Руханият

Қазақстандық туындылар әлем төрінде

Аустралияда Asia Pacific Screen Awards азиялық киносайысында қазақстандық үш фильм жүлдегерлер қатарынан табылды. Олар – режиссер Асхат Кучинчерековтің «Бауырына салу», Дархан Төлегеновтің «Ағайынды» және Айсұлтан Сейітовтің «Қаш» картиналары. Бір айта кетерлігі – үш фильм де режиссерлердің тырнақалды туындылары.

Отандық фильмдердің екеуі «Бауырына салу» мен «Ағайынды» ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының көмегімен түсірілген. Оның ішінде, «Бауырына салу» «Үздік жастар фильмі» аталымын жеңсе, «Ағайынды» картинасында басты рөлдердің бірін сомдаған Айбар Салы мен Әлішер Исмаилов «Үздік жаңа қойылым» жүлдесіне ие болды. Ал, «Қаш» туындысына «Үздік операторлық жұмыс» номинациясы бұйырды.

Үш картинада қазақ басынан өткерген нәубетті жылдар мен тағдыр тауқыметін тартқан жандардың өмірін суреттеген. «Бауырына салу» фильмі сәби кезінен әжесінің тәрбиесін көрген баланың оқиғасын баяндайды. Туындының тұсауы осы жылы Испанияның Сан-Себастьян қаласында өткен беделді кинофестивальда кесілген болатын. Ол «Жаңа режиссерлер» бағдарламасында көрсетілді.

Ал, «Ағайынды» фильмі өткен жылы Германиядағы Oldenburg International Film Festival фестивалінде «Кино рухы» сыйлығын жеңіп алды. Биылғы сәуір айының бағалауынша, Қазақстанның киносыншылар қауымдастығы бұл картинаны 2022 жылдың «Үздік драмасы» деп таныды. Сонымен қатар, «Ағайынды» кинотуындысы – Италия, Ресей, Өзбекстан, Қытай, Испания және Болгариядағы халықаралық кинофестивальдарда 10 марапат иеленді.

«Қаш» фильміне келсек, ол – сонау қа­зақ даласындағы 30-шы жылдардағы ашаршылық кезіндегі халықтың қиын тағдыры туралы баяндайтын өте күрделі картина. Кино желісі бойынша, қабір қазушы Исатай өз ауылын құтқару үшін қауіпті миссияға барады. Алайда, жолда оған кезбе кездесіп, оны адастырады. Фильмнің режиссері Айсұлтан Сейітов жазда Шанхай халықаралық кинофестивалінде осы жұмысы үшін «Үздік режиссер» номинациясын жеңіп алды.

Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button