Бағдарлама – бұқараға мүмкіндік
Тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесі – елімізде қашан да жоғары орынға қойылып келгені анық. Кеншілер қаласы, Сәтбаевтың тұрғындары да «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасына белсенді түрде қатысуда.
«Жұмыспен қамтудың жол картасын» әзірлеуге Президентіміз Н.Назарбаевтың 2012 жылдың 14 желтоқсанында Қазақстан халқына жолдаған «Қазақстан – 2050 стратегиясы» себеп болды. Аталған құжатта Елбасы жұмыссыздықты әлемдік тұрақсыздықтың ең басты қауіп-қатері деп атап, елімізде жасалуы керек шараларды атап көрсетті. Ұлт Көшбасшысының айтуы бойынша, жұмысқа орналастыру республикада жүзеге асырылатын барлық бағдарламаларды қамтамасыз етуі керек. 2020 жылға дейін жоспарланған «Жұмыспен қамтудың жол картасы» әлемдік экономикадағы жағдай нашарлап кеткен жағдайда жедел жауап қату шараларынан, қазақстандықтарды өнімді түрде жұмыспен қамтуды қамтамасыз ететін жүйелі қадамдардан тұрады. Бұл – еңбек нарығын тиімді түрде арттыру, жұмыспен қамтамасыз ету, жұмысқа орналастыру, тұрғылықты жері бойынша өз ісін ашу және кеңейту. «Жұмыспен қамтудың жол картасында» тәжірибелік және пайдалы шаралар да қарастырылған.
Бағдарламаның бірінші, «Инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту есебінен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету» бағыты бойынша үстіміздегі жылы Сәтбаев қаласында екі жоба жүзеге асырылды. 45 млн. 421 мың теңгеге №19 жалпы білім беретін мектептің, «Сәтбаев қаласындағы орталықтандырылған кітапхана» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ғимаратының қасбетіне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Аталған жұмыстарға 2 миллион 367 мың теңге бөлінді. Екі нысанда да Жұмыспен қамту орталығы жіберген 26 адам еңбек етті. Бүгінгі таңда жобаларды жүзеге асыру аяқталды.
Сәтбаев қаласының жұмыспен қамту орталығының директоры Қазыбек Ашықбаев хабарлағандай, қыркүйек айында қаражат бөлуге қосымша өтініштер берілген. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасының бірінші бағытын іске асыру аясында екі жобаны жүзеге асыруға 16 миллион 800 мың теңге қажет. Бұл ақшаға жылу желілері қайтадан құрастырылып, «Жастар» спорт сарайына кезекті жөндеу жұмысын жүргізу жоспарлануда. Өтініш Ұлттық экономика министрлігінде қарастырылуда.
Сәтбаевтықтардың қызығушылығын тудырған кәсіпкерлік бастаманы ынталандыруға қатысты бағдарламаның екінші бағыты. Өз ісін ашу мен кеңейту үшін 2016 жылы 36 млн.теңге шағын несие беру жоспарланса, ол бағдарламаның 12 қатысушының арасында бөлінеді. Аталған уақытта 15 үміткер құжаттарын тапсырып, он адамға 27 млн. 500 мың теңге шағын кредит беру мақұлданды. Бес қатысушының құжатын «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның несие комиссиясы қарастыруда. Яғни, заң сараптамасы жүзеге асырады, кепілзаттық мүлік пен бизнес-жоспар қарастырылады. Шағын несие беруге арналған 8 млн. 500 мың теңге қалған айларда толықтай игерілетін болады.
Бағдарламаның сегіз қатысушысы кәсіпкерлік негіздері бойынша оқуға жіберіледі.
«Жол картасының» үшінші бағытының «Оқыту және жұмысқа тұруға көмек беру» бірінші компоненті бойынша кәсіпкерлердің сұранысымен 34 адам Сәтбаев индустриалдық колледжінде «Аспаз» және «Даяршы» мамандықтары бойынша қайта даярлаудан өтуде.
18 бен 24 жас аралығындағы жастар жылумен-сумен жабдықтау кәсіпорыны мен «Сәт Сәулет» ЖШС сұраныстарына сәйкес «Электр дәнекерлеуші» мамандығы бойынша оқуға жіберілді. Сәуір айында 37 қала тұрғыны «Құсайынов» ЖК, «Медебаева» ЖК, «Жантуринов» ЖК, «Бизнес Инвест Групп» ЖШС, «Заңғар KZ» ЖШС, «Ақ Ұлар» ЖШС, «Дәм» ЖШС кәсіпорындарында әлеуметтік жұмыс орындарын алды.
Кешегі студенттер де назардан тыс қалып жатқан жоқ. Колледждер мен жоғары оқу орындарын бітірген 25 түлек мамыр айында жастар тәжірибесінен өтуге жолдама алды.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы» болашаққа сенім береді, мамандық алғандар өз кәсіптерін ашып, жұмысқа орналасады. Ал, мұндай мүмкіндік – қай кезде де құнды.
В.Шипунов.
Сәтбаев қаласы.