Жезқазған

БҰЛАНТЫ БАТЫРЛАРЫНЫҢ ЕРЛІГІ ӨШПЕЙДІ

    Қазақ халқының тарихында Бұланты шайқасының алар орны ерекше. Оның маңызына тоқталған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Жоңғар армиясы мен қазақ жасағының 1727 жылғы Бұланты өзені бойындағы алғашқы ірі шайқасын алайық. Еуразияның жаңа тарихында өзінің ауқымы жөнінен сол қанқасап қырғынға тең келетін шайқас сирек»,– деп атап айтқан болатын. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» аталған осы бір кезеңде жоңғар шапқыншылығынан еліміз босып кетуге айналғанда дұшпанның бетін қайтарған алғашқы шешуші жеңіс болатын бұл. Биыл осы айтулы оқиға – Бұланты шайқасына 290 жыл толып отыр. Осыған орай, «Қазақмыс» корпорациясы» жанындағы Қ.Сәтбаев атындағы тарихи-өндірістік музейі және тарихи шайқасқа қатысқан батырлардың ұрпақтары бірлесіп тағлымды шараларға ұйытқы болуда. Сондай-ақ, Жезқазған өңірінде «Бұланты шайқасы» атты қоғамдық бірлестік құрылды.

Бұл шаралар барысында қазақ елінің тәуелсіздігін сақтап қалған батырлар рухына тағзым етумен қатар, халқымыздың басына қатер төндірген сын кезеңнің мән-маңызына барынша бойлай отырып, тың деректерді таразылауға да талпыныс жасалуда. Тарихымызда таңбаланғандай, 1723-1725 жылдары қазақ жерінің шығысы мен Жетісуді, Сырдарияның орта ағысына дейінгі өңірін басып алған жоңғарлар біртіндеп Ұлытауға қарай бет бұрғаны белгілі. Кешегі сақ патшалары мекендеген, ғұн көсемдері тәуеп еткен, Дешті қыпшақтың астанасы Орда-Базар орын тепкен Ұлытаудың аты әмсеге әйгілі. Қазақтардың қасиетті мекені, ежелгі саяси орталығы саналатын Ұлытауды басып алуды көздеуі бекерден-бекер емес болар. Жоңғар қалмағы Ұлытауды уысқа түсірсе арғы жағындағы Еділ қалмағымен қосылып, кеңінен тұтасатын еді.

Қазақ халқының басына төнген осы үлкен қауіп іштегі өзара қырқыстарды тоқтатып, бітістіруге себеп болды. Қазақтың үш жүзінің билері — Төле, Қазыбек, Әйтеке мұрындық болып, Ордабасында алқалы жиын өткізеді. Оған барлық хандар мен сұлтандар, батырлар қатысып, Әбілқайыр хан бас қолбасшы, Қанжығалы Бөгенбай батыр қазақ жасағының сардарбегі болып сайланады. Осылайша  анттасып жауға аттанған ғой. Жан аямай соғысқан сарбаздарымыздың ерлігінің қаһармандық рухы тарихшыларымызбен қатар  Үмбетай жырау, Ақтамберді жырау, Тәттіқара, Бұқар сияқты жырауларымыздың толғаулары мен дастандары арқылы кейінгі ұрпаққа жеткенін білеміз. Сөйтіп, Әбілқайыр ханның басшылығымен Бөгенбай, Қабанбай, Саурық, Жәнібек, Малайсары, Абылай батырлар бастаған қалың қол 1726-1727 жылдары жоңғар басқыншыларына қарсы қиян-кескі соғыс жүргізеді. Жауға алғашқы соққы Сарысудың батысындағы Шұбартеңізде беріледі. Мұның артынша Бұланты мен Білеуті өзендерінің арасындағы кең жазықта шешуші ұрыс болды. Онда қазақ жасақтары жеңіске жетіп, жоңғарларды Ұлытауға жеткізбей беті қайтарылады. Бұл оқиға тарихқа «Бұланты шайқасы» деген атпен енді. Майдан кіндігі болған төбе «Қалмаққырылған» атанды. Тарихи туындыларымен кеңінен танылған қаламгер Мұхтар Мағауин: «Егер Бұланты мен Аңырақайдағы жеңістер болмаса, Қазақ ордасы осыдан жүз жыл бұрын мүлде тозып, құрып біткен Ноғай ордасының  кебін киері анық-ты»,– деп жазғаны да есімізде. Не керек, осы бір шешуші кезеңде қазақ сарбаздары өздерінің нағыз қаһармандығымен танылды. Наурызбай, Саңырақ, Сеңкібай, Шақшақ Жәнібек, Бәсентиін Малайсары, Тама Есет, Тайлақ, Тарақты ер Байғозы сынды батырлардың ерен ерлігі аңыз болып айтылып, жыр болып төгілді. Кіші жүздің биі Байжанның жас өскін ұлы Сартай бастаған мың баланың жау шебінде атой салып, ерлік көрсеткен кезі де осы тұс болатын. Ал, ерлік істері мен есімдері  бертінде  анықталып жатқан батыр сарбаздарымыз қаншама.

Қазақ хандығының 550 жылдығы аталған жылы Бұланты шайқасы болған жерге ескерткіш-стелла орнатылып, осы өңірдегі батырлардың есімдері жазылған тасбелгілер қойылған болатын.  Бүгінде ол жерде Сүйіндік Жауғаш, Биғаш, Аралбай, Барлыбай, Төлек, Ұзын Қыпшақ Тілеулі бастаған 12 батырдың ескерткіші көзге түседі. Қазірде  олардың қатары көбейіп, көрнекі галереяға айналып келеді. Жақында тарихи шайқастың 290 жылдығына орай «Бұланты шайқасы» қоғамдық бірлестігінің ұйытқы болуымен Бұланты шайқасы ескерткішінің түбінде 11 киіз үй тігіліп, батырлар рухына арналып ас берілді. Оған олардың ұрпақтары де белсене атсалысты. Сахна құрылып, дала экранында «Алмас қылыш» кинофильмі көрсетілді. Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары Мақсұт Оспанов, Қ.Сәтбаев атындағы тарихи-өндірістік музейдің директоры Кенжал Балкенов, Қызылордадан келген Сағындық және Қалматай батырлардың ұрпақтары ерлік дастаны туралы әңгімені одан әрі өрбітті. Жезқазған қаласының Құрметті азаматы, ардагер журналист Көбейсін Еңсебаев батыр бабаларға арнаған өлеңін оқыды. Ерлік шежіресі толыға түсіп, Қыпшақ Түйте батыр­ға арналған ескерткіш белгі де сол күні салтанатпен ашылды. Ұлттық спорт түрлері бойынша ұйымдастырылған жарыстар да қызықты болды. Әрбір киіз үйде термешілер, әншілер салтанат сәнін ойын-сауықпен қыздырды. Табақ тарту дәстүрі дәріптеліп, Түркістан, Қызылорда өңірінен келген сыйлы қонақтарға батырлардың ұрпақтары шапан жауып, құрмет көрсетті.

Бұланты шайқасының 290 жылды­ғына арналған іс-шаралар мұнымен тәмам­далған жоқ. Бұл күндері арнайы ұйым­дас­тырылған «Бұланты шайқасы экспе­дициясы» қазақ-жоңғар соғысының ізі қал­ған жерлерді аралап, зерттеу жұмыстарын жалғастыруды мақсат тұтып жолға шықты. Жинақталған материалдар бойынша кітап шығарылмақшы. Көрме ұйымдастырылады. Іс-шара желтоқсан айында Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында қорытындыланбақшы.

Амандық РАХҰЛЫ.

 ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button