Қарағанды

Білім ошақтарында – қарқынды жұмыс

Қарағандыдағы 25 мектеп пен балабақшадағы күрделі жөндеу жұмыстары шілденің соңында аяқталады. Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіров алматылық мердігер «КазСтрой group LDT» фирмасы жөндеу жүргізіп жатқан мектептер мен балабақшаларды аралады.

Қала әкімі «Гауһар» және «Айсұлу» балабақшалары мен №№57, 27, 58, 88 мектептер мен №1 және №3 гимназияларда болды.

Қала басшысы алдымен «Гауһар» балабақшасына барды. Былтыр бұл нысанда пластикалық терезелер орнатылып, бос тұрған ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Соның арқасында тағы бір топ ашуға мүмкіндік туды. Бұдан бөлек, балабақшаның қасбеті жөнделді. Қазіргі таңда балабақшадағы барлық жылу жүйесі алмастырылып, асханада, кір жуу бөлмесінде, сантехникалық торапта жөндеу жұмыстары атқарылуда.

«КазСтрой group LDT» компаниясы Қарағандының 17 білім мекемесінде шатырды, қасбеттерді жөндеу, ішкі әрлеу жұмыстарын өткізу тендерлерін ұтып алған. Осыған дейін фирманың жұмысына қатысты наразылықтар туындаған болатын. Қала билігінің жөндеу жұмыстарының сапасы мен жұмыскерлер қатарының аздығына көңілі толмады.

– Қазір біз барлық олқылықтарды жойдық. Жұмысқа немқұрайлы қараған қызметкерлерді жұмыстан босаттық та, жаңа адамдарды жұмысқа алдық. Сондай-ақ, біз штатты да кеңейттік. Егер, осыған дейін бізде бір нысанда 10 адам жұмыс істеген болса, қазір олардың саны 15-16-ға дейін көбейтілді. Жұмыстарды орындау мерзімі бойынша қалыс қалу бізде жоқ. Кей жерлерде белгіленген уақыттан бұрын бітіретін жоспарымыз бар. Шамамен жұмыстардың 80%-ын біз шілденің соңында бітіреміз, – деп сендірді «КазСтрой group LDT» фирмасының директоры Нұрдәулет Қаржау.

Бұған жауап ретінде Нұрлан Әубәкіров мердігерлерге алдын ала уәде бере бермей, орындалып жатқан жұмыстардың сапасына мән беруге кеңес берді.

– Кейде кейбір азаматтарды сөзден іске көшетін сәтте таппай қалып жатамыз. 15 тамызда тағы да қала мектептерін аралауға шығып, тексереміз. Сіздердің кестеге сай жұмыс жасағандарыңызға сол кезде көз жеткізетін боламыз, – деп ескертті мердігерге қала әкімі Нұрлан Әубәкіров. Сондай-ақ, аймақ басшысының тапсырмасы бойынша қолға алынған жұмыстардың жіті назарда тұрғандығын жеткізді.

–Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша біз қаламыздың барлық мектептері мен балабақшаларын қалыпқа келтіруіміз керек. Ол үшін жұмыстар үш кезеңге бөлінді. Алдымен жертөлелер, шатырлар, коммуникациялық желілерді жөндеу және терезе ауыстыру бойынша жұмыстар жүргізіледі. Келесі кезең – ішкі жұмыстар. Мұндай кезеңдер жөндеу жұмыстарына берілген уақыттың тығыздығымен байланысты. Негізі, ол 2,5 ай ғана. Жұмыстарды оқу жылы басталғанда жүргізу мүмкін емес. Себебі, мектептер мен балабақшалардың барлығы толық және де оқушылар мен тәрбиеленушілерді басқа мекемелерге уақытша тарату мүмкіндігі жоқ, – деп түсіндірді қала әкімі.

Қазір Нұрлан Әубәкіровтің де, білім ордаларының әкімшіліктерінің де мердігерлерге қатысты наразылықтары жоқ.

 Барлығы осы жылы Қарағандыда күрделі жөндеуден 25 мектеп пен балабақша өтеді. Ағымдағы жөндеу жұмыстары 31 оқу мекемесінде жасалады.

Қарағанды қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button