Руханият

«Атлантида» шақырады

Қарағандылық талғампаз өнерсүйер қауым назарына суретші Айбек Бегалиннің көрмесі ұсынылды. Облыстық бейнелеу өнері мұражайында ашылған көрмеден үлкен және кіші, көркем және графикалық 145 жұмыспен таныса аласыз. Туындыларда көзтартар Атлантида, мәңгілік тіршілік және уақыттың өтпелілігі, футуристік мегаполистер, сұлулық пен өмірдің мәнін ашуға жетелейтін ойлар бар.

Сурет: ұйымдастырушылардан

Көрмеге суретшінің 2003 жылдан бастап, былтыр аяқталған «Апокалипсис» циклінің бес үлкен картинасы қойылған.

– Мұнда 1996 жылдан 2024 жылға дейінгі салынған 145 жұмысым тұр. Бұл туындылардың арасында 20 жыл бойы салған суреттер де бар. Ол картиналар негізгі қабырғаға ілінген, олардың мөлшері – 180х120. Атап айтсақ, «Атлантида», «Мегаполис», «Дирижабль», «Уақыт» , «Жұлдыздың құлауы».

Осы көлемді бес жұмыстың бәрі бір уақытта 2003 жылы басталып, 2023 жылы аяқталды. Жаңа жұмысым – «Орхидеялар» триптихі. Мұнда жұртшылық суреттердің эскиздері мен толық нұсқасын көре алады. Мен оларды салған кезде қалалық, ең минималистік интерьерді елестеттім. Ең ескі жұмыстарым 1996 жылы салынған туындылар, – деп атап өтті Айбек Бегалин.

Суретшінің философиялық жұмыстарына «Ойтолғам» тау шыңдарының фонындағы Сиддхарта жатады. Сиддхарта – Будданың дүниеге келгенде қойылған есімі.

Экспозицияға пейзаждар да кірген. Олар «Қарағандының портреттері», «Кеншілер сарайындағы Аллея», «Федоров су қоймасы», сондай-ақ, Қытай және Лос-Анджелес маңындағы теңіз көріністері.

Тағы бір айта кетерлігі көрмеде гррафикалық жұмыстар да баршылық.

– Айбек ешқашан реализмнен бас тартқан емес, оның жұмыстары классикаға негізделген. Сонымен бірге, жұмыстардың жанды әсерден, қиялдан, тынымсыз ой кешуден туатынын аңғарасыз.

Ал, мұның иллюстрациясы деп «Кемелер» сериясын айтуға болады. Кеменің мотиві оның тұтас шығармашылығынан байқалады. Айбек мұндай тақырыпты кескіндемеде де, графикада да ойлап таба біледі. Ұшатын кемелер – бостандықтың, асқақ рухтың көтерілуінің нышандары. Суретші өзінің «бегалиграфиясын» графикалық тілде де, техникада да жетілдіріп келеді. Қазір кескіндеме жұмысының сипаты айтарлықтай өзгерген. Жарқын, қарама-қарсы, пластикалық байи түскен. Жалпы, жұмыс стилі барған сайын дамып келеді, – дейді өнертану профессоры, Өнер академиясының академигі Лариса Золотарева.

Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі академик Болат Мұхамедиев те Астана қаласынан Айбек Бегалинмен жеке танысу үшін арнайы келіпті.

– Мен суретшіні Facebook желісі арқылы білемін. Оның шығармашылығы, сурет өнері туралы ойы қызықтырғандықтан, Астанадан танысу үшін әдейі келдім. Мен – абстрактілі суретшімін. Айбек Бегалиннің соңғы жұмыстары – керемет. Айбек – жан-жақты суретші, ол реалистік картиналарды, портреттерді және күрделі дерексіз жұмыстардың қыр-сырын жақсы біледі. Оның шығармашылығының ауқымы кең, – дейді Болат Мұхамедиев.

Айбек Бегалин – белгілі суретші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Қазақстан Республикасы Өнер академиясының корреспондент-мүшесі. Сонымен қатар, Ресей Өнер академиясының дипломанты, Қытайдың Шығыс Халықаралық өнер институтының құрметті профессоры. «Құрмет» орденімен марапатталған. Қарағанды қаласы эмблемасының авторы.

Елдің назарын өзіне бұрып, ыстық ықыласына бөленген, адамға ой салатын «Атлантида» көрмесінің 21 сәуірге дейін жалғасатынын айта кеткен жөн.

Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button