Руханият

БҰҚАРА ҚОЛДАСА, БИЛІК ҚАЙДА ҚАШАДЫ?.. немесе Әлімбеков аты неге елеусіз?

Имам ӘЛІМБЕКОВ туралы там-тұмдап қана білетінмін. Алаш арысы, ағартушы, мұғалім болған дегендей бірді-екілі мақалаға ұшырасқанбыз кезінде. Біз жете танып-білмеген тұлғаның қайраткерлік қыры көп екен. Жақында Қарқаралыға қарасты Бесоба ауылында Имам ӘЛІМБЕКОВ салдыртқан мектеп күні бүгінге дейін тұр дегенді естіп, таң қалдым… «Алаш» партиясының белсенді мүшесі, Алашорда үкіметінің көшбасшыларының бірі, публицист, ағартушы, педагог Имам ӘЛІМБЕКОВ бас болып салдыртқан мектеп күні бүгінге дейін тұрған көрінеді, сонымен…

ҚЫЗЫЛ ТУДАН – ИМАМҒА КӨШЕЙІК

Басқа облыстарды айтпай-ақ қоялық. Әуелі өзімізден бастайық. Қарағанды аймағында осы күнге шейін Алаш арысы Имам Әлімбеков атына берілген бір де бір көше не мекеме көрмеппіз. Сіз көрмесеңіз? Қайдан көресіз, заманы тар бола тұра, қашқылықты-қуғылықты жүрсе де мектеп тұрғызып, Алаш балаларының көзін ашқан қайраткер атына өз мектебін қимай отырғанда? Қазір дәл Қарқаралыны айтпағанда, өзге аудан я облыс орталығынан Әлімбеков атына көше не әлдеқандай нысан сұрай қалса, «оның кім?» деуі кәдік. Себебі, ұлт тарихына біржола ден қойған, көзі қарақты қауым болмаса, екінің бірі бұл есімді біле бермеуі мүмкін. Жергілікті тарихшы, өлкетанушы, журналистердің авторлығымен кезінде облыстық газет-журналдарда бірдіекілі мақалалар жарияланғаны болмаса, Әлімбековтің соңына шырақ алып түскен зерттеуші де кем де кем. Қарағанды көлемінде тұлға туралы әр жылдарда үздіксіз жазып жүрген зерттеуші – экономика ғылымдарының докторы, профессор Рашит Каренов. Бұл кісі 2000 жылдардың басынан бері әр жылдарда «Орталық Қазақстан» газеті мен кезіндегі «Азия транзит» журналына Әлімбеков туралы біраз материалдар жариялап, біз қопсытып отырған мәселені баяғыда көтеріп үлгерген екен. Түбегейлі зерттеліп, қолға алынбағандығынан, имамтанушылардың жоқтығынан да болар, ашық дереккөздерінде оның туған жылы да әртүрлі көрсетіліпті. Ғаламтордағы кейбір деректер 1885 жылы туды десе, кейбірінде 1883 жыл көрсетілген. Ал, кейбір мақалаларында Алаш арысының ұрпақтарына дейін тоқталып, қайраткерлік жолын барынша ашып жазған Рашит Каренов Имам Әлімбеков 1883 жылы Қарқаралы уезі, Ақсары болысы, Уақ қыстағында туғанын айтады. Қазіргі атауы Бесоба селолық округіне қарасты Қызыл Ту ауылы болса керек. Бұл ауылды көнекөз үлкендері онсыз да Имам ауылы атайтын көрінеді. Әзірге біз білетін жалғыз имамтанушы Рашит ағамыз осы мәселені 2004-2006 жылдары газет-журнал бетінде көтеріпті. Біз де қосыламыз. Қызыл туды жалау еткен советтік қоғам құлағалы қайда?! Қазақ баласын азаттыққа бастаған және бүгінгі тәуелсіздіктің іргетасы – Алаш рухына енжар қарайтынымыз осыдан-ақ байқалады, білгенге. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш көсемдерімен мүдделес қана емес, істес боп бірге жүрді ме, демек Имам Әлімбеков те біртуар деген сөз. Ол туған, істеген, ол салдырған, бір сөзбен айтқанда, саусағының ұшы тиген жер сол кісінің есімімен аталуы тиіс. Өйткені олар (Алаш арыстары) Отан алдындағы қасиетті борышын артығымен орындап кеткен шаһидтер! Басқа емес, қазақ үшін, мына біз үшін атылып кеткенін әрдайым есте сақтауға тиіспіз. Қызыл ту құлағалы Имамға жүгінсек, баяғыда сөйтер ек, әрине.

ӨЗІНІКІН ӨЗІНЕ ҚИЯЙЫҚ…

Былтырғы жылдың соңында Қарағандыдағы біраз мектепке Алаш арыстары мен ұлтымыздың көрнекті тұлғаларының есімдері берілді. 1924- 1926 жылдары қабырғасы қаланып, 1927 жылы Бесобада ашылған мектепті Имам Әлімбеков салдырғаны басы ашық іс болса керек. Рашит Каренов, басқа да журналист, дерекшілер солай жазады. Бұл мектепті Имам Әлімбеков кезінде Ахмет Байтұрсынұлының нұсқауымен салдырғаны жөнінде де айтылып қалып жүр кей деректерде. Қарқаралы, Семейде Имекең Ахаңдармен бірігіп қызмет еткені туралы мәліметтер аз емес. Тіпті, Р.Каренов: «Имам Әлімбеков саяси күрескерліктің алғашқы сабағын осы Қарқаралыда А.Байтұрсыновтан алды. 1905 жылғы революциялық оқиға кезінде ол Қарқаралыдан шеруге қатысқандар қатарында болды. Қарқаралыдағы митингіде 14,5 мың адам қол қойған Россия Министрлер кеңесінің төрағасы С.Виттенің атына жолдаған петицияны Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсын, Жақып Ақбаев, Имам Әлімбеков сияқты ұлттық-демократиялық қазақ зиялылары дайындағаны айдан анық» – дейді.

Кезінде Имам Әлімбеков басшылығымен бой көтерген қос қабатты білім ошағының ғимаратында қазір ауылдық аурухана орналасқан көрінеді. Мейлі. Ғимарат ішіне не орналасса да, әлі күнге халық игілігіне жұмыс істеп келеді деген сөз. Аурухана боп тұра берсін делік. Бірақ, ауылдағы мектеп атына Имам есімі неге берілмейді? Бұл кісі білуімізше, Бесобада ғана емес, Қарқаралының Милыбұлағында, Егіндібұлақта, Ақтоғайда мектеп және басқа мәдени ошақтар ашуға ұйытқы болыпты. Алашорда үкіметінің салалық ісін жүргізуші министр іспетті тұлға ғой. 1920-1930 жылдары саяси қызметтерінен бөлек, Қарқаралыдағы педагогикалық техникум негізін қаласып, оның тұңғыш меңгерушісі қызметін ұстағанын айтса да жеткілікті шығар. Мұны айтпағанда, Бесоба ауылындағы өзі салдырған мектепке атын беруді ойланып әлі отырғанымыз ұят. Біз айттық, бұқара қолдаса, билік қайда қашады?..

СУРЕТТЕ: солдан оңға қарай отырғандар – Мұхтар САМАТОВ, Ахмет БАЙТҰРСЫНОВ, Имам ӘЛІМБЕКОВ.

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Back to top button