Тарих

Қазаққа тәнті болған тұлғалар

Тәуелсіз Қазақстанда ел бірлігі – ынтамақпен бейбіт өмір сүрудің негізгі ұстанымы болып табылады. Сол бірлікті сақтау Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметінде айқын көрінеді. Жас ұрпаққа өткен тарихтан сабақ беретін тарихи мәселелер үнемі талқыланып тұрады. Оның негізгі мақсаты – ел бірлігін сақтау жолындағы тарихи мысалдармен танысып, сабақ алу.

Ұлы Дала Елі жайлы әртүрлі ұлттардың тарихи тұлғалары озық ой-пікірлерін білдіріп, өмірі мен қызметтерін қазақ халқының тағдырымен байланыстырып, тарих көшінің соңында қалып қоймаудың жолын көрсетті. Сондай тарихи тұлғалардың бірі – Николай Лукич Скалозубов туралы Әлихан Бөкейхан 1915 жылы «Қазақ» газетінің №109 санында мақала жазды. Ол мақаласында: «Орыста атышулы, ғылымы асқан, талай кітап жазған агрономның бірі еді. 1914-ші жылы Тобылға келіп, Сібір мұжықтарының шаруасын мәдени жолға түсірген Скалозубов болатын. Машинамен сары май алып, оны Лондонға апарып сататын сібір мұжықтарының игілікті ісі Н.Скалозубовтың бастауымен, үйретуімен көгеріп, көркейген. Мұндай Сібір шаруасын жақсы білетін һәм жұрт шаруасын ілгері бастыруға өнегелі, өнерлі іс қылған адам жоқ. Сібір мұжықтарына бірлесіп, іс қылуды үйретті…», – деді. Н.Скалозубовтың іс-әрекеті қазақ даласында жер шаруашылығымен айналысудың, бірлесіп жерді өңдеудің қазақ үшін өте маңызды екенін көрсетеді. Жер өңдеуді сібірлік шаруалардан үйреніп, қазақ ұлтының жер мәселесіндегі алдағы уақытта атқаратын істеріне жол сілтейді. Патша үкіметінің қазақ даласындағы отаршылдық саясатынан зардап шегіп және зиян көріп отырған қазақ шаруаларының тұрмыс-тіршілігін айта келе Әлихан Бөкейхан Ресей Мемлекеттік думасының депутаты Н.Скалозубовтың қазақ халқының тағдырына алаңдаушылығын көрсетеді: «Үшінші думада қазақ жері үшін қазақтың өз депутатындай қызмет атқарды. Бюджет мәжілісі болғанда қазақты қорғап, сөйлемей қалмайтын. Комиссияда қазақ шаруасы, қазақ халі туралы істеген ісін кітап қылып шығарды. Қазақ жайынан сөйлеген сөздері дума комиссиясының 1909-шы жылғы отчетында бар. Қазақ 15 десятинадан жер алғанымен, аз уақытта егінші бола ма? Мал шаруасы егін шаруасына қанша уақытта айнала алмақшы? Қазақ жерінде мұжық та мал бағуға құл. Жердің түбіне қараған сібір мұжығы да малды көп ұстайды. Жұрт шаруасын саясат ісіне көгендеп, жәбір қылып отырсыңдар дейтін». Сонымен қатар, Н.Сколозубовтың мына пікірін келтіреді: «…қазақ жайын орыс обществосы білмейді, қазақ ісі, қазақ шаруасы біздің жұртқа басшы саясат жолындағы кісілерімізге қараңғы… Сондықтан, қазақ тұрмысы, қазақ салты, шаруасы туралы орыс тілінде кітап шығарып, газета, журналдарға жазып, орыс жұртының саясаттағы адамдарының көзін ашу – зор мақсұт іс». Үшінші Мемлекеттік думадағы Н.Скалозубов сияқты озық ойлы орыстың зиялы депутаттары қазақты қолдап, думада сөз сөйлеп, талай чиновниктердің алдына барып, қазақ халқының жер мәселесі туралы пікірлерін білдірген.

Н.Скалозубовтың тағы бір тұлғалық қасиеті – бір топ жер аударылған қазақ азаматтарын мерзімінен бұрын босатып, үйлеріне қайтаруларына көмектесуінде. Ол туралы Ә.Бөкейхан: «…Столыпинге неше қайтара барып, байды сөзге түсіріп, осы алты жігіттің қайтуына көп қызмет қылған Н.Скалозубов болатын» – дейді.

