Қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы артты
Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығының артқанын хабарлады.

– 2024 жылы Қазақстан Республикасы халқының туғандағы күтілетін өмір сүру ұзақтығы 75,44 жасты құрады, бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 75,09 жыл деңгейінде болған.
Қалалық жерлерде өмір сүру ұзақтығы ауылдық жерлерге қарағанда жоғары, сәйкесінше 76,14 және 74,26 жас.
Гендерлік тұрғыдан алғанда, 2024 жылы әйелдердің күтілетін өмір сүру ұзақтығы 79,42 жас (2023 ж. – 79,06), ерлер арасында 71,33 жасты (2023 ж. – 70,99 жас) құраған, – делінген Ұлттық статистика бюросының ақпаратында.
Туған кезде күтілетін ең жоғары өмір сүру ұзақтығы Алматыда тіркелген – 78,78 жас, ең төмені Ұлытау облысында – 72,48 жас. Туғандағы күтілетін өмір сүру ұзақтығы – бұл белгілі бір жылы туған адамның орташа өмір сүру ұзақтығын көрсететін статистикалық көрсеткіш, бұл ретте ұрпақтың бүкіл өміріндегі өлім-жітім деңгейі осы көрсеткіш есептелген жыл деңгейінде өзгеріссіз қалу шарты бар.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА