Руханият

Білім ордасында – бірегей шара

Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетінде облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесе ұйымдастырылған «Біз – көпұлтты халықпыз!» атты мерекелік іс-шара өтті.

Шараға қатысушылар қатарында аталған білім ордасының профессорлық-оқытушылар құрамы, этномәдени бірлестіктердің төрағалары, ғылыми-сараптамалық тобының мүшелері, студенттер, спортшылар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері болды.

Университеттің спорттық-сауықтыру кешенінде киіз үй тігіліп, білім ордасы ардагерлеріне арнайы дастарқан жайылған екен. Сондай-ақ, келушілер назарына Қазақстанда тұрып жатқан түрлі этностардың ұлттық тағамдары ұсынылды.

Мерекелік бағдарламаны аталған университеттің ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Ерқара Аймағамбетов жылы лебізімен бастап, барша қатысушыларды Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтады. Өз сөзінде, ол Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының қарарымен бұл мейрам Халықаралық мереке ретінде танылғанын тілге тиек етіп, маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, этномәдени бірлестіктердің атынан «Понтос» грек мәдени орталығының» төрағасы Д.Касапиди сөз сөйлеп, жиналғандарға Самарқанның көк тасы жібіген күннің шуағы мен шаттығын тіледі.

Шара барысында этномәдени бірлестіктердің қолданбалы өнер көрмесі ұйымдастырылып, қазақ күресі, арқан тарту сынды ұлттық спорт түрлері мен ойындары, Тұсаукесер рәсімі өткізілді.

Арқаның арқалы айтыскер ақыны Дидар Қамиев жырдан шашу шашып, арнау айтса, Абылайхан Жүсіпов сынды былғары қолғап шебері Наурыз мейрамы аясында өткізілген сайыстар жеңімпаздарына Алғыс хат пен бағалы сыйлықтар табыс етті. Мұнымен бірге, мерекеге қатысушылар алтыбақанда тербеліп, наурыз көжеден дәм татты.

Бағдарлама аясында «Вайнах», «Берегиня» және «Казачья вольница» сынды ұлттық ән-би ансамбльдері өз өнерлерін ортаға салып, көрермен көзайымына айналды.

Рауан ҚАБИДОЛДИН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button