Аудандағы игі істер

    Сенбі күні облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ жұмыс сапарымен Осакаров ауданының Молодёжный кентіне барды. Сапар барысында аймақ басшысы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, жергілікті тұрғындармен кездесті.

Тұрғындар облыс әкіміне өз кенттеріне қатысты проблемалармен бөлісті. Кей мәселелер келесі жылы шешімін таппақ.

Облыс әкімі «Балапан» балабақшасында болды. Мектепке дейінгі мекемені үш жыл бұрын «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС коммуналдық меншікке берген. 140 орындық балабақша бүгінгі таңда жартылай толыққан. Себебі, ғимараттың қалған бөлігі жөндеуді талап етеді.

Биылғы жылы жылыту жүйесі мен шатырды жөндеу жұмыстары басталған. Жобалық-сметалық құжат әзірленуде. Ол 2018 жылдың наурызында дайын болады деп күтілуде. Тек, содан кейін ғана қаржыландыру мәселесі шешілетін болады.

Бұдан кейін Ерлан Қошанов кенттегі мектептер мен аурухананың жұмысымен танысты. «Ресурс орталығы» тірек мектебінде болып қайтқан аймақ басшысы оның негізінде интернат ашуды тапсырды.

Мектеп 1994 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Жоба бойынша ол бір мыңнан астам балаға шақталған. Алайда, мұнда небары 400 бала оқып жатыр.

Мектептің жартысы бос тұр. Дегенмен, басқа елді мекендерден, ауылдардан балаларды қабылдауға барлық жағдай бар. Келесі оқу жылында мұнда интернат ашылуы тиіс. Қазір бізде облыс бойынша 21 интернат бар. Күрделі жөндеуге облыстық бюджеттен ақша бөлеміз. Ал, жабдықтау аудандық бюджет есебінен болуы тиіс, – деді Ерлан Қошанов.

Алдын ала есеп құжаттарына сәйкес, интернатты ұйымдастыруға 27 млн. теңге қажет.

Билік басындағылардың жіті назарында жылыту маусымы да тұр. Молодёжный кентін «Қ.Сәтбаев атындағы канал» Қарағанды пайдалану басқармасының филиалы «Казводхоз» АММ қазандығы жылытады. 2017 жылы қазандықтар мен қосалқы құралдарды жөндеуге 7,6 млн. теңге жұмсалған. Облыс әкімі жылу көзінің жұмысымен танысып шықты.

Кездесу барысында ауыл тұрғындары аймақ басшысына «Осакаровка-Молодёжный» авто жолының жағдайына қатысты шағымдарын айтты. Көптеген мәселелер бойынша аудан орталығына ойдым-ойдым жолдармен жиі барып-тұруға тура келеді дейді жергілікті халық. Ерлан Қошанов бұл проблемамен таныс екенін, және де оның шешілетінін айтып сендірді.

Ұзындығы 12 шақырым осы жол бөлігін жөндеу жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатыр. Оның қорытындысы бойынша облыс республикалық бюджеттен қаражат бөлу туралы өтінім береді. 2018 жылы жұмыс басталады деп жоспарланып отыр.

Келесі жылы Молодёжныйда кентаралық жолдарды – екі көшенің жолдарын жөндеуге облыстық бюджеттен 40 млн. теңге бөлінеді.

Молодёжный кентінде 6 мыңнан астам адам тұрады. Ауыл белсенділері жас мамандарға баспана салу керектігін тілге тиек етті.

Барлық проблемалар кешенді түрде шешілу керектігін атап өтті Ерлан Қошанов.

– Молодёжный кентінің кешенді даму жоспары бар. 2017 жылы көшелер жарықтандырылды және қоқыс контейнерлері орнатылды, жылу жүйелері және жарық шамдар бағаналары жөнделді. Қаражат облыстық және аудандық бюджеттен бөлінді. 2018 жылы кентті абаттандыру бойынша жұмыстар жалғасады, – деді Осакаров ауданының әкімі Нүркен Қобжанов.

Ерлан Қошанов жұмыс сапары барысында, сонымен қатар, «Разрез Молодёжный» ЖШС жұмысымен танысты.

 

Облыс әкімінің

баспасөз қызметі.

Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.