелесуге дейін баратын жарықтық. Бір бастығымен командировкаға кетіп, ақыры сонымен төбелесіп қайтқаны бар. Қазір ол белгілі азамат, атын айтпай-ақ қоялық. Біз Дәукеңмен ағалы-інілі болдық. Қазақстан Жазушылар одағы сәлем жолдап жатыр. Алла қаласа, алдағы уақытта Алматыда бір үлкен кешін өткізуге дайындалып отыр», деп сүйіншілеп, «Дәуіт-Әлі» деген өлеңін оқыды Ұлықбек Есдәулет. Ақынға жазған жырын оқып, сөз сөйлеген Серік Ақсұңқарұлы «Батырлар жыры, жыраулар поэзиясы, Абай, Мағжан, Қасым, Мұқағалилары бар қазақ поэзиясының босағасын аттап кіріп, өз орнын алу – жердің тартылыс күшін жеңумен пара-пар құбылыс. Қазақ поэзиясының төрінен орын алған Дәуітәлі дәл сондай құбылыс, классик ақын» десе, Несіпбек Айтұлы дүниеге бас қатырып көрмеген ақынның өмір-бақи өлең өрісінде жүргенін айтты. «Үй алу деген қиямет-қайым заманда жұмыс орнынан берген пәтердің кілтін алуды да ұмытып кетіп, Фарида екеуміз барып алғанбыз», дейді Несіпбек аға. Солай деп, соңында ақынның «Ұлы дала» өлеңін оқып берді. Дәуітәлі жырлап кеткен Ұлы дала Елін біз енді айтып жүрміз.

Қазақ ән өнерінде ойып тұрып орын алған «Таңғы тілек» әні Дәуітәлі Стамбеков­тің сөзіне жазылғанын бүгіндері біреу білсе, біреу біле бермейді. Алғашында Нұрлан Өнербаевтың орындауында тараған бұл туынды қазір елдің аузындағы танымал әндердің бірі. Қайырмасы «Сен дегенде, сен дегенде таңмен бірге ояндым» деп басталатын әнді осы жолы «Болашақ» колледжінің оқытушысы Әлия Түсіпбаева нақышына келтіріп орындады.

Кештің құрметті қонағы, қазақтың көрнекті жазушысы, драматург Роза Мұқанова «Менің Дәуітәлі ағатайым – Қарағанды, Ақтоғайдың ғана емес, қазақ дейтін қастерлі халықтың ұлы ақыны. Мен жетінші сыныпта оқып жүргенімде, ең алғаш шығармамды «Қазақстан пионеріне» бастырып, содан өле-өлгенше қамқорлық жасап, қанатының астына алып өтті. Оспанхан Әубәкіровпен өте жақын дос болғанын айтып, сол кісіден бір композитор жайлы естігенін жеткізді бірде. Оны «Композитор» деген атпен әңгіме қылып жазғаным бар. Кейін төсек тартып жатқанда, көңілін сұрап барып, «өлеңдеріңіз бар ма, кітабыңызды шығарайық?», – десем, «Жазушы» баспасында жиырма баспа табақ өлеңдері жатқанына 12 жыл болғанын айтты. Аталған баспадағы ақын Есенғали Раушановтан білсем, жағдайлары келмейтінін ескертті. Сол бойда ол кісіден өлеңдерді жинап алып, сол кездегі Мәдениет министрі Алтынбек Сәрсенбаевтың қолдауымен кітап етіп басуға жібердік. Оны естіген ағатайым «Жұмағым мен тамұғым» деп кітаптың атын қойып, қатты қуанды. Бірақ, ағатайыма кітапты қолына ұстауды жазбады. Дүние салып кетті. Бұл кісінің жасайтын уақыты енді келді», деп түйді сөзін. Сахнаға Роза Мұқановамен бірге көтерілген халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Абзал Бөкен Алматыдағы ғұмырының 14 жылы Дәукеңмен өткенін қаперледі. «14 жыл бойы екеуміздің қағаз, қаламымыз алмасып кетті десем, артық айтқандық емес. Өмірінің соңғы сәтінде маңдайынан сүйіп, ақтық сапарға аттандырып салдым» деп, ақынға арнаған өлеңін оқып берді.

Астана мен Алматыдан келген қонақтар лебізінің арасында жұрт жан құмарын студенттердің оқуындағы Дәуітәлінің жырларымен және әншілер – Дәуренбек Әркенов пен Дана Мақшонова салған әндермен қандырып отырды. Күміс көмей әнші Дәуренбек Әркенов ақын құрметіне Шашубайдың «Ақ қайыңы» мен Н.Айтұлының сөзіне жазылған Ақселеу Сейдімбектің «Дәурен-ай» әнін самғатты. Ақтоғай ауданының «Тоқырауын толқындары» ән-би ансамблі салған әндерге де ел тәнті болып, разылықпен қол соқты.

Ақын-жазушылардан кейін сөйлеген қаламгер-журналистердің көшін филология ғылымдарының докторы, профессор, жазушы Тұрсын Жұртбай бастап шықты. «Егемен Қазақстан» газетінің бұрынғы редакторы Жанболат Аупбаев, ардагер журналист, қоғам қайраткері Есет Сапуанов, прокурор, журналист Сәулебек Жәмкенов – бәрі Дәуітәлі жайлы дәмді-дәмді естеліктерімен бөлісті. Кеш соңында сөйлеген ақынның адал жары Фарида апайдың сөзі жүректі шымырлатты.

Ақтоғайда туған Алаш арыстарына жазған өлеңінде «Бір еңкейткен секілді көкті жерге» деп өзі айтпақшы, Дәуітәлі ақынның дәуірі енді басталды. Бұдан былай Қасым ағасының қасқа жолын жалғастырған қайран ақынның жырларын түсініп, бағалай алсақ, жарады.

Жәнібек ӘЛИМАН

Суреттерді түсірген

Р.ҚАБИДОЛДИН.

Роза МҰҚАНОВА, жазушы-драматург:

«Шығармашылық кездесудің де түр-түрі болады. Дәуітәлі ағаның туған жеріне барып ақын Дәуітәлі Стамбековпен кездесіп келгендей болдым. Осындайда ғажайып болады екен. Жып-жылы сезімнен өрілген ӨЛЕҢ оқылды. Бұл кездесу АҚЫНҒА деген сағыныштың мауқын басып, оқырман қауымды бір серпілтіп тастады. Қарағандылық бауырларға ризашылығымды білдіремін. Елінің азаматы Ілияс Мұқаев сынды ақынға алғыс айтамыз, аман болсын!»

Басқа материалдар

2 пікір

  1. Дәукеңнің ескке алу кеші ғажап өтті. Ілияс бауырымызға мың алғыс! Дәуітәлінің аруағы желеп-жебей берсін! Топырағыңнан айналайын, Ақтоғай!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button