Байтуовтың болмысы
№15 балалар кітапхана-филиалында М.Әуезов атындағы қалалық кітапханада ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында өлкеміздің тумасы, танымал айтыскер ақын Жәкен Байтуұлының туғанына 125 жыл толуына орай «Ақыннан дастан болып сөз қалады…» атты портреттік кеш өтті.
Кешке облыстық «Күй-керуен» шертпе күй орталығының жетекшісі Қ.Сәдуақасов, Қазақстан журналистер одағының мүшесі, республикалық «Қала мен дала» газетінің тілшісі Р.Шөкейқызы, «Лингва» шет тілдері колледжінің студенттері және кітапхана оқырмандары қатысты.
Ақынның өз қолымен араб қарпімен жазылған қолжазбаларын, поэма-дастандарын, әдеби көптеген мұраларын бір сөзін де өзгертпей, арабшадан аударған ұлы Ж.Жәкенов біраз жылдар бойы Шет ауданы, Талды ауылында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болған. Бүгінгі күні әкесінің шығармаларын жарыққа шығарумен айналысуда.
Шара өткізудегі тағы бір басты міндет – Қазақ ұлттық электронды кітапханасының қорына үлес қосу және толықтыру. Кітапхана мен автор арасында өзара келісім-шартқа қол қойылып, кітаптардың сандық жүйедегі электрондық көшірмесі Ұлттық электронды кітапхана қорына табысталатын болды.
Өз тілшімізден.
ҚАРАҒАНДЫ қаласы.