Бағанға байланған бала

     Кейінгі кезде балалардың тағдыры қоғамға дүмпу салуда. Тасбауыр аналардың қоқысқа тастаған тастанды балалары елді дүрліктірсе, былайғы уақытта көшеде жолыңды кес-кестеп, қол жайып қайыр сұрайтын балалардың қатары да көбеюде. Кешегі күні әлеуметтік желіде Қарағандыда электр жарығының бағанына байланған төрт жасар қыздың қайыр сұрап тұрған суреті жарияланды. Әлеуметтік желіден оның фотосуретін көрген полицейлер жедел іздестіру жұмыстарын жүргізіп, балдырғанды тапты.

Қарағанды облысы ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Бақытжан Құдияровтың айтуынша, Қарағанды ІІБ ювеналды полиция қызметкерлері «Шығыс», «Алтын Арба», «Самал» сонымен қатар, екі сауда үйіне рейд жүргізген көрінеді. Рейдтік шара кезінде кәмелеттік жасқа толмаған, жол бойында қайыр сұрап жүрген төрт баланы кездестірген. Дереу балалар орталық полиция бөліміне жеткізілген. Балалардың үлкені 11 жаста болса, өзгелері 6 және 4 жасар қыздар мен 5 жасар ұл екендігін анықтаған.

Қыздардың үлкені 4 сәуір күні базар маңында қайыр сұрағандарын, аналары супермаркетке кіргенде, өздерінің қашып кеткендерін айтқан. Төрт жасар қыз арқан тауып алып, өзін бағанға байлап қоюды өтінген. Сол күні еуропалыққа ұқсайтын ер адам оларды суретке түсіруге рұқсат сұраған. Қыздар рұқсат бермеген. Бірақ, ер адам 50 теңге берген соң, суретке түсіруіне келіскен.

Бүгінгі күнде балалар Теміртаудағы кәмелет жасқа толмағандардың бейімделу орталығына орналастырылды. Полиция қызметкерлері балалардың ата-аналарын іздестіруде.

ӨЗ ТІЛШІМІЗДЕН

Сурет  интернеттен алынды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.