Бұқар жыраудағы жылқы ауруы: сынама қорытындысы шықты
Бұқар жырау ауданы, оның ішінде Үміткер мен Төрткөл ауылының жылқыларынан белгісіз бір дертке шалдығып, қырылып жатқанын бұған дейін жазған болатынбыз. Соған байланысты облыстық аумақтық инспекция мамандары жылқылардан арнайы сынама алды. Бүгінде биологиялық сынамаларды зерттеу нәтижесінде жылқының эпизоотиялық лимфангиті расталды. Одан бөлек, Қарқаралы ауданы, Ынталы ауылдық округі, Ынталы ауылында жылқылардың эпизоотиялық лимфангит ауруына күдік тууына байланысты алынған биологиялық сынамаларды зерттеу нәтижесінде жылқының эпизоотиялық лимфангитіне расталды.
Үміткер ауылы карантинге жабылғалы 185 бас жылқы малы жойылған. Бүгінгі таңда 12 бас оқшау тұр. Ал, Төрткөл ауылында – 22 бас, Үлгі ауылында – 11 бас оқшау тұр. Бұқар жырау ауданы, Үміткер ауылдық округі әкімінің шешімімен Үміткер ауылдық округі аумағына, соның ішінде жылқы жайылымына карантиндік іс-шаралар белгіленді.
– Карантин іс-шаралары барысында ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің «Республикалық эпизоотияға қарсы отряды» тарапынан әр 15 (он бес) күн сайын аулаларды дезинфекциялау жұмыстары мен ауру жылқыларды анықтау мақсатында әр 5 (бес) күн сайын үйірлерге клиникалық тексеру жүргізілуде. Қолайсыз пункттен карантин соңғы ауру жануарды жоюдан, жылқыларды қорытынды клиникалық тексеруден, қора-жайларды тазалап, дезинфекциялаудан кейін 3 айдан соң алынады – делінген хаттамада.
Ал, Ынталы ауылындағы «КАЗПРОМ Корпорация» ЖК иелігінде 10 бас жылқы тіркелген. Қарқаралы ауданы Ынталы ауылдық округі әкімінің шешімімен Ынталы ауылы аумағына, соның ішінде жылқы жайылымына карантиндік іс-шаралар белгіленеді.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz