Тарих

Ат арбамен – ажал апанына

 Ұлы Жеңістің 40 жылдығы қарсаңында Қарқаралы ауданының тумасы, облыстық атқару комитетінде қызмет істейтін Әмірхан Әшімов есімді азамат маған осы суретті ұсынып, қысқаша тарихын әңгімелеп берді…

«Соғыс басталған жылы жасым он жетіден асқан бала жігітпін. №5 ауылда, «Совет» колхозында түрлі жұмыстар атқарып жүргенмін. Елмен бірге біздің ауылдың азаматтарына да әскери комиссариаттан шақырту қағаздары келе бастаған. Күнде қоштасу, күнде жылап-сықтау…

Шілде айының алғашқы күндерінің бірінде колхоз бастығы шақырып алды да:

– «Қазір атқораға барып, менің күрең қасқамды күпшегі мықты, дөңгелегі дұрыс шенделген арбаға жеккіз. Мен айтты де. Шақырту келген азаматтарды Қарағандыға алып жүресің» – деді. Содан тағы да жылапсықтау. Туған-туыстармен қоштасып, түстен кейін шығып кеттік. Жол бойындағы ағайындардың үйіне әрі ат шалдырып, әрі түстеніп, араға төрт қонып, бесінші күн, Қарағандыға жеттік.

Соғысқа баратындарды облыстық атқару комитеті жанындағы «Октябрь» кинотеатрының алдынан аттандырады екен. Сол жерде ауыл азаматтарымен осы суретке түскен едік. Сен журналиссің ғой. Елдің бір қажетіне жаратарсың…».

Осы суретті 1985 жылы 9 мамыр қарсаңында «Орталық Қазақстан» газетіне бергенімде екі-үш адамның есімін анықтай алмағанмын. Кейін ауылымыздың абыз ақсақалы Төлеутай Тілегенов ағамызға жолығып, суреттегі белгісіз болған азаматтардың аты-жөнін нақтыладым. Осы тарихи суретті 22 маусым күні қарсаңында оқырмандар назарына ұсынғанды жөн көрдім.

СУРЕТТЕ: бірінші қатарда отырғандар (солдан оңға қарай): Қойшығара БИЖАНОВ (соғыстан оралған жоқ), Әмірхан ӘШІМОВ, үшінші адам белгісіз. Екінші қатарда отырғандар (солдан оңға қарай): Сәмтікбай ОСПАНОВ, Әбақан ӘМІРИН (соғыстан оралған жоқ), Мұхтар ЖАҚАЕВ, Нұркейбек ТАУЫҚБАЕВ (екеуі де соғыстан оралған жоқ), Ахмет (фамилиясы белгісіз). Үшінші қатарда (солдан оңға қарай): Әбдікеш (Нұркеннің әкесі Әбдірдің інісі), Ахмедия АСҚАРОВ, Қаппас ЕЛЕУСІЗОВ, Құрманбай ТОЙЫМБЕКОВ (үшеуі де соғыстан оралған жоқ), Азнабек НІЛДІБАЕВ.

 Тілеуқабыл БАЙТҰРСЫН,

 Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button