Теміртау

Балалық шақтың бал күні

     1 маусым – Балаларды қорғаудың халықаралық күніне орай, Теміртау қаласында да музыкалық оркестрлер мен ансамбльдердің шеруі ұйымдастырылды. Республика даңғылының бойымен жүріп өткен балалар шеруі орталық саябаққа келіп, мереке концерттік шараға ұласты.

Балаларды қорғаудың халықаралық күніне теміртаулықтар асқан ыждағаттылықпен дайындалыпты. Алайда, үлкен көлемде шара ұйымдастыру еш қиынға түспеген.

Шерудің әр сәтін қалт жібермеген балғындар өнерден де құралақан емес екенін аңғартты. Облыс бойынша өткен бұл шара 19 мың жас жеткіншекті қамтыған болса, Теміртау қаласындағы 30 мектептен 3 мыңға жуық жас өнерпаз қатысты.

Үрмелі оркестрлер мен би және хор ансамбльдері орталық көше бойымен жүріп өтіп, орталық саябақ жанына келіп тоқтады. Бұл жерде концерттік бағдарлама ұйымдастырылды, бүлдіршіндер ән салып, мерекенің мәртебесін көтерді. Көңілді, патриоттық әндер орындап, би билеп, көріністер қойып, балақайлар мерекеге шашуларын жолдады. Бір сөзбен айтқанда, әрбір жас өз шығармашылық жетістіктерін көрсетуге мүмкіндік алды. Республикалық акция еліміздің әр мектебін қамтыса, Білім және ғылым министрлігі мұндай шеруді жыл сайын өткізуді дәстүрге айналдыруды жоспарлап отыр.

Ал, Теміртау қаласы әкімдігі мен білім басқармасы мерейлі мерекеде мектеп ұжымдарын арнайы мақтау қағаздарымен марапаттады. Сондай-ақ, жыл бойы мерекелік шараларға белсенді қатысқан оқушылар мен колледждердің студенттеріне әкімдіктің атынан Алғыс хаттар табысталды.

Орталық саябаққа жиналған жастарды «ЭКСПО-2017» көрмесімен таныстыру мақсатында еріктілер 13 станция құрған. Олар балалардың қызығушылығын арттыру үшін қызықты ойындар мен түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Айтулы күнді достарымен бірге тойлап жүрген балақайлар саябақтың сәнін кіргізді. Ойын ойнап, мерекені қуанышты атап өтуге олар да ынтызар. Айта кетейік, бұл мереке әлем елдерімен 1949 жылдан бастап аталып өтуде. Балалар құрметіне арналған мерекеге үлкендер де айрықша көңіл бөлуде. Баршасы мерекені көтеріңкі көңіл-күймен, шаттанып тойлады. Бала көңіл маусымның шуақты мерекесінің мәнін, мәртебесін осылай асырды.

Салтанат ИЛЬЯШОВА

ТЕМІРТАУ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button