Жаңалықтар

АУЫЛ ДЕПУТАТЫ

     Жақында облыстық мәслихаттың хатшысы Рысқали Әбдікеров Бұқар жырау ауданының Жаңаталап ауылында болып, сол ауылдан облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланған Еркін АхметовтІң «Нұрәділ» шаруа қожалығында болып, тыныс-тіршілігімен танысты.

Жаңаталап шаруашылығы (бұрынғы Молодецкое) кезінде дүрілдеп тұрған шаруашылықтардың бірі болыпты. Негізінен бақша-сүт бағытындағы ұжым екен. Нұра өзенінің тап іргесінен орын тепкен шаруашылық суармалы жүйеге әу бастан көшіп алған дейді. Солайынша гектарлары берекелі екен.

Бұрынғы басшысы көшелі адам болыпты, Еркін сол кісінің мектебінен өткен екен. Осы шаруашылықтағы еңбек жолын тракторшылықтан бастапты. Кейін экономист, бухгалтер мамандығын алып, совхоздың бас бухгалтері қызметінде болған.

Кеңес өкіметі тараған соң шаруашылықтың да кетеуі кетеді. Шаруашылықты сақтап қалу бойынша жұмыс істеген екі басшы қудалауға түседі. Басшылыққа келген кейінгі жас балалар бардан ажырап қалады. Шаруашылық мүкамәлі тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетеді. Сонан қалаға үдере көшу бой алады.

Бес жылдан кейін қайтып келеді. Тістескенмен тістесіп, тебіскенмен тебісіп жүріп алғаш мың гектар алады. Елдің пайын сатып алып жүріп бүгінгі күніне жетіпті. Жақында ғана осындағы «Дарас» фирмасының 1500 гектар алқабын сатып алыпты. Барша дүниесімен.

Қазір ауылда екі жүздің үстінде аула бар. Бір жарым мыңдай тұрғын тұрып жатыр екен. Жергілікті мектепте 230 бала оқиды дейді. Шағын орталыққа жүз шақты өскін тартылыпты. Іштей демографиясы дұрыс екен деп қойдық.

Екі қабатты, сәулеті келіскен үйлер сап түзепті. Қалай жылытылған десек, кезінде 30-40 адам жұмыс істейтін орталық қазандық болыпты. Бүгінде оның орны ғана қалыпты.

Қожалық негізінен егін шаруашылығымен шұғылданады екен. Былтыр бір мың гектарға бидай, 500 гектарға арпа, 40 гектарға картоп салыпты. Жақсы өнім алдық дейді қожалық басшысы. Соған орай биыл егістік алқабын тағы да үш жүз гектарға арттырыпты.

Ең бастысы рынок іздеп сарсылмаймыз, өздері көтере сатып алады, – дейді Еркін Қабайұлы.

Қожалықтың мұнан басқа құм карьері бар екен. «Молодецкое» деген бұрынғы атауымен қалыпты. Сонау 1956 жылы қоры барланып, пайдалануға беріліпті. Шахан арқылы Мәскеуге жөнелтіліп тұрыпты. Құмның қаншалықты сапалы екендігін осыдан-ақ аңғаруға болар. Жарты ғасыр бойы Мәскеуге жұмыс істеген. Тереңдігі 5-6 метр дейді.

Жылдық жұмыс көлемі 50 мың текше метр екен. Оны асыра орындап отырамыз дейді. Жиырма жылға жалға алыпты.

Рекультивациясы да ойластырылыпты. Жынысы босаған жер көлге айналмақшы. Балық жіберілмекші. Елдің балық аулап, дем алатын демалыс орны болады дейді.

Құм қиыршығын сыртқа құрылыс материалы ретінде шығара бермей, одан дайын өнім өндіру жолға қойылыпты. Іргетас блоктарына қашандағыдай сұраныс көп дейді.

Қожалықтың ноу-хауын да өз көзімізбен көрдік. Еуростандарттағы жабынды шығаруды игеріпті. Оның бір шаршы метрі 20 келі тартады дейді. Мұндай жабындының қандай сұрапыл болса да қозғалмайтыны белгілі.

Сондықтан да біздің өнімімізге деген сұраныс болады, біз өзіміздің өнімімізге жүз жыл кепілдік береміз, өйткені целлофан ешқашанда шірімейді, – дейді осы цехқа жетекшілік жасап жүрген Ерекеңнің үлкен ұлы Нұрлан.

Қазірдің өзінде бұл цехқа 50 миллион теңге құйыпты. Әлі де 50 миллион теңге керек көрінеді.

Бұл жабындыларға, тротуарлық тақташаларға цемент қосылмайды екен. Оның орнына целлофан пайдаланамыз дейді. Оны 260 градуста балқытып, қажетті бояуын араластырып, құм қосып престен бір-ақ шығарады екен.

Мұнда да іркілістер бар көрінеді. Әсіресе, мамандар жағы қинайды екен. Бұрынғы кадрлар шау тартқан, ал ізбасарлар даярлау еске алынбаған.

Біз барғанда қожалық диқандары алқапты дәрілеп жатыр екен.

Біздегі шығымды көргендеріңізбен, жалпы алғанда, егістік барысы қиын жүруде. Әлі дән сіңіріп үлгермегендер бар. Қазанның қара суығы соқпаса болды. Субсидия алу қиындап барады. Гектарына қарай бермей, түпкі өнім үшін берер болса сол қайырлы болар еді, – дейді қожалық басшысы.

Ауылымыздағы бірден-бір село құраушы буынымыз осы ұжым, – дейді ауыл әкімі Тимур Аманкелдиев, – қашанда ақылдасып бірге жұмыс істейміз, қолдан келген көмегін беріп жатыр. Толып жатқан демеушілік көмегінен басқа ауылға амбулатория ғимаратын тегін бергенін айтайық. Енді, міне, екі қабатты бұрынғы кеңсе ғимаратын да біздің балансымызға тегін беріп жатыр. Онда әкімдікті, кітапхананы, клуб үйін орналастыруды жоспарлап отырған жайымыз бар.

Орталық бақты да сатып алғанбыз, – дейді Ерекеңнің кенжесі Әділет, – онда қазір тазалау жұмыстары жүріп жатыр. Сонан кейін монша салуды бастаймыз. Шағын наубайхана салсақ па дейміз, тойхана да ел қажеттілігі болып отыр.

Рысқали Қалиақпарұлы қожалықтың келешегін сұраған.

Қожалық басшысының жауабы дайын болып шықты. Келешекте кеңейе беретін боламыз. Қалай десек те кеңестік мамандар барынша ойланып-толғанып істеген. Олай болса бақшалық-сүт бағытына қайтып оралу керек болады. Соған орай келер жылдан бастап бақшалық өнімдер түрін көбейтетін боламыз. Сәбіз, қызылша, шалқан, басқа да бақшалық өнімдерді ел дастарқанына қоймақпыз. Егістігіміздің суармалығын да еш ұмытуға болмайды. Біраз қаражат табу керек болады, әрине. Гектар берекесін арттыруды да ойда ұстамақпыз. Ол үшін жермен жұмыс істеу керек болады.

Мұндай депутаты бар ауылдың ертеңі жарқын, – деп қояды мәслихат хатшысы.

Бұл сөзге біз де тоқтадық. Ішімізден бір ауылға бір депутат керек екен ғой деп кете бардық.

Төрехан МАЙБАС

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button