Ресми

«ҚАЗАҚМЫС»: қолы ашық компания

Тұсауы жаңа кесілген тәуелсіз жас мемлекет пен тоқыраудың «топалаңы» текетірескен талматұста талай кәсіпорын қаңтарылып, күйзелген ел теңселіп кетті. Жезқазғандағы «Арқаның алқасы» атанған қуатты комбинаттан да қадыр қашып, қыруар қарыздың құрсауында қалды.

Талайдың тағдыры таразы басына түскен осы бір алмағайып сындарлы сәтте мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ тікелей араласуы арқасында өндірістік қуатты қалпына келтіру үшін инвестиция тарту мәселесі орайлы шешімін тапты. 1995 жылы күзде қалжыраған комбинат бес жылға оңтүстік кореялық «Самсунг» компаниясына сенімді басқаруға берілді. Арқадағы алыптың «ауған жүгін» жөнге келтіруге ынталы инвестор байыпты бизнес-жоспармен жедел іске кірісті.

Қорытындысы көп күттірмеді – 1997 жылы тамызда жезқазғандық комбинат базасында «Қазақмыс» корпорациясы құрылды. Қазір ол қазақстандық қуатты құрылым қатарында әлемге танымал.

ӘЛЕУМЕТКЕ ЖАҚЫН ӘЛЕУЕТТІ ҚҰРЫЛЫМ

Жасыратын несі бар, бір қауым ел комбинаттың келешегінен күдерін үзе бастаған күрделі кезеңде «Қазақмыс» қабырғасы қаусап, өндірісі өрге баспай, қызметі құлдыраған құрылымның «қоқысынан» қайта көтерілді. Қазақстан тарихының күрт бетбұрысты жаңашыл жағдайында желкенін жайып, үмітін үкілеп, нарықтық экономиканың адуынды айдынына шықты. Ел аумағындағы шағын шеңбермен шектеліп қалмады, бәсекелестік қызуы бет қаратпайтын капиталистік қауымдастыққа қадам жасады.

Тәуелсіздік тұғырына қонғанына бір қолдың саусағындай ғана уақыт өткен Қазақстанның басқаға беймәлім «Қазақмысын» ешкім, әсіресе әлемдік нарықтағы мүйізі қарағайдай небір қуатты компания күтпегені аян еді. Оған қол ұшын бере қоятыны да қара көрсетпеген. Өйткені, кеңестік кеңістіктен кейін ТМД-да қиюы кеткен бұрынғы индустрия «қалдығынан» алғаш әлемдік деңгейде компания құруды қолға алған «Қазақмыс» еді.

Ол бірден бет-бейнесін, бағыт- -бағдарын айқындауға ұмтылды. Қоғам алдындағы жоғары әлеуметтік жауапкершілікті қызметінің темірқазығы етіп ұстады. Бизнесте барлық өндірісті адамға қызмет қылуға бағыттады. Компания қызметкері мен оның отбасын ғана емес, корпорация кәсіпорны қоныс тепкен аймақтағы жалпы жұртшылықты жан-жақты әлеуметтік қорғауға алды. Әлеуметке жақын әлеуетті құрылым қызметінің бір парасы ортақ игілікке айналған әлеуметтік-тұрмыстық мақсаттағы нысаннан, коммуналдық төлем ақысын арзандатудан көрініс тапты.

КОРОНАВИРУСПЕН КҮРЕС ШЕБІНДЕ

Әлемді әбігерге салған індетпен күрес кезінде «Қазақмыс» атойлап алдыңғы шептен көрінді. Түрлі шектеу қойылып, қалыпты тұрмысқа тыйым салынып, індеттің бетін қайтару қолға алынған өткен жылдың наурызында коронавируспен күрес жөніндегі республикалық қорға алғашқылар қатарында 2 миллиард 220 миллион теңге қаражат аударды. Бірақ, қоғамның қабырғасына батқан кеселдің бетін қайтаруға бағытталған қайырымдылық шарасы мұнымен шектеліп қалмады.

Төсек тартып жатып қалғандар қатары көбейгенде тағы бір қайырлы қадам жасады. Вирус жұқтырып емделген қызметкеріне уақытша еңбекке жарамсыздығына қатысты төленетін жәрдемақыға мамырдан бастап орташа айлық жалақы мөлшерінде қосымша өтемақы жасау жүйесін енгізді. Жекелеген әлеуметтік әлсіз топқа қазанда тағы қол ұшын созды. Жезқазған, Сәтбаев, Балқаш қаласында жергілікті атқарушы орган ұсынған тізімге сәйкес әр адамға бір мәрте 30 мың теңгеден материалдық көмек көрсетті.

