Беделді ұйым – бізбен бірге
Елордада өтетін Көрменің басталуына, міне, екі аптадан аз уақыт қалды. Халықаралық шарада Біріккен Ұлттар Ұйымы да өз алаңын ашуды жоспарлап отыр. Ашылу салтанаты Халықаралық павильонның «Involvement Zone» аумағында өтеді.
«ЭКСПО» көрмесіне БҰҰ-ның тоғыз агенттігі, атап айтқанда БҰҰ ДБ (Даму бағдарламасы), ЮНЕП (Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі БҰҰ бағдарламасы), БҰҰ ЭСКАТО (Азия және Тынық мұхиты аймағына арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясы), ЮНЕСКО (Білім, ғылым мен мәдениет мәселелері жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымының мамандандырылған мекемесі), БЖКБ (БҰҰ-ның Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы комиссарының басқармасы), ЮНИДО (Өнеркәсіптік даму жөніндегі БҰҰ), ЮНИСЕФ (- БҰҰ Балалар қоры), МАГАТЭ (Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік) және БҰҰ Әйелдер агенттіктері (БҰҰ-ның Әйелдердің гендерлік теңдігі және олардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері жөніндегі құрылымы) қатысады. Бұл хабарды Қазақпарат таратып отыр.
Аталған Халықаралық ұйым таза және қолжетімді энергияны бүкіл әлем бойынша ілгері жылжыту саласында 70 жылдан астам тәжірибе жинақтаған. Бұйыртса, Көрмеде БҰҰ-ның аймақты тұрақты энергиямен қамтамасыз ету жұмысының нәтижесін көрсететін қондырғыларына көзайым боласыз.
Астанада өтетін Көрмедегі БҰҰ-ның Бас комиссары Джихан Султаноглу ханым осы тоғыз агенттікке өкілдік етеді.
Жалпы, БҰҰ Көрме барысында өз тарапынан ұйымдастырылатын және «ЭКСПО-2017» аясындағы бірқатар іс-шараларға белсенді түрде қатыспақ.
Мәселен, Қазақстан Қолөнершілері одағымен бірлесіп ұйымдастырылатын Қолөнершілер жәрмеңкесі, «Энергетиканың тұрақты дамуын қамтамасыз ету» тақырыбындағы баспасөз мәслихаты БҰҰ-ның Көрмедегі белсенділігін арттырары сөзсіз. Сондай-ақ, ұйым өкілдері Арнасай кентіндегі Жасыл Технологиялар Орталығына барады, «Болашақтың «ақылды» әрі тұрақты қалалары» атты арнайы сессиясына қатысады және көрме аясында БҰҰ күні өткізіледі.
Қуаныш АМАНҚҰЛОВ