Балқаш

Балқашта жағдай тұрақты

5-6 қаңтар күні Балқашта қала тұрғындары бейбіт шеруге шығып, жергілікті билікке өз өтініштерін жеткізді. Тәуелсіздік және зауыт алаңына жиналған азаматтар бейбіт шеру барысында қордаланған мәселелерді көтерді. Ашуға бой алдырмады, арандатушылыққа, қақтығыстарға жол бермеді. Митинг кезінде зардап шеккендер болған жоқ.

Белсенді азаматтар қаладағы қымбатшылықты, шаһардың экологиялық жағдайын, өндірісте еңбек ететін жұмысшылардың еңбекақысын көтеру және олардың денсаулығына қатысты төленетін жәрдемақыны жолға қою керектігін алға тартты. Қала басшысы Ораз Тәуірбеков жиналған халықтың сұрағына жауап беріп, алаңға шыққан халық өз еркімен үйлеріне оралатын болса, оларға қатысты ешқандай шара қолданбайды деп уәде берді.

– Мен сіздердің өтініштеріңізді, ұсыныстарыңызды жерде қалдырмаймын. Әр айтылған мәселе қағазға түсіріліп, араларыңыздан арнайы комиссия құрамына адамдар алынады. Және осы алаңда айтылған мәселелерді бірлесе талқылайтын боламыз. Менің сіздерге әзірге, айтатын бір өтінішім бар. Білместікпен немесе әр түрлі себептермен осындай шараларға қатысып жүрген азаматтар қазіргі таңда өз еріктерімен арандатушылыққа ермей, үйлеріне қайтулары сұралады. Егер қазір өз еріктерімен тарайтын болса, қолданыстағы заң аясында ешқандай шаралар қолданылмайды. Өз тарапымыздан іс-әрекеттердің барлығы заң аясында қатаң бақыланып, жүзеге асырылады. Бейбіт шеруге шыққан адамдардың амандығы мен үшін маңызды, – деді Балқаш қаласының әкімі Ораз Тәуірбеков.

Бұдан кейін қала әкімдігінде белсенді азаматтармен жиналыс өтті. Онда жергілікті халықтың әлеуметтік-саяси жағдайын қарау бойынша комиссиясы жұмысын жалғастырады. Комиссия төрағасы Ораз Тәуірбеков осы кезге дейін көтерілген негізгі мәселелер шешімін табатындығын жеткізді. Сонымен қатар, уақытша шектеулерге түсіністік пен шыдамдылық танытқан балқаштықтарға ризашылығын айтып, жақын арада қалыпты өмірге оралуға тілектестік білдірді.

– Екі жақты келісім бойынша, проблемалық сұрақтарды шешу үшін, «Қазақмыс» корпорациясы мен жауапты мемлекеттік органдар құрамында жұмыс тобы құрылды және 6 қаңтардан бастап, жұмысқа кірісті. Талаптардың тізімінде 30 тармақ бар. Олардың 15-і «Қазақмыс» корпорациясы құзыретінде. Қалған 15 тармақ бойынша мемлекеттік органдар жұмыс істейді, – деді шаһар басшысы Ораз Тәуірбеков.

Айта кетейік, екі күнге созылған бейбіт шеру кезінде мыңдаған адам жиналды. Жергілікті жұртқа елдегі төтенше жағдайға байланысты талап-тілектер түсіндіріліп жатыр. Өңірде адам көп шоғырланбауы ескертіліп, коменданттық сағат енгізілді. Жағдай толық бақылауда. Қала өмірін қамтамасыз ететін барлық қызметтер штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Денсаулық сақтау, сауда-саттық, қоғамдық көлік, су, жылу және электрмен қамтамасыз етуші мекемелер үздіксіз қызмет көрсетуде.

Нұрдос КӘРІМ.

БАЛҚАШ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button