Авторлық құқық жөнінде семинар өтті
«Saryarqa Aqparat» медиахолдингінде журналистердің құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған авторлық құқық тақырыбында семинар ұйымдастырылды. Семинарды әділет департаментінің авторлық құқық және лицензиялау бөлімінің бас маманы Арай Әбікеев жүргізді.

Семинар медиаконтентті пайдалану кезінде жиі жіберілетін құқықтық қателіктердің алдын алу, авторлық құқық нормаларын кәсіби қызметте дұрыс қолдану және журналистердің құқықтық мәдениетін нығайтуды көздеді.
Арай Әбікеев өз сөзінде авторлық құқықтың базалық ұғымдарына кеңінен тоқталып, плагиаттың жасырын және айқын түрлеріне жеке-жеке түсініктеме берді. Спикер интернет кеңістігіндегі фото, бейне және мәтіндік материалдарды заңды пайдалану талаптарын нақтылап, дереккөзді көрсету тәртібін сақтамау журналист үшін қандай жауапкершілікке алып келетінін мысалдармен түсіндірді.

Шеберлік сабақ барысында медиахолдинг қызметкерлері авторлық құқықты бұзудан сақтанудың тиімді жолдары, үшінші тараптың материалдарын пайдалану кезінде келісім алу тәртібі, лицензиялық және еркін контент арасындағы айырмашылық жөнінде жан-жақты ақпарат алды.
Семинар соңында қатысушылар Арай Әбікеевке өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, шығармашылық жұмыста жиі кездесетін авторлық құқыққа қатысты мәселелер бойынша жеке кеңес алды.
Жамал АКПАРОВА



