Балқашта бақылау күшейтілді

Балқаш шаһарында жаһан жұртын үрейлендірген індетке қарсы күрес шаралары күшейтілді. Қоғамдық орындардың қызметі шектеліп, бизнес нысандары сақтық шараларын қолға алды. Бүгінгі күні еліміздегі төтенше жағдайда медицина және полиция қызметкерлеріне уақыт талабына сай жауапты міндеттер жүктелді.

Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында карантин енгізілуіне байланысты 19 наурыздан бастап қала қауіпсіздігі қатаң қадағалануда. «Алматы-Екатеринбург» автожолының қалаға кіреберісіне санитарлық-карантиндік бекет орнатылып, жолаушылар мен жүргізушілер медициналық тексерістен өткізілуде. Алдымен азаматтардың дене қызуы арнайы лазерлі аппаратпен өлшенеді және қажет болған жағдайда өзге де медициналық қызмет түрлері көрсетіледі. Одан соң, жолаушылардың бағыты мен олардың жақын арада өзге аймақтарда болған-болмағандығын анықтайды. Мамандардың айтуынша, күніне мыңға жуық көлік тоқтатылып, жолаушылардың денсаулығы тексеріліп, індет жайлы ақпарат беріліп отыр. Сонымен қатар, Балқаш аумағында медицина және полиция қызметкерлері күн сайын қонақ үйлер мен жалға берілетін пәтерлерге рейд жүргізуде. Шет елдерден оралған жерлестерімізді 14 күндік карантинге орналастыру шаралары да жүзеге асырылуда. Мамандар өңір тұрғындарын қауіпсіздік шараларын сақтауға және жауапкершілік танытуға шақырып отыр. Кейбір мекемелер онлайн режимге көшкен.

Аумағы 2 мың шаршы метрден асатын барлық ірі сауда орталықтары уақытша қызметін тоқтатқан болатын. Олардың қатарында «Балқаш» сауда үйі, «Волна», «Керуен» сынды сауда орталықтары мен қаланың орталық жабық базары бар. Бүгінде үкімет тарапынан шыққан барлық қаулы, ережелерге сәйкес, аталмыш азық-түлік сататын нысандардың қызметі қалыпты жағдайда жалғасуда. Жергілікті билік, кәсіпкерлерді негізсіз бағаны көтеріп, тұрғындар арасында алаңдаушылық тудырмауға шақырып отыр. Қазіргі жағдайда аты жаман індеттің таралуына байланысты сақтық шаралары талапқа сай атқарылуда.

Нұрдос КӘРІМ