Аяулым МҰХАМЕТКӘРІМОВА, дизайнер: «Мен бұл жетістігіммен тоқтап қалмаймын»

Киімдерін әр түске бояп, түрлі сурет жабыстыратын жастарды көргенімде таңданыспен қарайтынмын. Сөйтсек, бұл да бір өнер екен. Былтыр «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасының грантын иеленген Аяулым МҰХАМЕТКӘРІМОВА дәл осындай іспен шұғылданады. Киімдерге жазу жазып, қалағаныңыздай түсін өзгертіп-ақ береді. Мемлекеттік қолдау «M.A.K. Design» студиясының тынысын аша түскен. Бүгінде ерекше өнерлі кәсіпкердің жұмысы оң нәтиже көрсетуде.

– Ісмерлікке келуіңізге не түрткі?

– Грант жайында естісем де мән бермеппін. Кейін құжат жинамақшы болғанымда, елде карантин режимі басталып, қатаң режим саябырсығанда қатысып, грант иелендім. Бұған дейін басқа салада жұмыс істедім. Әу бастан тігін тігу – хоббиім еді. Кейін киім пішуді, дизайн жасауды, киімге сурет салуды меңгеріп алдым. Содан кейін өзіме, жақындарыма түрлі киімдер тігіп жүрдім. Себебі, маған тәжірибе керек еді. Аниматорларға да костюмдер мен бетперде тіктім. Жалпы, бұл қасиет анамнан берілді деуге негіз бар. Елімізде «Maсrame» стиліндегі киім үлгісі таныла қоймаған. Оны үйрететін курс жоқ. Әлеуметтік желіден қарап үйрендім. «Tai dai» техникасын да меңгердім. Осы техника арқылы түрлі киімдерді де бояп көрдік. Кейін «Неге өз кәсібімді ашпасқа?» деген ой келді.

– Гранттың кәсібіңіздің тынысын кеңейтуге септігі тиді ме?

– Тігін машинасы өзімде бар. Грантқа кестелейтін машина алдым. Бұл құрылғы түрлі оюларды, суреттерді арнайы бағдарлама арқылы кестелеп береді. Үстінен ақша қосып құрылғысына қол жеткіздім. Құрылғы қажет суреттеріңді керегінше кесіп, жабыстырады. Мысалы, кеудеге тағатын белгішеге ата-аналардан тапсырыс жиі түседі. «Жұмсақ дүниеге қарағанда костюмге қадап қойған әлдеқайда тиімді» дейді. Сондай-ақ, өзінің арнайы маркері бар. Түрлі сурет салуға мүмкіндік жасалған. Әрі құрылғының атқаратын қызметі көп.

– Грантқа құжат тапсырарда қағазбастылық тұсау болған жоқ па?

– Менің жеке кәсіпкерлік туралы құжатым бар еді. Ал, курсты оқу үшін, оның мерзімі 3 жылдан аспауы керек екен. Бұл туралы әу бастан бизнес жетекшілеріммен кеңестім. Құжат мәселесін «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы түсіндірді. Қазірде жетекшім түрлі вебинар сабақтарын жіберіп тұрады. Сол кісілердің нұсқауымен әрекет еткендіктен, құжат жағынан ешқандай қиындық кездеспеді.

– Ендігі мақсатыңыз не?

– Мемлекеттік бағдарламада бұдан да ірі көлемде грант қарастырылған. Ал, оған қатысу үшін тың өзгеріс, ерекшелік енгізу қажет. Сол грантты жеңіп алуға мақсат қойдым. «Maсrame» стилі елде кең тарала қоймағандықтан, дамытқым келеді. Бірақ, ең қиыны – тігетін, бояйтын арнайы материалдарды табу. Сол материалдарды шығаратын фабрика ашу да – арманымың бірі. Жастардың сұрауы бойынша – шоперлік бағытта тігіп жүрмін. Сөмкелеріміз де бар. «Maсrame» техникасын жетілдіремін. Келген тұтынушыларымның көбі осы техникада тігілген киімдерге қызығушылық танытуда. Жаныма көмекші алу ойымда бар. Бұл жетістігіммен тоқтап қалмаймын.

– Сатып алған құрылғыңыздың қандай ерекшелігі бар?

– Киім тігу үшін, алдымен, пішімін келтіріп, сызамыз. Одан соң қиып, бөліктерді іс машинасымен тігеміз. Тапсырыс берген киімнің күрделілігіне қарай біршама уақыт кетеді. Қарапайым көйлектерге 1-2 күн. Бастысы – өлшемін түзу алу. Тапсырыс беруші киімнің түсін, материалын өзі таңдайды. Шамамен, ұзын кешкі көйлекке кемі 3 метр мата қажет. Қазір студияда бірнеше мата түрі бар. Ұнаса, осы жерден алады. Мысалы, менің сүйікті киімдерімнің бірі – қалың атластан тігілген кешкі көйлек. Екі жағынан кестеледім. Оған екі аптадай уақыт жұмсадым. Еврофатин стилі, яғни, кестелеуге арналған төркөзге тігілген. Ал, мұндағы тастардың барлығы өзгеше (люневильская) техникамен жасалған.

– Әңгімеңізге рахмет! Шаруаңыз дөңгелей берсін.

Сұхбаттасқан Ербол ЕРБОЛАТ.