Балқашта хан ордасы тігілді

     «Еліміз – Алаш, керегеміз – ағаш» болғалы көшіп-қонуға қолайлы киіз үй ең алғашқы сәулеттік құрылысымыз саналған. Киіз үймен еліміздің дәстүрі мен мәдениеті де тығыз байланысты. Қазақ халқы батасын «шаңырағың биік, керегең кең, босағаң берік болсын» деп берген. Сонау ғасырлардан бізге жеткен киіз үй бүгінде Балқаш қаласында айрықша дәріптеліп отыр. Наурыз мерекесі қарсаңында шағын шаһарда 24 қанатты ақ үй тігілді. Мақсаты – қазақ этнопедагогикасының үлкен бір саласы қазақ халқының салт-дәстүрін ақ үй арқылы өскелең ұрпақтың санасына сіңіру.

«Алтын Үзік» деп ат қойып, айдар таққан төл баспанамызды қаланың төріне шығарған – «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС. Облыс бойынша бірінші рет тігілген ең алып киіз үйдің ені 11 метр, биіктігі – 7 метр. 2 қабатты үймен тең киіз үйді тұрғызғанда мамандар кранның көмегіне жүгініпті. Керегенің биіктігі – 2.5 метр. Уық саны үйге жайылатын кереге басының санына қарай 250 дана. Киіз үйді құру үшін Алматыдан арнайы мамандар алдырыпты. Көшпенділердің баспанасын тігу де оңайға соқпапты. Бірінші күні киіз үйдің кереге, уық, шаңырақ, сықырлауық, табалдырық, маңдайша, таяныш секілді негізгі бөліктерін құрыпты. Ал, екінші күні түскиіз іліп, басқұр, иін бау, жел бау, шашақ секілді жабдықтармен жасандырыпты. Бір айта кетері, бізге дейінгі жеткен жазбаларда хан ордасы 30 қанатты, ал, ханның отбасы тұратын үй 24 қанат болған деседі.

Бұл жөнінде киіз үйді құрастырушы Жұмахан Ұлышайда тоқталып өтті.

Ежелгі заманда 24 қанатты үйде ханның отбасы отырған. Бұл бүгінгі ұрпақ үшін таңсыққа айналғаны анық. 4-6 қанат үйлерді құруға 15 минуттай уақыт кетеді. Мұндай үйлерді бабаларымыз көшкенде түйеге артқан. Салмағы 300-400 келіге жуықтайды. 8 қанат үйді тігуге жарты сағат, 12 қанат үйге 2-3 сағат уақыт керек. Бүгінгі бой көтерген 24 қанатты үйді кемінде екі күн құрасың. Киіз үйдің жасау-жабдықтарын жауып, безендіру де үлкен өнер, – дейді Жұмахан Ұлышай.

Қазіргі кезде аталмыш киіз үйде Наурыз мерекесіне орай көрмелер ұйымдастырылуда. Сонымен қатар, киіз үйдің шығу тарихымен безендіру кезіндегі өрнектердің жасалу жолдары мен ұлттық үлгіде әрлеу тәсілдері және жиналатын жиһаздар мен тұрмыстық көне бұйымдар тамашалаушыларға таныстырылуда.

Нұрдос КӘРІМ

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.