Балқашта тестілеу залы ашылды

Кез келген мекеменің тиімділігіне және жұмысының нәтижелілігіне әсер ететін басты факторлардың бірі – дұрыс кадрлық саясат. Кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру міндетін жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік қызметке үміткерлерді сапалы іріктеу талаптарын кеңейтуде.

Осындай талаптардың бірі – мемлекеттік және құқық қорғау органдарына жұмысқа тұруға үміткерлердің заңнаманы білу деңгейін анықтауға арналған тест тапсырудың қолжетімділігін жоғарылату.

27 тамызда қала әкімдігінің қолдауымен Балқашта тестілеу залы ашылды. Бұл іс-шара департамент басшысы, Әдеп кеңесінің төрағасы Айгүл Байханова және қала әкімі Ораз Тәуірбековтің қатысуымен өтті. Бұл – Қарағанды облысы бойынша аудандық деңгейде ашылып отырған алғашқы тестілеу залы.

Бүгінге дейін Балқаш өңірінің тұрғындары тестілеуді тапсыру үшін облыс орталығына келуге мәжбүр болатын. Бұл уақыт пен материалдық шығындарға әкеп соғатын. Өйткені, тест тапсырушылар 800-ден 1000 шақырымнан астам жолды жүріп өтулері керек.

— Балқаш өңірінде тестілеу залының ашылуы тестілеуге қатысуды айтарлықтай жеңілдетеді және осы мемлекеттік қызмет түрін алуда қол жетімділікті арттырады. Тиісінше бұл, мемлекеттік лауазымдарға өткізілетін конкурстарға қатысушылардың санын көбейтіп, іріктеу сапасын арттыруға ықпал етеді. Нәтижесінде, аймақтың мемлекеттік қызметін кәсіби мамандармен қамтамасыз етуге оң әсерін тигізеді, — деді Айгүл Байханова.

Тестілеу залының ашылуына қатысқан жастар да «бұл уақытылы жасалып отырған дұрыс қадам екенін, мемлекеттік қызметке түскісі келетін жастарға өте қолайлы жағдай жасалғандығын» атап өтті.

Сонымен қатар, Айгүл Байханова Балқаш қаласының Халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысып, «Нұр Отан» партиясының Балқаш қалалық филиалында азаматтарды және мемлекеттік қызметшілерді жеке сұрақтарымен қабылдау өткізді.