Белгілі қаламгер Төлеубай Ермекбаевтың аяулы анасы өмірден озды
Белгілі журналист, қарымды қаламгер, Қарағанды облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінің бұрынғы Бас редакторы Төлеубай Ермекбаевтың аяулы анасы Бәтеш Құдайымберлина 96 жасқа қараған шағында фәниден бақиға озды.

Қазаққа қарымды қалам иесін, арда азаматты сыйлаған алтын құрсақты анамыз өмірге он перзент әкеліп, бәрін де асырап-жеткізген ардақты жан еді. Қадір-қасиетімен, ақыл-парасатымен бір шаңырақтың ғана емес, бүтін бір елдің абыз анасы болды.
«Менің анам бір әулеттің ғана емес, Атасу ауылымыздың ардақты анасы еді. 1955 жылы Атасуда мектеп ашылғанда алғашқы ұстаздардың бірі болған. Кейін ұзақ жыл теміржол саласында жемісті еңбек етті. Атасу станциясының теміржол вокзалындағы билет кассасында жұмыс істеді. «Жұмақ ананың аяғының астында» деп бекер айтпаған екен. Қара шаңырағымызда анамыз отырғанда, үйіміз бізге жұмақтың төріндей еді. Жан-жақтан арсалаңдап келіп, бойымызға қуат, жүрегімізге шуақ жинап қайтатын едік», – деп жазды бүгін аяулы анасымен бақұлдасқан қаламгер ағамыз.
«Saryarqa Aqparat» ЖШС ұжымы Төлеубай Мансұрұлына, отбасына және барша жақын-жуықтарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтады. Еліне қадірі асқан Анамызды Алла-тағала алдынан жарылқап, жанын пейіш төріне оздырғай! Жаны жәннатта, тәні рахатта болсын!