«Қазақстан темір жолын» толыққанды көлік-логистика компаниясы етіп қайта құру жұмысын жуық арада аяқтау қажет
Бақылауды күшейтіп, жаңа нормативтік құжаттар қабылдау керек. Бұл туралы Қазақстан халқына Жолдауын жариялау кезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
– Стратегиялық маңызы бар міндеттің бірі – көлік-логистика саласының әлеуетін толық пайдалану. Қазір әлемде жаңа экономикалық кеңістік қалыптасып жатыр. Қытайдан Еуропаға, Ресейге, Орталық Азияға және осы аймақтардан Қытайға жіберілетін тауар көлемі айтарлықтай көбейеді деген болжам бар.
Қазақстан солтүстік пен оңтүстікті, батыс пен шығысты байланыстыратын жаһандық жолайрықта орналасқан. Бұл біздің елімізге зор мүмкіндік беріп отыр. Сондықтан көлік-логистика саласы экономикамызды алға бастайтын басты күштің біріне айналуға тиіс. Қазір бәсеке күшейіп тұр. Осыған орай бірқатар маңызды мәселені шұғыл шешу керек.
Ең алдымен, «Достық-Мойынты», «Бақты-Аякөз», «Дарбаза-Мақтаарал» бағытындағы ірі теміржол жобаларын сапалы жүзеге асыру қажет. Оның қатарында Алматыны айналып өтетін темір жол желісі де бар. Қазақстан көлік саласында Ресеймен, Қытаймен ынтымақтастығын жалғастыра береді.«Қазақстан темір жолын» толыққанды көлік-логистика компаниясы етіп қайта құру жұмысын жуық арада аяқтау қажет. Сондай-ақ автокөлік жолдарының құрылысы мәселесі шешімін табуға тиіс. Қазір оның сапасы сын көтермейді. Тиісті жұмыстар уақтылы және сапалы жасалмайды. Жемқорлық белең алып тұр, бәсеке де жоқтың қасы. Мұның бәрі – осы салада әбден тамыр жайған кемшіліктер.
Сондықтан жыл соңына дейін нақты шаралар қабылдау қажет. Міндетін адал атқармаған барлық компания заң бойынша жауапқа тартылады. Бұл мәселеге мен баса назар аударамын. Бақылауды күшейтіп, жаңа нормативтік құжаттар қабылдау керек. 2029 жылға дейін 4 мың шақырымнан астам жолға күрделі жөндеу жүргізу қажет.Жалпы алғанда, Қазақстан Еуразия құрлығындағы басты транзит хабы ретіндегі рөлін арттыруы керек. Осылайша, уақыт өте келе көлік-логистика саласындағы ірі мемлекетке айналуымыз қажет.
Көлік-логистика саласын қарқынды дамыту – бұл стратегиялық міндет. Үш жыл ішінде оның ішкі жалпы өнімдегі үлесі кемінде 9 пайызға жетуге тиіс. Ол үшін саланы тиімді басқару өте маңызды. Сондықтан Көлік министрлігін қайта құрған жөн. Бұл министрлік жол инфрақұрылымын салумен де айналысады,-деді Президент.