Балқаш

Білім саласына – тың екпін

           Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауы дамыған 30 елдің қатарына кірудегі маңызды қадамдарды анықтап берді. Cоның ішінде «Адами капитал – жаңғырудың негізі» атты 7-ші міндеті – білім саласының қазіргі заманауи көкейкесті мәселелерін қамтып отыр.

Бүгінде Экономикалық Ынтымақтастық және Даму Ұйымы стандарттарына негізделген адами капиталдың сапасын жақсартуға байланысты көптеген іс-шаралар атқарылуда. 12 жылдық білім беруді кезең-кезеңмен енгізуді жүзеге асырудамыз. Мектептегі білім беру жаңартылған мазмұн және білім стандарттары бойынша жүргізілуде. Бұл шаралар Қазақстанға, біздің экономикамызға қызмет ететін кадрлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.

Сондықтан да, Жолдауда еліміздегі жаңа заман талаптары мен сұранысына сай білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажеттілігіне баса назар аударылып отыр. Ол үшін әлем елдерінің озық іс-тәжірибелерін екшелей отырып, жас ұрпақты функционалды сауатты етіп өсіру, өзгерістерге шапшаң бейімделе отырып, жаңа технологияларды  меңгеруге дайын болу  қажеттілігін барша мұғалімдер қауымы терең түсініп отыр.

Қаламызда жаңашыл мұғалімдеріміз білім мазмұнын жаңарту аясында  деңгейлік курстардан өтті. Олар өздерінің озық тәжірибелерімен бөлісіп және де мектептегі әріптестеріне қолдау көрсетуге бағытталған тренерлік курстарын ұйымдастырып, жаңа форматта жұмыс істейтін әріптестерінің  кәсіби деңгейін көтеруде атсалысып жүр.

Жолдауда әсіресе, математика және жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасын күшейту, оқушыларды ғылыми-зерттеу саласына, өндірістік-технологиялық ортаға кірістіру маңызды екені айтылған.  Бұл орайда лицейімізде оқушыларымыздың аталған пәндер бойынша білімін тереңдетіп, сапасын күшейту мақсатында  жоғарғы оқу орындарының оқытушыларын тарту, оқушыларды ғылыми жобалар жазуға терең бейімдеу, әр түрлі деңгейлердегі олимпиадаларға, республикалық және Ресейлік интернет олимпиадаларына қатыстырып, күрделі есептер шығаруға машықтандыру жұмыстары жүргізілуде. Математика, жаратылыстану пәндері мұғалімдері білімін көтерудің әртүрлі жолдарын пайдаланып,  облыстық, республикалық семинарлар мен форумдарға қатысуда.

Жолдауда  бүгінгі жастарды жаңа технологиялық қалыпқа дайындаудың маңызды шартының бірі ретінде  компьютерлермен, лабораториялармен және 3Д принтерлермен жабдықталған, барлық қажетті инфрақұрылымдары бар балалар технопарктері мен бизнес-инкубаторларының желісін құру керектігі айтылған. Бұл шараны жүзеге асырудың алғы шарттары қала мектептерінде қарастырылған. Мектептердегі робототехника кабинеттерінің жұмысы, «Болашақ инженерлер» жобасы бойынша жүргізіліп жатқан арнайы курстар жас ұрпақты ғылыми-зерттеу саласына және өндірістік-технологиялық ортаға ұтымды түрде кірістіруге бағытталған.

Елбасы қазақстандықтардың болашағы – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгеруінде екендігіне баса назар аударады. Бұл орайда лицейімізде   үш тілде оқытуды енгізу бойынша облыстық пилоттық жобаға енген мектептердің бірі ретінде  көптеген нақты  іс-шаралар жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, тіл мұғалімдерінің кәсіби шеберлегін арттыру үрдісі қарқынды жүргізілуде, ақпараттық, цифрлық технологиялардың қолданылуы қамтамасыз етілуде, жаратылыс тану бағытындағы пән мұғалімдерінің пәнді ағылшын тілінде жүргізудің 9 айлық курсын тәмамдап,  жоғарғы сыныптарда физика, информатика, химия, биология пәндерінің ағылшын тілінде оқытылуы қолға алынуда.

Елбасымыздың мұғалім мәртебесін арттыру мақсатымен білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен ұстаздардың лауазымдық жалақысын 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 30%-ға көбейту тапсырмасын баршамыз үлкен ризашылықпен қабылдадық. Бұл қоғамның козғаушы күші болып отырған ұстаздардың еңбегін бағалау, ұстаз беделін арттыру деп түсінеміз.

Қарлығаш РАХИМБЕРЛИНА,

Абай атындағы №2 лицей директоры.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button