БалқашБасты тақырып

Бүгінгінің батыры қоғамдық тәртіпті қорғаушы қатарында жүр

Несін жасырамыз, қорлық көрсек, қатыгездіктің құрбаны болсақ, қиындықтың қыспағында қалсақ, көктегі Құдайдан гөрі жердегі «қызыл жағалыға» жүгінеміз. Сол үмітіңді сайыпқыран сақшы ақтайды. Ал, біреу үшін бейбіт күнде басты бәйгеге тігіп, бейнетке белшеден батудың, өкінішке орай кейде өмірмен қоштасудың астарында тәлімгердің тағылымды тәрбиесі мен бөліскен тәжірибесі, жекебасының өнегесі жатыр.

Ішкі істер органы тәлімгерлері мен жас қызметкерлерінің кезекті VIIІ облыстық слеті биыл Балқашта өтті. Астананың 20 жылдығына арналған әрі ҚР ІІМ жариялаған “Бақытты балалық шақты қорғау жылына” орайластырылған іргелі іс-шараға облыстың түпкір-түпкірінде жақсы қырынан көрініп үлгерген жас қызметкерлер мен тәлімгерлер шақырылды.
Қалалық ішкі істер бөлімінің жаттығу алаңындағы тақтасына гүлшоғы қойылғасын, өз міндетін орындау кезінде опат болған полиция қызметкерін үш дүркін салют беріліп, бір минут үнсіз еске алды. ІІБ ардагерлері атынан сөз алған қалалық кеңес төрағасы Төлеузада Махметов аға буынның даңқты дәстүріне адал жастарға ризашылық білдірді.
Облыстық ІІД бастығының орынбасары полиция полковнигі Ардақ Ынтықбаев пен Балқаш қаласының әкімі Александр Аглиулинді отбасылық үлгідегі балалар үйінің ұжымы ыстық ықыласпен қарсы алды. Кездесудің мән-жайына тоқталған мекеме басшысы Дина Жамбекова жасаған сый-сияпаты үшін қонақтарға балалардың атынан алғыс айтты.
Мәдениет сарайының конференц-залында өткен дөңгелек үстелде Елбасының “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” мақаласынан туындайтын міндет аясында тәлімгерлікті өрістету мен орган қызметкерінің беделін көтеру тақырыбы төңірегінде салиқалы әңгіме өрбіді. Қоғамдық сананы жаңғырту және құқықтық мәдениетті қалыптастыруға қатысты ұтымды ұсыныс-пікір айтылды.
Басқосуда әсерлі әңгіменің өрістеуіне облыстық ІІД бастығының орынбасары полиция подполковнигі Ринат Сүттібаев, ІІД мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының басшысы Жанат Сембеков, Балқаш қалалық ІІБ бастығы полиция полковнигі Олег Цой жасаған қысқа да нұсқа әрі мазмұнды баяндама игі ықпал еткенін айта кеткен абзал.
Облыстық ІІД басшылығы мен Балқаш қаласының әкімдігі қылмыс қатарын кеміту мақсатында қалада жаңадан жедел басқару орталығын ашу мәселесін көтерді. Сонымен қатар бұл бағытта ІІБ бөлімінің қызметін жан-жақты көрсету, үлгілі жас полисмен мен ардагердің абыройын асқақтатуда жергілікті БАҚ-пен байланысты нығайтуға назар аударды. Сондай-ақ, еңбек және жауынгерлік даңқ музейі ашылады.
Қылмыскерді құрықтау мен қылмысты жедел ашуда, әкімшілік тәртіп бұзушылықты болдырмауда бейнебақылаудың алатын өзіндік орны бар. Қазір қалада жергілікті атқарушы биліктің қолдауымен 236 камера жұмыс істеп тұр. Шаһар басшысы Александр Аглиулин таяуда тағы 150 бейнекамера барлық мектеп ауласы мен ойын алаңына қойылатынын айтты.
Іс-шара барысында слетке қатысушының бір тобы ішкі істер қызметінің ардагері – жасы сексеннің сеңгіріндегі Мәдіхан Омарбеков пен алпыстың асқарындағы Жомартәлі Жәкенов ақсақалдың отбасына арнайы барып, бейнетінің зейнетін көріп отырған аға әріптеске алғыс айтып, лайықты сый-сияпат көрсетті.
Слетке облыстың барлық аймағынан жүзден астам тәлімгер мен жас қызметкер қатысты. Жас буынға жекебасының өнегесімен үлгі көрсеткен, мол тәжірибесі және теориялық білімімен бөліскен бірқатар білікті тәлімгер мен үйренгенін ортақ игілікке айналдырып үлгерген бір топ жас маман ақшалай сыйлықпен, грамота және Алғыс хатпен, атаулы қолсағатымен марапатталды.
“Бүгін біз қатарға қосылған жас маманмен жұмыс жүргізу нәтижесін сараладық, кадр іріктеу мен даярлау барысын қорытындыладық. Мұндай іс-шараны өткізудегі мақсат – жас полисменнің кәсіпқой ретінде қалыптасуын қамтамасыз етудегі тәлімгердің беделін көтеру мен жұмысын жетілдіру және тәжірибе алмасу, жұмыстың жаңа түрі мен тәсілін табу” деді, облыстық ІІД бастығының орынбасары полиция полковнигі Ардақ Ынтықбаев.
Слетке қатысушылар мен қала тұрғындары жергілікті өнерпаздар мен облыстық ІІД қызметкерлері әзірлеген концертті тамашалады.

Әлібек ӘБДІРАШ.
БАЛҚАШ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button