Ұлы Дала Елінің тарихына байланысты Петербордағы жағрафия комитетінің төрағасы, сенатор П.Семенов-Тян-Шанский Г.Н. Потанинмен бірігіп орыс тілінде Карл Риттердің «Азия» деген кітабын аударған. Сол жайлы Ә.Бөкейхан: «Бұл кітапқа екеуінің қосқаны Риттер кітабынан аз емес. П.П. Семенов-Тян-Шанский екеуі неміс Карл Риттердің «Азия» деген кітабын орыс тіліне басып, оған қазақ тарихы туралы Г.Потанин көп қосымша жазған. Бұл қосымшаның бірі мынау: Абылай ханның Қошқарбай деген батыры «Қошқарбайдың жұрағаты осы күні, Чарлақ оязы Ақмола губерниясы, Қараөзек деген жерде, Ертістен 10-15 шақырым. Қошқарбай (қыпшақ) Омбы қаласы тұрған жерден жоңғарды Об өзенін өткізе қуып тастаған. Бұл туралы Барнаул оязында Сібір мұжығының айтып жүрген әңгімелері бар. Мұжықта Қошқарбай жоңғарды Об өзенін асыра қуды» – дейді. Осы қосымшада жазылған деректің бірі біздің қазақ жері – Алтай, Тарбағатай, Жетісу, Іле, Алатау, Ыстықкөл, Хан Тәңірі. Европа адамында осы айтылған жерлерді ең алғаш барып, жазған П.Семенов-Тян-Шанский еді. …1863 жылы Сібір автономиясы мәселесіне байланысты оны бірнеше жолдастарымен патша үкіметі түрмеге жабады. Омбыда түрмеде бір жыл отырып, Омбы кеңселерінің ескі қағаздарын қарастырып, қазақтың Абылай хан заманындағы тарихы туралы көп деректерді тапқан. …1863 жылы Қытай мен Ресейдің шекарасын анықтау үшін құрылған комиссияның мүшесі бола жүріп, қазақша жазу үйреніп, қазақты Алтайдағы түрік жұртының әдебиетімен салыстырып, адам баласының тарихы жолында көп мағыналы жұмыс атқарды. «Восточные мотивы в средневековом европейском эпосе» деген кітабында батыс әдебиетіндегі үлгі болып жүрген шығармалар – қазақтың ертегісі, жыры, мақалы, өлеңі деп жазған. 1888 жылы П.Семенов-Тян-Шанский Түркістанға тағы барып «Түркістан һәм Закаспий край» деген еңбек жазған. Ұлы даланы зерттеген атақты ғалымды Ә.Бөкейхан қазақ оқырмандарына тағы да газет арқылы таныстыра келіп, П.Семенов-Тян-Шанский тәрізді ғалымдар да қазақ арасынан шықса деген үмітін көрсетеді.

П . Семенов – Тян – Шанский Түркістанға барған сапарында Омбыда жас офицер Г.Потанинге және Шоқан Уәлихановқа жолыққан. Оларға ғылыммен айналысу туралы кеңес берген. П.Семенов-Тян-Шанский ақылымен Ш.Уәлиханов және Г.Потанин Петербургке барып, университетке келіп, тыңдаушы студент болған. Г.Потанин Омбыда кадет корпусында Ш.Уәлихановпен бірге оқып, дос болған. 1904 жылы Ш.Уәлихановтың екі кітабын бастырып шығарған.

Сонымен қатар, тілі басқа, түрі басқа болса да – тілегі бір Г.Потанин өз заманында Алаштың көсемі Әлихан Бөкейханмен де дос болып және қазақ халқының бостандығы, тәуелсіздігі туралы көзқарастарын қолдап, өз пікірлерін айтқан.

Ол туралы Ә.Бөкейхан: «…Саяси жолындағы бізге жылы көрінетін бір негізгі пікірі мынау: «Елдің тұрмысын, тілін, мінезін білмеген кісі көш басын алып жүре алмайды. Олай болса, көп ұлттан құралған Россияны бір орыстың билеймін дегенінде мағына жоқ. Россия өзге тілі, тұрмысы, қаны басқа жұртқа автономия беруі керек», сонымен қатар, Г.Потаниннің: «Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел Алаштың ортасы, сонда университет салып қазақтың ұлын, қызын оқытсақ, Қозы-Көрпеш-Баянды шығарған, Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Европа сонда білер еді-ау…» – деген пікірін жоғары бағалайды.

Ә.Бөкейхан «қазақты туғанындай жылы көріп, оған қорған болған» Н.Потаниннің іс-әрекеттерін «әулиенің ісіндей» деп бағалайды.

Г.Потанин айтқан: «Қараөткел Алаштың ортасы», ол бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның қаласы, «сонда университет салсақ» деген ойының бүгінгі дәлелі – халықаралық «Назарбаев университеті», Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және басқаларында қазақтың ұл-қыздары бірнеше тілде білім алуы. Қазақтың кім екенін Еуропа ғана емес, бүкіл әлем таныды. Біріккен Ұлттар Ұйымына Қазақстан мүше болып қабылданғаннан бері, әлемнің азулы мемлекеттерімен иық түйістіріп отыратын және қазақ елімен санасатын мемлекетке айналды.

ХІХ ғасырда қазақ даласына келген, саяси қуғындалған поляк революционері А.Янушкевич те қазақ халқының ата-бабалары туралы былай деп жазды: «И все это ведь, думал я, слышу я своими ушами в степи, среди народа, который мир считает диким, варварским! Несколько дней тому назад я был свидетелем столкновения между двумя враждующими партиями и с удивлением рукоплескал ораторам, которые никогда и не слышали о Демосфене и Цицироне; а сегодня передо мной выступают поэты не умеющие ни читать, ни писать, однако поражающие меня своими талантами, ибо песни их так много говорят моей душе и сердцу. И это дикие варвары? И это народ, вовек предназначено быть только никчемными пастухамий лишенными всякого иного будущего. О, нет! Воистину! Народ, который одарен творцом такими способностями, не может остаться чуждым цивилизации: дух ее проникнет когда-нибудь в киргизские пустыни, раздует здесь искорки света и придет время, когда кочующий сегодня номад займет почетное место среди народов, которые нынче смотрят на него сверху вниз, как высшие касты Индостана на несчастных пориев». Сонымен қатар, орыс халқының алдыңғы қатарлы ойшылдары қазақ халқының ақылын, қабілетін бағалап, оларға қараңғылықтан шығуға көмектесті. Қазақ халқының тарихында ұлы жазушы демократ Федор Достоевскийдің орны ерекше. 1854 жылы 19 жасар Шоқан Уәлихановпен кездескен. Әсіресе, Ш.Уәлихановтың Семейдегі досына жазған хатынан: «Я не мастер писать о чувствах и расположении, но думаю, что это ни к чему. Вы, конечно, знаете, как я к Вам привязан и как я Вас люблю… Омск так противен со своими сплетнями и вечными интригами, что я не на шутку думаю его оставить. Как вы думаете об этом? Посоветуйте, Федор Михайлович, как это устроить лучше» деп үзінді келтірген. Орыстың ұлы жазушысы жас Шоқанға деген достық көңілін білдіріп қана қоймайды, осы хатта қазақ пен орыс халқының арасындағы ұлы достықтың болатындығы көрсетілген». Ол жайында академик Евней Арыстанұлы Ф.М.Достоевский хатының шындығында пайғамбарлық сөздері бар жолдарынан үзінді келтірген: «… Не великая ли цель, не святое ли дело быть чуть ли не первым из своих, который растолковал России, что такое Степь, ее значение и ваш народ относительно России, и в то же время служить своей Родине, просвещенным ходатаем за нее у русских. Вспомните, что вы первый киргиз, образованный по-еврейски вполне. Судьба же вас сделала вдобавок превосходнейшим человеком… вы первый из вашего племени, достигший образования европейского. Уже один этот случай поразителен, и сознание о нем невольно налагает на вас и обязанности». Хаттағы Ф.М. Достоевскийдің ағартушылық арманы мен ғажайып ой-пікірлерін ұлтымыздың тарихында Шоқан Уәлихановтың ағартушы демократ ретінде атқарған істері, дәлел болды. Оның рухани мұрасын Абай жалғастырып, қазақ халқын білімге, өнер, кәсіп үйренуге шақырды. Абай заманын суреттеп жазу арқылы ХІХ ғ. ІІ жартысындағы қазақ қоғамындағы әлеуметтік жіктелу, оқу-ағарту мәселерінің қазақ үшін маңызды болғанын көрсетеді. Яғни, қорытындылай келе достықтың символына айналған қазақ даласы бүгінде тілі басқа, түрі басқа болса да, тілегі бір болған халықтың бірлігі мен татулығы жарасып, ынтымағы мен сыйластығы артқан Отанына айналды.

Нұрсахан Бейсенбекова,

Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі, «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент.

Басқа материалдар

Back to top button