Бұл қойылым бұрынғыдан өзгеше

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Кеңес Жұмабеков 75 жасқа толды. Өнерге адал саңлақ жаңа жасын салтанатты банкет залында емес, сахнада, көрерменімен бірге қарсы алды. Сәкен театрында Беларусь драматургі Алексей Дудараевтің «Кеш» спектаклін сахналады. Бұл қойылым бұрынғылардан өзгеше. Мұнда бас-аяғы үш кейіпкер. Үшеуі де театр әлемінің мойындалған һас таланттары. Басты рөлде – Кеңес Жұмабеков. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Қазақ хандығы» тарихи сериалында Керей ханның образын сомдап, «Керей хан» аталып кеткен Қайрат Кемалов бар. Дарынды актриса, көрерменнің қалаулысы Нұржібек Жансүгірова да сахнада. Үшеуі бірдей шыққанда, залдағылар демін ішке тартты.

Спектакль соғыстан кейінгі қиын кезеңдерде шалғайдағы бір ауылда қалған үш қарияның өмірін баяндайды. Үшеуі де тағдырдың тауқыметін тартқан. Аштықты да, соғысты да көрген. Өлместің күнін кешкен жаны сірі пенделер. Үшеуі де балаларына керексіз болып қалған. Адамзаттың қыз-қыз қайнаған қоғамынан алшақ жатқан ауылда отырып, балаларынан хат-хабар күтеді. Бірақ, келмейді. Алысқа жәутеңдеп, күні бойы жол қарайды. Василий ақсақал (Кеңес Жұмабеков) «Балам әлгі геолог дей ме, бірдеме болып жұмыс істейді. Жердің үстінде әкесі жүргенде, астындағы байлықты неменесіне іздейді?» деп күйінеді.

Кейіпкерлер жарық әлемдегі махаббат пен сағыныш, зұлымдық пен тасбауырлық хақында ой қозғайды.

– Бұл – тағдыры трагедияға айналған бейбақтар туралы спектакль. Балаларына керексіз болып қалған қария­лардың мұң-зарын көреміз. Қазір қараусыз қалған қариялар көп. Қарттар үйіне барыңыз. Жүрегіңіз ауырады. Жастар осы қойылымнан тағылым алса деген тілегім бар. Аналар, әкелер жыламасын. Мына спектакль жоғары деңгейде өтті. Жақсы әсер алдым. Актерлер осы қойылымды жүрекпен, ыстық сезіммен ойнады, – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов.

– Мерейтойыма осындай сый жасап жатыр. Қуанышымда көрерменіммен қауышқаныма разымын. Құттықтағандарға алғысым шексіз. Мүмкіндігімізше осы қасиетті өнерге адал болуға тырысамын, – деді Кеңес Жұмабеков.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.