Қарағанды өңіріндегі үздік туристік жобалардың авторлары марапатталды
Қарағанды облысында жаз айларында 400 мыңнан астам турист қабылданды. Бүгінде өңірде саяхатшыларға 115 туристік бағыт ұсынылып, 17 сертификатталған гид қызмет көрсетеді.

Дүниежүзілік туризм күніне орай Қарағандыда салаға үлес қосып жүрген мамандар мен белсенділер марапатталды. Үздіктерге ведомстволық наградалар, Құрмет грамоталары және облыс әкімінің Алғыс хаттары табысталды.
Облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Сүйінбаевтың айтуынша, туризм өңір экономикасының маңызды бағыттарының біріне айналып келеді. Қарағанды облысында табиғи және тарихи-мәдени туризммен қатар экологиялық, спорттық, гастрономиялық және сауықтыру бағыттары да дамып жатыр.
Марапатталғандардың қатарында туроператорлар, гидтер, туристік клуб өкілдері, демалыс орындарының иелері, экологиялық және спорттық туризмді ұйымдастырушылар бар.
Солардың бірі – «Пока не исчезло» жобасының авторы Юлия Ляндаева. Ол бес жылдан бері Қарағанды бойынша тарихи экскурсиялар ұйымдастырып келеді. Қазір жоба аясында жаяу және қала сыртындағы 15-ке жуық бағыт бар. Экскурсиялар Теміртау, Ақтау, Саран, Долинка қалаларында, Осакаров және Бұқар жырау аудандарында да өткізіледі. Сонымен қатар Астанаға арт-турлар ұйымдастырылады.

Қарағанды облыстық туристік клубының директоры Сергей Кистанов белсенді туризмге қызығушылық танытатын жастардың саны артып келе жатқанын атап өтті. Оның сөзінше, балаларға жорыққа дайындалу, шатыр тігу сияқты туристік дағдыларды ерте жастан үйретудің маңызы зор.
Ал кәсіпкер Ерлан Әшім ат туризмін дамытуға басымдық беріп отыр. Ол өңірдегі тарихи және табиғи нысандарды бірлесіп таныту үшін сала өкілдерінің тәжірибе алмасуы маңызды екенін айтты.
Айта кетейік, 3 қазанда Қарағандының Орталық саябағында Дүниежүзілік туризм күніне арналған мерекелік шара өтеді. Бағдарлама аясында мотошеру ұйымдастырылып, шамамен 200 байкер қаланың Оңтүстік-Шығыс шағынауданынан Олимпийская көшесіне дейін колоннамен жүреді.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz






