Ресми

Баянды бастамалар жолында

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі  Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Қуаныш Елікбаев жұмыс сапарымен Қарағанды облысына келді. Жұмыс сапары аясында Қуаныш Нұрланұлы өңірдегі бірнеше ірі нысанды аралап, сынақ зертханаларына ат басын тіреді. Сонымен қатар, өңір әкімінің орынбасары Ермек Алпысовтың және мемлекеттік бақылау органдары мен кәсіпкерлік субъектілер өкілдерінің қатысуымен техникалық реттеу мәселелері жөніндегі өңірлік штабтың отырысына қатысты.

Қазақстанның индустриалды дамыған облысында техникалық реттеу мәселелеріне арналған сапар Қарағанды фармацевтикалық кешенінен басталды. Онда сынақ зертханаларын аккредиттеу, метрология, оның ішінде өлшеу құралдарын тексеру, стандартты үлгілерді дайындау, дәрілік заттарды таңбалау және қадағалау мәселелері, сондай-ақ «СТ-KZ» сертификаттау шеңберінде оқшаулауды тереңдету төңірегінде мәселелер қарастырылды.

Еске салып өтелік, Техникалық реттеу комитеті мен аккредиттеу, стандарттау, метрология,  сертификаттау жөніндегі органдар  зертханалар мен сарапшы-аудиторларға дейінгі барлық техникалық реттеу субъектілерінің міндеті – азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау үшін тауарлардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Алайда, аталған бағыттағы жұмыс­тың үйлесімді болмағы  алдымен барлық мүдделі тұлғалар арасында – бақылаушы ведомстволардың аумақтық департаменттерінің, бизнес пен тұтынушыларға дейін бірлескен өзара іс-қимыл және тұрақты диалогқа байланысты.

Осы мақсатта Қуаныш Елікбаев «Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығы» АҚ өңірлік филиалына, Саран қаласындағы «Qaztehna» ЖШС автобустар мен арнайы техника шығаратын ірі кәсіпорынға және Қарағанды экономикалық университетіне барды, онда студенттер мен оқытушылар құрамының толғандырған сауалдарына жауап қатты.

– Қоғамды толғандырып жүрген өзекті мәселелер бар. Мәселен, түрлі аттракциондар мен балалар ойын алаңдарының қауіпсіздігі. Өкінішке қарай, өз елімізде бүлдіршіндеріміз мұндай алаңқайларда жарақаттанып қалатын, не соңы қайғылы жағдайларға ұласып кететін жайттар азаймай тұр. Сондықтан, жергілікті атқарушы органдар Үкімет қаулысымен осы объектілерді пайдалану сатысында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыруға жауапты болып айқындалды, – деді спикер.

Ірі өнеркәсіптік және энергетикалық нысандар қауіпсіздігі де назардан тыс қалмақ емес. Екібастұзда, Риддерде орын алған оқиғалар стратегиялық маңыз арқалаған ошақтарда  заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету жөнінде тыңғылықты шаралар қабылдауды талап етеді. Облыс бойынша  департамент өкілдерінің қатысуымен жүргізілген тексеру нәтижесінде «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-на қарасты 7 шахтада және «Восточная» орталық байыту фабрикасында тексеру мерзімі өтіп кеткен  89 өлшеу құралы қолданылғандығы белгілі болды.

Сенімсіз өлшеу құралдары ауруханаларда да тіркелген. Өткен жылы осындай 4643 өлшеу құралын қолданғаны үшін 102 ауруханаға айыппұл салынды. Бұл дегеніміз – азаматтарымыздың денсаулығы. Яғни, осындай құралдарды қолдану арқылы қойылған барлық диагноздар күмәнді, әрі нау­қасқа тағайындалған емдеу де жалған болып шықпақ. Мұндай жағымсыз жағдайлар Қарағанды облысында да тіркелді. «Әкімдік пен құзырлы мекемелер бұл мәселені жеке бақылауға алғанын қалаймыз», – деді спикер.

– Бүгінде «1 сағат ішінде» тіркелмеген, сынамадан өтпеген сертификаттарды жылдам беріледі деп жарнамалайтын «көмекші» сайттар пайда болған. Бұған заң тікелей тыйым салған. Алайда, күн сайын мұндай сайттар жауыннан кейінгі саңырауқұлақша қаптап, заңдылықтың сақталуын тежейді. Мәліметтерге жүгінсек, Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі осындай 30 сайтты бұғаттады. Сөз соңында Қ.Елік­баев осы тәрізді «тегін олжа» опық жегізетінін жеткізді, әрі күрмеулі мәселелерде өңірлік штабтың тиімді жұмысына үміт білдірді.

Бұдан кейін ТРМК Төрағасы азаматтарды жеке қабылдап, өңірлік БАҚ өкілдеріне сұхбат берді және Saryarqa телеарнасының «Уақыт KZ» бағдарламасына қатысты. Онда сапардың қорытындысы, өңір жұртшылығына техникалық реттеудің мақсаттары мен міндеттері туралы айтылды.

Сапар қорытындысы бойынша Қарағанды облыстық ТРМК департаментінде кеңес өтті, оның барысында департамент директоры Бауыржан Қасымов филиалдың жұмысы туралы айтып берді және төраға биылғы жылға жаңа міндеттер қойды.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button