БҰҰ – бізбен бірге
Астанада өтетін «ЭКСПО – 2017» Халықаралық көрмесіне Біріккен Ұлттар Ұйымы да жан-жақты қолдау көрсетеді.
Жуырда «Астана ЭКСПО – 2017» ұлттық компаниясының Басқарма Төрағасы Ахметжан Есімов «ЭКСПО – 2017» көрмесінің ұйымдастырушы кеңсесінде Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының көмекшісі, БҰҰ Даму бағдарламасы Еуропа мен ТМД елдері бойынша Өңірлік Бюросының директоры, БҰҰ «ЭКСПО – 2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесінің Бас Комиссары Джихан Сұлтаноглумен кездесті. Тараптар «ЭКСПО – 2017» көрмесіне қатысу келісімшартына қол қойды. Көрмеге әзірлік жобасын талқылады.
Ахметжан Есімов көрмеде БҰҰ экспозиялары ең үздік жобалар мен жетістіктерін көрсететініне сенім білдірді.
Джихан Сұлтаноглу Қазақстанның баламалы энергия көзін қолданудағы қадамына оң бағасын берді.
– Біз Нұрсұлтан Назарбаевтың жасыл технология орталығын ашу жайлы бастамасын қолдаймыз. Сонымен қатар, осы жобаға өз көмегімізді көрсетуге әзірміз. Тұрақты энергия тақырыбында бұл көрме Қазақстан үшін таптырмас мүмкіндік болатынына сенімдімін. Біріккен Ұлттар Ұйымы өз үлесін қосуға дайын, – деді Джихан Сұлтаноглу.
Қуаныш АМАНҚҰЛОВ