Бас тақырыпОблыс әкімі

“Қазақмыс” Қарағанды облысында көпбалалы 120 отбасыға пәтер сатып алып береді

Алдағы уақытта 120 отбасы қоныс тойын тойлайды. Бұл ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, облыс әкімдігі және «Қазақмыс Холдинг» ЖШС арасындағы үшжақты меморандум аясында мүмкін болып отыр. Аталмыш құжатқа министр Бердібек Сапарбаев, облыс әкімі Ерлан Қошанов және компанияның директорлар кеңесінің төрағасы Эдуард Огай қол қойды.

«Қазақмыс» компанияда еңбек ететін көпбалалы қызметкерлерін, сондай-ақ, аз қамтылған қызметкерлер мен жас мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз етеді. Компания әлеуметтік жауапкершілігі принципін қолдап, олар үшін 120 пәтер сатып алу міндетін мойнына алып отыр. Оның қатарында 46 отбасы қоныс тойын биыл атап өтеді. Дәл осы Жезқазған қаласында он жыл бұрын еліміздің Тұңғыш Президенті бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі туралы сөз қозғаған болатын.

«Қазақмыс» – еліміз бойынша Елбасы мен Мемлекет басшысының бастамасын қолдап, әлеуметтік жауапкершілікті орындай бастаған алғашқылардың бірі болып табылады.

Қазіргі таңда компания өзінің қызметкерлеріне пәтерлер сатып алып қана қоймай, сонымен қатар, көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға барынша көмек көрсетуде. Осылайша, әлеуметтік жауапкершілік принципін қолдауда.

– Елбасы «әрбір қазақстандық отбасы жүргізіліп жатқан реформалардың нәтижелерін алыс болашақта емес, бүгінгі күні сезінуі тиіс» деген болатын, – деп атап өтті Ерлан Қошанов келісімге қол қою рәсімінде. – Облыста 12 мыңнан астам көпбалалы отбасы тұрады. Біз олардың проблемаларын белсенді шешудеміз. Бұл мәселеде біздің бизнесқоғамдастықтарымыз да тыс қалмауда. Әлеуметтік белсенді компаниялардың бірі «Қазақмыс» корпорациясы, «Қазақмыс Холдингі» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Эдуард Огай науқан атаулы және жүйелі түрде көрсетілетін әлеуметтік көмек болатынын хабарлады. Көпбалалы отбасыларға көмек көрсету – шешілуі тиіс басты мәселелердің бірі.

– Атап айтқанда, жаңа пәтерлерді тек Жезқазған қаласының тұрғындары ғана емес, сонымен қатар, Сәтбаев, Балқаш және басқа да елді мекендердегі біздің кәсіпорындарда жұмыс істейтін қызметкерлер алады. Біздің тағы бір міндетіміз – қызметкерлеріміздің отбасыларына денсаулықтарын қалпына келтіруге, білім алуға жәрдемдесу, – деді Эдуард Огай.

 Өз кезегінде, министр Бердібек Сапарбаев халықтың әлеуметтік осал топтарының мәселелері, әсіресе, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды, жетім балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мемлекет пен бизнестің бірлескен іс-қимылын талап ететінін атап өтті.

– Елдің Тұңғыш Президентінің тапсырмасы бойынша министрлік бизнес-қоғамдастықпен және ірі кәсіпорындармен бірлесіп әлеуметтік жобаларды іске асыру бойынша жұмыс жүргізуде. 2018 жылы жалпы сомасы 90 млрд. теңгеге 700-ден астам меморандум жасалды. Жалпы, соңғы 10 жылда бизнес-құрылымдар әлеуметтік жауапкершілік аясында әлеуметтік жобаларға, демеушілік пен қайырымдылыққа 300 млрд. теңгеден астам қаржы бөлді, – деп атап өтті министр.

 Меморандумға қол қойылған соң 4-8 балалары бар 10 отбасыға пәтер кілттері табыс етілді.

Бұл күні Бердібек Сапарбаев пен Ерлан Қошанов қоныс тойын тойлаған отбасылардың біріне барып қайтты. Жалпы жыл соңына дейін облыста 560 көпбалалы отбасы жеке баспанасын иеленеді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button