Балқаш

Баспана мәселесі шешілуде

   Балқашта жаңа екі үйдің құрылысы басталды. 45 пәтерлі бұл үйлер «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында қаланың 10-шы мөлтек ауданында бой көтеретін болды.

Құрылысшылар биылғы жылдың аяғына дейін іргетасын құйып, бірінші қабатын тұрғызуды жоспарлап отыр. Қазір құрылыс аумағында жер қазу жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жобасына жалпы 663 млн. теңге бөлінді. Биыл осы соманың 200 млн. теңгесі игерілмек. Қалған соманы кезең-кезеңімен бөлу көзделген.

Алдағы жылы қолданысқа берілетін жаңа баспанаға балқаштықтар «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы қол жеткізе алады. Нақтырақ айтқанда, депозит ашып, пәтер құнының 30 пайызын жинауы тиіс. Жаңа үйдегі пәтерлердің 1 шаршы метрі 90 мың теңгеге бағаланып отыр. Пәтер құнының 30 пайызы жиналса, қалған сома 6 жылдан 9 жылға дейін несие ретінде рәсімделеді. Жылдық мөлшерлеме 5 пайызды құрайды. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ мамандарының айтуынша, әр жыл сайын депозиттегі жинаққа мемлекеттен 20 пайыз және банктен 2 пайыз сыйақы түсіп отырады.

Қаладағы жаңа баспана құрылысы мұнымен шектелмейді. 2018 жылы аталмыш мөлтек ауданда тағы осындай екі үй тұрғызу жоспарда бар. Жаңа пәтер кілттері баспана кезегін күткен тұрғындарға жалға беріледі. Сондай-ақ, Қоңырат мөлтек ауданында бос қалған екі көпқабатты баспана қайта қалпына келтірілетін болады.

Айнұр КЕНДІРБАЕВА.

БАЛҚАШ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button