Руханият

Балқаштық бишілер Бас жүлдемен оралды

Алматы қаласында өткен «Pro танцы Kz» халықаралық байқауында балқаштық «Ақ маржан» би ансамблі Бас жүлдемен қатар тоғыз бірінші орынды иеленді.

 

Қазақстанның түкпір-түкпірінен, сондай-ақ жақын шетелден 60-қа жуық би ұжымы қатысқан байқауға балқаштықтар қазылар талқысына 10 би ұсынған. Олардың барлығы да төрешілер мен көрермендердің жоғары бағасына ие болып, жүлдеге іліккен.

– Біздің «Лотос» биіміз байқаудың Бас жүлдесін жеңіп алды. Оны ансамбльдің 11 мүшесі орындады. Олар орындау техникасымен, әртістігімен және костюмдерімен қазылар алқасының көңілінен шықты. Біз бұл байқауға бір айға жуық дайындалдық, салған күш-жігеріміз ақталды. Сонымен қатар, мен дайындаған тағы үш би  бірінші орынға ие болды, – деді ансамбль жетекшілерінің бірі Айзат Тоғайбаева.

 

Байқау қорытындысында кәсіби хореограф Айзат Тоғайбаеваның өзі «Үздік жетекші» номинациясымен марапатталған.

– Бұл номинация менің қыздарымның қажырлы еңбегінің нәтижесі. Оларсыз мен бұл жүлдені алмас едім. Менің әріптестерім де жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Олардың қатарында педагогтар Айман Баймамырова, Шырайлым Мәди, Мейрамкүл Бекбенбет бар. Олардың би нөмірлері де бірінші орынға ие болды, – деп атап өтті Айзат Тоғайбаева.

«Ақ маржан» ансамблінде 300-ден астам бала кәсіби бимен айналысады. Ұжым көптеген республикалық және халықаралық байқауларда бірнеше мәрте жеңіске жеткен.

Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ

Басқа материалдар

Back to top button