Спорт

Қатарынан қос күміс

Екі бірдей спортшымыз Париж Олимпиадасының финалына шығып, төбеміз көкке екі елі жетпей қалған-ды. «Алтын алар» деп үміттендік. Алайда, алтын қолға түспеді. Грек-рим күресінен 77 келіге дейінгі салмақта белдескен Демеу Жадыраев пен ерлер арасында 80 келі салмақта жұдырықтасқан Нұрбек Оралбай ақтық кезеңде қарсыласынан айласын асыра алмай, күміс жүлдені қанағат тұтты.

Суреттер: ҰОК

Грек-рим шебері Демеу Жадыраев 77 келі салмақ дәрежесінде ақтық сында жапон балуаны Нао Кусакамен күресті. Алтынға талас жолында Жадыраев қарсыласына 5:2 есебімен жол беріп, күміс медаль еншіледі. Бұл – Қазақстан қоржынына түскен алтыншы жүлде.

Кездесу басында Демеу ептілік танытып, екі ұпай еншілегенде «Алтын аламыз!» деген сенім пайда бола бастаған. Десе де, кездесудің ортасына қарай жапондық балуан бар күшін салып, бес ұпайды бір-ақ алды. Осылайша, ел күткен алтын медаль қолдан сусып кете барды.

Демеу Жадыраев ақтық сынға жеткенше Колумбия спортшысы Джейр Куеромен күресіп, мерзімінен бұрын жеңсе, ширек финалда екі дүркін әлем чемпионы қырғызстандық Ақжол Махмудовтан басым түсті. Жартылай финалда Әзербайжан спортшысы Санан Сүлеймановтан айласын асырған еді.

Ол осы жетістігімен-ақ, ел спортының тарихына есімін жазды. Қазақстан ҰОК президенті Геннадий Головкин спортшыны құттықтап, жеделхат жолдады.

– Барша халық Сізбен мақтанып, қуанышыңызға ортақтасып жатыр. Төзім, күш, рух және тынымсыз еңбектің қайтарымы деп дәл осы жүлдені айтсаңыз болады. Сіздің шеберлігіңіз бен жанкештілігіңіздің арқасында Қазақстанның көк байрағы Олимпиада төрінде желбіреді. Жеке бапкерлеріңіз Жұмақан Тұрғамбеков пен Боранбек Қоңыратовқа да шексіз алғыс білдіремін! – делінген хатта.

Ал, боксшымыз әлем чемпионы Нұрбек Оралбай украиналық Александр Хижнякқа есе жіберді. Бұл – бокстан ел қоржынына түскен екінші жүлде.

«Олимпиаданың күміс жүлдесі – үлкен марапат. Сіз жанкүйер мақтанатындай жекпе-жек көрсеттіңіз. Нұрбектің жеке бапкері Асқар Еркебаевты да құттықтаймын! Ол шәкіртін Олимпиада тұғырына алып келген мықты маман. Сіздердің алғашқы Олимпиадаларыңыз спорттық мансаптарыңыздың тек бастамасы болсын!. Еліміздің көк байрағы биікте желбірей берсін!» – деп жазды құттықтау жеделхатында Геннадий Головкин.

Ал, 8 тамыздағы белдесулерде ел спорт­шылары спорттың бес түрінен өнер көрсетті.

Елжана Тәниева көркем гимнастика­дан бәсекеге түсіп, жекелей көпсайыс бойынша төрт жаттығудан 126,600 ұпай жинап, 13-орынға тұрақтады. Үздік он спортшы іріктеуден өткен финалға шығу үшін бұл жеткіліксіз болды. Десе де, Тәниева үшінші нөмірмен резервке қойылды және ондықтың үш гимнастшысы өнер көрсете алмаса, теориялық тұрғыдан финалға жолдама алуы ықтимал.

Еркін күрестен Азамат Дәулетбеков (86 келі) 1/8 финалда америкалық Аарон Бруксқа 3:4 есебімен ұтылып, жарысты тоқтатса, Мейрамбек Қартбай (57 келі) турнирдің дәл осы кезеңінде қырғызстандық еркін күрес балуаны Бекзат Алмаздан айласын асыра алмады. Спорттық өрмелеу­ден «Жылдамдық» бойынша ел намысын ерлер арасындағы ширек финалда Әмір Маймұратов қорғады. Ол жартылай финалға шығу үшін ирандық Реза Алипурмен белдесіп, есе жіберді. Ирандық жолды 5,57 секундта, қазақстандық 6,14 секундта бағындырды.

Қазіргі бессайыста Георгий Борода-Дудочкин ерлер арасында, Елена Потапенко әйелдер арасында өнер көрсете бастады. Бірінші раундта семсерлесу шпапасынан Борода-Дудочкин 175 ұпай жинап (10 жеңіс және 25 жеңіліс) соңғыдан кейінгі 35-орынға тұрақтады. Потапенко 27 орынға ие болды. Оның еншісінде 200 ұпай (15 жеңіс және 20 жеңіліс).

Ал, тоғызыншы тамыз күні бәсекені отандасымыз таэквондошы Батырхан Төлеуғали жеңіспен бастады. Батырханның қарсыласы Мали спортшысы Исмаэл Кулибали болды. Бірінші раунд отандасымызға берілсе (5:4), қарсыластар 1:1 есебімен екінші үзіліске шықты. Бірақ, техникалық артықшылыққа байланысты раунд африкалыққа берілді. Шешуші үшінші сегментте Батырхан жеңісті жұлып алды (2:1). Енді 1/8 финалда екі дүркін әлем чемпионы, 2022 жылғы Еуропа чемпионатының алтын иегері Симоне Алессиомен кездеседі.
Еркін күрестен Юсуп Батырмырзаев сайысқа түседі және байдарка мен каноэде есуден Мария Бровков мен Руфина Ысқақова ел намысын қорғайды.

Қазіргі бессайыстан 16:00-де Георгий Борода-Дудочкин жарысады.
Ал, жеңіл атлетикадан Дэйзи Джегкемей финалда жүлделерді сарапқа салады. Олимпиаданың он үшінші жарыс күнінен кейін Қазақстан құрамасының қоржынында 1 алтын, 3 күміс, 3 қола жүлде тұрғанын атап өткен жөн.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»
Суреттер ашық дереккөзден

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button