Жезқазған, Сәтбаев, Балқаш қаласындағы медициналық мекемелерге түрлі қажетті жабдық сатып әперді, материалдық-техникалық жабдықтауға, медперсоналды оқытуға қыруар қаржы бөлді, елуден астам медициналық қызметкерді баспанамен қамтамасыз етті. Ентелеген инфекцияның алдын алу, онымен күресті күшейту бағытында өндірістік орындарда кешенді қорғаныш шарасын қамтамасыз етті.

Компанияның Директорлар кеңесі контракт арқылы жалақы алатын қызметкерден басқа барлық санаттағы персоналға бір мәрте жаппай 100 000 теңгеден қаржылай көмек көрсету туралы шілдеде шешім қабылдады. Коронавирус кесірінен қалыптасқан қиын жағдайда әлеуметтік және моральдық қолдау көрсету мақсатындағы бұл шешім қазанда тағы жалғасын тапты. Қысқасы, індетпен күрес кезінде қызметкерлерін, тұрғындар мен медицина мекемелерін қолдауға «Қазақмыс» былтыр 20 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсады.

ЖАҚСЫ ЖАЛАҚЫ, ЖАЙЛЫ ҚОНЫС

«Қазақмыс» қаржы кеңістігіндегі келеңсіздіктің алдын алуды бұлжымас дағдыға айналдырған. Сол үрдістен өткен жылы да айныған жоқ. Өзінің өндірістік буындарында жұмыс істейтіндердің қаражаттан қысылып қалмауының қам-қарекетін қаңтардан-ақ қарастырды. Кіріс-шығысты шотқа салып, қызметкерлеріне әлеуметтік және материалдық қолдау көрсету мақсатында ең төменгі жалақы мөлшерін сәуірден бастап 140 мың теңгеге көтерді.

Айқындалған атаулы көмектің астарында да сондай ізгі ниет жатыр. Аз қамтылған қызметкерге атаулы әлеуметтік көмек көрсету тәртібі белгіленгеннен бері персонал жөніндегі қызметке отбасылық жиынтық табысы компания белгілеген күнкөрістік мөлшерге жетпейтін 1700-ден астам адамнан өтініш түсті. Арнайы құрылған комиссия оны мұқият қарап, 1540 қызметкерге 92 миллион теңгеден астам қаржылай көмек көрсетті. Атаулы көмектің пандемияға ешқандай қатысы жоқ және бір сәттік акция емес, бұдан былай тоқсан сайын жалғасын табады.

2019 жылы мамырда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрлігі, облыс әкімдігі мен «Қазақмыс» компаниясы басшылығы қол қойған бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі үш жақты меморандумдағы маңызды әлеуметтік жобаның бірі – баспанасыз көп балалы отбасын баспанамен қамтамасыз ету еді. «Қазақмыстың» қамқорлығы арқасында сол жылы он отбасы кең пәтерде қоныс тойын жасау мүмкіндігіне ие болды.

Былтыр «пәтер жауған» жыл болды. Қазанның ортасында «Қаныштың қаласында» (Сәтбаев — авт.) төрт бөлмелі 15 пәтер өз иесін тапты. Араға он күн салып, осындай салтанатты сәтті балқаштықтар бастан өткерді, 46 адам төрт, бес, алты бөлмелі пәтер мен бір жер үйдің кілтін алды. Қарашаның алғашқы аптасында жағымды жаңалық Жезқазғанға жетті, көпбалалы 41 отбасына «Қазақмыс» басшылығы салтанатты жағдайда пәтер кілтін тапсырды. Желтоқсанда Қарағанды мен Теміртау қаласында, Қарағайлы, «Молодежный» және Топар кентінде 27 отбасы пәтер мен коттеджде қоныс тойын жасады. 

ТҮЙІН

«Қазақмыс» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне қатысты міндеттемесін қашанда қапысыз орындайды. Күнделікті кездесетін қат-қабат қиындыққа, қанжығаласып қалмайтын қаржы дағдарысына қарамастан әртүрлі әлеуметтік жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік табады. Былтыр желтоқсанда әлеуметтік желіде және компания сайтында мәлімдеме жасаған «Қазақмыс Холдинг» ЖШС Директорлар кеңесінің төрағасы Э.ОГАЙ әр қызметкердің алдындағы әлеуметтік жауапкершілікті түсінген «Қазақмыс» жыл бойы бірнеше мәрте материалдық көмек көрсеткенін айта келіп, былай деді: «Біз тұтыну себетіне талдау жасап, инфляциялық үдерісті ескеріп, 2021 жылы 1-қаңтардан бастап барлық санаттағы қызметкердің жалақысын орташа 8,3% көтеруге шешім қабылдадық. Сосын, мониторинг пен толық талдаудың қортындысына сәйкес маусымға дейін жалақыға тағы да үстеме қосылады».

Әлібек ӘБДІРАШ.

Басқа материалдар

Back to top button