Еліміздің барлық елді мекенінде ауыз су қолжетімді болуы тиіс. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында қалалар мен ауылдарды 100 пайыз сумен қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Осы уақытқа дейін Шет ауданы Красная поляна ауылында ауыз су проблемасы шешімін таппай келген-ді. Биыл бұл мәселенің түйіні тарқатылды.
Келер жылы Красная поляна ауылының ауыз су құбырын қайта құру үшін аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, аудандық құрылыс бөлімімен жобалау-сметалық құжаттары дайындалуда. Құжатты дайындап жатқан «КостанайАгропромпроект» ЖШС мен құрылыс бөлімінің өкілдері ауылға барып, тұрғындармен кездесіп қайтты. Қоғамдық тыңдауда жобаның сызбалары көрсетіліп, ұсыныстар қаралды. Мамандардың мәлімдеуінше, жерасты су ресурстары арнайы зерттеліп, оның гидрогеологиялық картасы жасалған. Ол картада қай жерден, қандай тереңдіктен, қандай су шығатыны, оның мөлшері мен сол аймақтағы жерасты суларының барша қоры сияқты деректер көрсетілген. Тұрғындар 2021 жылы орталық көшелерге төселген асфальт жолдардың құрылыс барысында жарамсыз боп қалмауына алаңдайды. Көтерілген мәселелер бойынша хаттама жасалып, ұсыныстар жолданды. Айта кетейік, биыл округке қарасты Бекет ауылында ауыз су құбырының құрылысы жүргізілуде. Қазіргі таңда ұңғымадан бастап, ауыл арасындағы құбырлар аяқталып, үйге су тарту жұмыстары қолға алынған.
Нұрдос КӘРІМ,
Шет ауданы
Ortalyq.kz