Бүгіннен бастап елімізде вейптерге тыйым салатын заң күшіне енді
Қазақстанда вейптерді сатуға және таратуға тыйым салатын заң бүгін күшіне енді.
Президент биыл 19 сәуірде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойған болатын. Бұл құжат бүгін күшіне еніп отыр.
Құжатқа сәйкес, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі енді 301-1-баппен «Темекі шегуге болмайтын темекі бұйымдарын, электронды тұтыну жүйелерін (вэйптарды), хош иістендіргіштер мен оларға арналған сұйықтықтарды айналымы» деген баппен толықтырылды.
Заңда шегуге келмейтін темекі өнімдерін, вейптерді, хош иістендіргіштерді және оларға арналған сұйықтықтарды сатуға, таратуға, сондай-ақ оларды жарнамалауға тыйым салынған.
Яғни вейптердің айналымы үшін бүгіннен бастап қылмыстық жауапкершілік көзделген:
Шегуге жатпайтын темекі өнімдерін, электрондық тұтыну жүйелерін (вейптерді), оларға арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтықтарды сату және оны таратқандар үшін 200 АЕК (2024 жылы – 738 400 теңге)мөлшерінде айыппұл салу немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не болмаса 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға жегу, не болмаса 50 тәулікке қамауға алу түрінде жаза қолданылады.
Шегуге жатпайтын темекі өнімдерін, электрондық тұтыну жүйелерін (вейптерді), оларға арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтықтарды тасымалдаушыларға, оны өндіргендерге 2000 АЕК-ке (7 384 000 теңге) дейінгі мөлшерде айыппұл салу немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не болмаса 600 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тарту, не боламаса екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе мүлкін тәркілей отырып (тәркілеусіз де) сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады.
Егер осы көрсетілген әрекеттер барысында олар: қылмыстық топпен қылмыс жасалса; аса ірі мөлшерде табыс табу мақсатын көздесе; қылмыс бірнеше рет қайталанса 5000 АЕК-ке (18 460 000 теңге) дейінгі мөлшерде айыппұл салу, не болмаса, сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, немесе 1200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, тағы болмаса бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, немесе мүлкі тәркілене отырып сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Айта кету керек, бұл шектеу хиттер немесе темекі қыздыру жүйесіне (IQOS, GLO, PLOOM, iFuse) қатысты емес.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА