Бүгін дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың туған күні
Биыл қазақтың хас ақыны Қасым Аманжоловтың туғанына 112 жыл толып отыр. Ол 1911 жылы 10 қазанда қазіргі Қарағанды облысының Қарқаралы ауданындағы Қызыл деген жерде дүниеге келген.
Қасым Аманжолов – қазақтың аса ірі ақындарының бірі. Оның көркемдік-эстетикалық деңгейі жоғары, қазақ әдебиеті тарихында айтулы орынға ие шығармашылығы, негізінен, поэзиялық туындылардан тұрады. Ақынның әдеби мол мұрасын 7-8 поэмасы мен алуан тақырыптағы лирикалары құрайды. Қасым Аманжолов – көркем аударма өнерінің де үздік шебері. Ол орыс, Батыс пен Шығыс поэзиясының классикалық туындыларын: лирикалық өлеңдер мен поэма-дастандарын қазақ тіліне зор шабытпен аударды. Қ.Аманжолов – өзінің батыл ойлы, шыншыл да терең сырлы, дауылды поэзиясымен әр буын оқырмандар сүйіспеншілігіне ие болып, жас таланттарға өте күшті әсер етіп келе жатқан біртуар дарын.
Әке-шешесінен жастай жетім қалып, біраз жыл ағасының қолында өседі. Ес білген соң туған ауылында жаңадан ашылған ауыл мектебінде оқып, сауатын ашады. 1924 жылы Семей қаласындағы интернатта білімін жалғастырады. Қасым онда 1927 жылға дейін тәрбиеленіп, одан әрі үш жыл Семей мал дәрігерлік техникумында оқиды. Алғашқы өлеңдерін де осы кезде жаза бастаған. 1930 жылы Алматыға келіп, біраз уақыт «Лениншіл жас» газетінде істейді. 1931 жылы Ленинградтағы орман шаруашылығы институтына түсіп оқиды. Бірақ, денсаулығына байланысты және түскен оқуын да онша ұната қоймағандықтан, бірер жылдан кейін елге оралып, Орал қаласында «Екпінді құрылыс» газетіне қызметке орналасады. Осында жүріп, 1933 жылы Отан алдындағы борышын өтеп, әскерге барып қайтады.
Қасымның арынды ақын ретінде қалыптасуына Орал қаласының тигізген әсері ұшан-теңіз. Осы өңірде жүріп ол ең алғашқы алаулаған махаббат туралы, жалынды жастық жайындағы жырларын дүниеге әкелді. 1935 жылы Оралдың театр труппасын ұйымдастырып, оның жұмысын іскерлігінің, шығармашылық әлеуетінің арқасында дөңгелетіп әкетті. Бұл труппа тез өсіп, аз уақыт ішінде театр болып құрылды. Осы кездері ақынның әншілік, артистік қырлары кеңінен танылған болатын.
Ал 1936-1941 жылдары Қасым Аманжолов Алатау баурайындағы ару қала Алматыға барып, сол кездегі бас басылымдар болып саналған «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас» газеттерінде, Жазушылар Одағында қызмет атқарады. Осында жүріп, яғни 1938 жылы тұңғыш өлеңдер жинағын «Өмір сыры» деген атпен жарыққа шығарады.
Қасым Аманжолов тек лирик емес, сонымен қатар ірі эпик ақын. «Дүние қандай жап-жарық», «Сақыпжамал», «Күйім тасып барады, күйім тасып», «Жаным сәулем, еркешім, қызыл гүлім» атты өлеңдері Қасымның нәзік лирикасын танытса, «Ақын өлімі туралы аңыз», «Боран», «Біздің дастан», «Жамбыл тойында» атты поэмалары оның эпиктігінің дәлелі.
«Қасым поэзиясынан халық жанының батырлығын, жомарттығын, бауырмалдығын, мархабаттылығын, алғырлығын мол табамыз. Бұл поэзияның тәрбиелік күші де көбінесе осы жағында. Қасымның мейлінше жағымды, лепті, күйлі, сыршыл поэзиясы – әр ұрпақтың да көңіл серігі бола алатын, ұзақ жасайтын поэзия. Қасым халықтың жанына үңіліп, оның шаттығына бірге шаттанады, мұңына бірге мұңаяды… Қасым поэзиясы домбыраның сағағынан күмбірлеп сорғалаған қоңыр күйге ұқсайды. Бұл күйден көңілінің санасы барлар әрқашанда мол ләззат, нәр алып, кең тыныс табады. Қаншама тыңдасаң да жалықтырмайтын өміршіл күй бұл! Сезіміңді тереңдетіп, мейіріміңді молайтып, қиялыңа қанат қақтыратын, жаныңды шабыттандыратын Қасым поэзиясы жаңарған өмірге әржақты жараса бермек. Сондықтан да өлімнің құшағына симайтын ақындардың бірі өзіміздің Қасым деп білеміз», – дейді Қасым ақын туралы Тәкен Әлімқұлов.
Ақынның соғыс басталғаннан аяқталғанша қан майданда жүргенін барлығымыз білеміз. Басында Қиыр Шығыста тыныштық күзеткен қаламгер кейіннен батыстағы нағыз қан кешкен қырғынға аттандырылады. Қайсар Қасым жауынгерлік міндетін жан аямай атқарады, абыройлы болады. Қиыр Шығыс пен батыстағы майдан аралығындағы ұзақ сапар, атамекен – Қазақстанын қақ жарып өтетін жол әсершіл, ұшқыр қиялды ақын жанын қатты тебірентеді. Соның нәтижесінде «Орал», «Сарыарқа», «Байкал», «Өтіп бара жатырмын» тәрізді тек Қасымның ғана емес, сол кездегі бүкіл қазақ поэзиясының жетістігі болып саналатын өлеңдері дүниеге келеді. Ақын рухының бұл қуатты серпілісі майдан жырларына ұласып, мазмұн, тақырып, түр, көркемдік бейнелеу кұралдары, ой мен сезім тереңдігі жағынан жаңа сапа тауып, биік белеске көтеріледі. «Елге хат» (бес бөлімнен тұратын ұзақ толғау), «Ұлы күтіс», «Үстімде сұр шинелім», «Подполковник Әлпинге», «Қапанға», «Сәбитке», «Ғалиға жауап», «Қызғалдақ», «Сен фашиссің, мен қазақпын», «Дариға, сол қыз» сияқты хрестоматиялық өлеңдері мен әйгілі «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасы – соның айғағы. Осы поэманы Ғ. Мүсірепов қазақ поэзиясындағы жаңа бетбұрыс деп бағалады.
Майданнан оралғаннан кейінгі алғашқы жылдары Қасым журнал редакцияларында істейді, ара-тұра поэзия, ақындық өнер тақырыбына сын мақалалар жариялайды, өлеңді де өндіре жазады. «Достар», «Туған жер», «Құрбыма», «Сауыншы жеңгейдің жыры», «Домбыра», «Май келді», «Күйім тасып барады, күйім тасып», т.б. көркемдігі жоғары өлеңдерін ерекше атауға болады. Ақын 1947 жылдан бастап сырқатқа шалдығады. Соның өзінде сол жылы он шақты өлең жазып, «Біздің дастан» поэмасын бастайды. М. Лерммонтовтың «Маскарад» драмасын, А.Твардовскийдің әйгілі «Василий Теркин» атты ұзақ та күрделі поэмасын өте шебер аударады. 1948 жылы «Дауыл» атты жинағы жарық көреді. Осы жылдары Пушкиннің «Полтава» поэмасын аударады. «Балбөбек», «Нұрлы дүние» жинақтарын шығарады. 1952 жылы «Таңдамалы шығармалары» жарық көреді. 1954 жылы бүгінде жұрттың көбі жатқа білетін әйгілі «Өзім туралы» толғауын аяқтайды.
Қасымның өлеңдері «Гроза» деген атпен 1946 жылы, «Стихи» деген атпен 1949 жылы орыс тілінде жеке кітап болып басылады. Қасым Аманжолов ұзаққа созылған науқастан 1955 жылғы қаңтардың 17-сінде қайтыс болды.