БАҒА ЖЕТПЕС БАРМАҚТАЙ «ТАС»
1978 жылы Жезқазған кен-металлургия комбинатының тарихиөндірістік музейі негізінде құрылған облыстық тарихи-өлкетану музейі облыс тараған 1997 жылдың 4 шілдесінен «Тарихиархеологиялық музей» деп аталады. Ұлытау-Жезқазған өңірінің даңқты тарихын насихаттауды мұрат тұтқан мекемеде 1988 жылы көне дәуірден қазіргі кезеңге дейінгі табиғаты мен тарихын бейнелейтін тұрақты экспозиция ашылды. Ондағы диорамаларды «Қазмузейреставрация» республикалық шеберханасы арнайы тапсырыспен дайындаған. Музей қорында 50 мыңға тарта жәдігер сақталған. Бүгінгі әңгіме қазақтың Қанышына қатыстысы туралы.
Ол – Қаныш Имантайұлы өз қолымен жазған сипаттамасы қоса сақталған «Гранат» минералы. Бармақтың басындай ғана, бірақ, баға жетпес қымбат қазынаға айналған осы бір бурыл тас көрнекті жерге қойылған. Басқаға бұйырмай, ғұлама ғалымның қолтаңбасы мен қымбат жәдігер мұнда қаңғалақтап қалай келген?
Музей қызметкері Еркебұлан Камалиевтің айтуынша, 2018 жылы қыркүйектің басында археолог, ғалым, Ә.Марғұлан атындағы археология институтының жетекші ғылыми қызметкері Антонина Сергеевна Ермолаевамен «Жанына археологияны серік еткен» атты кездесу өтеді. Сол кездесу кезінде құрметті қонақ музей қорына Қаныш Имантайұлының қолтаңбасы бар бір жапырақ қағаз бен «Гранат» минералын береді.
«Мұндай сирек жәдігерді сақтап, жұртшылықтың игілігіне айналдыруға бұл тарихи-археологиялық музей әбден лайық!» деген Антонина Сергеевна жәдігер жүріп өткен жолдың тарихын да тілге тиек етеді. Оны кезінде Қаныш Сәтбаев археолог Кемел Ақышевке беріпті. Ол ұлы Әлішерге аманаттаған. Ал, Әлішер оны Антонина Ермолаеваға ұсынып тұрып: «Жәдігер жоғалып кетпейтіндей бір музейге берерсің» деп өтініпті. Сол өтінішті орындаудың орайы осылай келіпті.
Ал, Қаныш Имантайұлының қара-көк түсті, ақ жолағы бар, астары сұр түсті матадан тігілген галстугін тарихи-археологиялық музейге Жезқазған қаласының тұрғыны Қарлығаш Сердалинова тапсырыпты. Оны 1983 жылы жасалған қабылдау актісі айғақтайды. Қарлығаштың әкесіне ол галстукті сол үйде қонақта болғанда Қаныш Сәтбаев сыйға тартыпты.
Музейден Қаныш Имантайұлының шағын (өлшемі: 28:18,5см.) дала сөмкесін де көрдік. Қоңыр түсті, іші үш бөліктен тұрады, тойтарма түймесі бар. Сондай-ақ, экспозициядан Қаныш Сәтбаев тапқан минерал: табиғи мыс, халькопирит, борнита, халькозин, малахит, азурит, гиалит, халцедон лайықты орын алған.
Негізі құнды әрі сирек кездесетін жәдігер мен коллекция жинаудың көзі – экспедиция. Музей қызметкерлері 1979 жылдан бері Ә.Марғұлан атындағы Орталық Қазақстан Археологиялық экспедициясының құрамында өңірде жүргізілген археологиялық қазба жұмысына белсенді қатысып келеді. Аймақ аумағын, ежелгі тұрақ пен қалашық орнын зерттеу арқылы туған өлкенің тарихы мен мәдениетін айқындайтын мәнді мәлімет жинады. Музей қоры мыс және қола бұйыммен, қыш ыдыс, тағы басқа археологиялық жәдігермен толықты.
Қысқасы, музейдің күнделікті тыныс-тіршілігі ілкімді ізденіс пен жағымды жаңалыққа толы.
Әлібек ӘБДІРАШ,
«Орталық Қазақстан»