Бас тақырып

Берекелі белестер бағдары

Басты құндылықты – Адам, оның қадір-қасиеті мен құқы, амандық-саулығы мен заңдық мүдделері ретінде айқындаған жетекші партия алдағы онжылдыққа 10 мақсатты көздеген бағдарлама жобасын әзірлегенінен бұқара хабардар. Бағдарлама жобасы еліміздің өңірлерінде талқыланып, ұсыныс-пікірлер де ескерілгені және анық. Кешегі күні бағдарламаны Саяси кеңес мүшелері мақұлдап, партия съезіне ұсынған-ды. Он жылда еңсеретін он мақсат нені көздейді? Эволюция кезеңінен толық өткен партия әлеуметтік модернизацияға мүдделі.

Сол Саяси кеңесте Партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев бағдарламаның негізінен әлеуметтік сипатқа ие екенін ерекше атады.

«Партия Төрағасының тапсырмасына сәйкес, партияның 2030 жылға дейінгі жаңа бағдарламасы дайындалды. Бұл құжатта Елбасының елімізді жан-жақты жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыруға партияның қосатын нақты үлесі мен жұмысы көрсетілген. Бағдарлама жобасы бастауыш партия ұйымдарының жиналыстары мен партияның аумақтық және аймақтық филиалдарының конференцияларында кеңінен талқыланды. Нәтижесінде құжат әлеуметтік сипатқа ие болып, азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталды» – деді Мәулен Әшімбаев.

Бүгінгі таңда әлеуметтік жаңғыру мәселесі – өзекті. Қазақстанның жаңа даму бағыты осы бағдарламада айқындалған. Аталған бағдарлама 5 институционалдық реформаға негізделген. «Біздің алдағы онжылдықтағы басты мақсатымыз – әрбір қазақстандықтың тұрмыс деңгейінің сапасын арттыру үшін елді жүйелі түрде жаңғырту» дейді. Ешкім де назардан тыс және қолдаусыз қалмауы керек. Бұл – партияның ұстанымы. Сөйтіп, партия әрбір қазақстандықтың өмір сүру деңгейін арттыру үшін елді жүйелі жаңғыртуды көздеп отыр.

Өңірлерде әбден талқыланған ұсыныстармен толыққан бағдарламаның он мақсатының діттегені – белсенді әлеуметтік саясатқа көшу, болашақтағы білімді барлық адамдар үшін қолжетімді ету, саламатты тұрғындардан мықты ұлт қалыптастыру. Сонымен қатар, халық тұрмысын жақсарту үшін экономиканың өсуі, қоғамның әл-ауқатының игілігі ретінде бизнесті қолдау, азаматтардың жайлы өміріне жағдай жасау, олардың мүддесі үшін мемлекеттің тиімділігін арттыру, жауапты азаматтардың үйлесімді қоғамын қалыптастыру, келешектің мол мүмкіндігі – жастарды қолдау, «Нұр Отан» партиясының ұзақ мерзімді саяси көшбасшы болуын қамтамасыз ету сынды қадау-қадау мәселелер бар.

Әр мақсат бойынша оған жетудің жолдары мен тәсілдері ұсынылды. Атап айтқанда, белсенді әлеуметтік саясатқа көшуге жету үшін партия тиімді және әділ әлеуметтік саясаттың жүзеге асуына мүдделі. Ол мүдде қамқорлықты қажет еткендерге ғана емес, барлық қазақстандықтардың лайықты өмірі үшін жағдай жасауды көздейді. Болашақтағы білімді барлық адамдар үшін қолжетімді етуде Қазақстанның әрбір мектебінде ІТ сыныптарын ашуға мұрындық болуды жалғастырмақшы. Бағдарламаның келесі мақсаты – мықты, дені сау, саламатты ұлт қалыптастыру.

«Медицина саласы соңғы 50 жылда сапалық тұрғыдан едәуір өзгерді. Ендігі міндетіміз – қазақстандық медицинаның ең жоғары әлемдік стандарттарға сай болуына ықпал ету. Азаматтарымызға денсаулық сақтау саласындағы үздік тәжірибеге қолжетімділікті қамтамасыз етуге көмектесу болып табылады» дейді «нұротандықтар». Сондай-ақ, партия қолжетімді және арзан несиелер, жастарға арналған ипотекалық несиелер бойынша сапалы өзгерістер жүргізуді қолдайды.

Сонымен, ұлттық мақсаттарға жұмылған жетекші партия съезінің ел келешегінің дамуына ықпалы зор болады деп күтілуде. Осы орайда, партияның он жылдықтағы миссиясы – елдік мұрат деуге негіз бар.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Back to top button