Руханият

Ғасыр ғұламасының ғибраты

Ғасыр адамы, қазақтың ғұлама физигі Темірғали Көкетаев 85 жасқа толды. Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында мерейтой иесімен кездесу өтті. Шараға облыс басшылығынан бастап зиялы қауым өкілдері қатысты. Шаһардағы физикаға қызығушылық танытқан студенттер де жиын залын лық толтырды. Ғалымның ғұмыр жолы хақында баяндамалар жасалып, көңілдегі көрікті ой айтылды.

Физиканың заңы бойынша 180 градусқа дейін қыздырылған қатты дене сыртқа жарық береді. Ал, біздің Темірғали Көкетаев суық жарықты ойлап тапқан. Яғни, дене қызбай-ақ, жарық шашады. Ғылымда бұрын-соңды мұндай жаңалықты ешкім ашпаған. Ғылым көшінің басындағы елдердің ғұлама ғалымдары қазақ физигін бір ауыздан мойындаған. Міне, әлемді аузына қаратқан қазақтың генийі жиын залына ешқандай дабырсыз аяң басып кіріп келді. Студентпен де, кітапханашылармен де амандасып, көзінің нұрын шашып кірді. Ғалымды көрген бетте журналис­тер қаумалап алды. «Бүгінгі кездесу жөнінде бірер сөз» деп микрофонды ұсынған тілші жігітке сәл ғана жымиды. «Өзім туралы айтып қайтемін. Мені Темірғали еткен ғылым туралы айтайын» деп, таудай тұлғасының қарлы шыңын жылт еткізді. Темірғали Көкетаев сұхбат барысында бүгінгі Қазақстанның ғылымы кенжелеп қалғанын айтып, күйінді.

– Менің ойымша, Қазақстанның ғылымы нашарлап кетті. Совет үкіметін аңсап тұрғаным жоқ. Бірақ, сол уақыттарда керемет ғылыми мектептер болатын. Солардың бәрін тәуелсіздік алғаннан кейін тоқыратып алдық. Ғылым академиясын жабу деген сөз – ғылымды құрту деген сөз. Сол ғылыми мектептерді қалпына келтіру – қиынның қиыны. Қазақ – негізінде өте қабілетті халық. Қабілетті жастарға тиісті жағдайды жасаса, 10-15 жылда дамыған елдердің қатарына міндетті түрде қосыламыз. Қазаққа қазір ұран емес, ғылым керек, – деді ғалым.

Кездесуге облыстық ішкі сая­сат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов қатысып, мерейтой иесіне аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаевтың құттықтауы мен ыстық ықыласын жеткізді. Хатта «Сізді 85 жасқа келуіңізге орай өткізіліп отырған бүгінгі арнайы шарамен шын жүректен құттықтаймын! Көп жылғы ғылыми-педагогикалық және қоғамдық қызметтеріңіз, таңдаған ісіңізге адалдығыңыз барынша терең сезіммен құрметтеуге және мойындауға лайықты. Физика ғылымы саласындағы елеулі еңбектеріңіз еліміздің деңгейінен асып, халықаралық дәрежеде кеңінен танымал болды. Соның нәтижесінде, 2007 жылы ғылым және техника бойынша Сократ атындағы халық­аралық сыйлықтың лауреаты атандыңыз» делінген.

Нұрлан Бикенов Темірғали Көкетаевтың қайраткерлігі жөнінде де айтты. Ғалым Қарағандыдағы бірнеше көшеге қазақша атау берілуіне ықпал жасаған екен. Ұлттың болашағына қатыс­ты қоғамдық маңызы бар жиындардан қалыс қалмайды. Әлі қуаты тың. Ақсақал «Халқымның әлі талай қызметіне жараймын» деп отыр.

Кездесу барысында студенттер Темірғали Көкетаев хақында баяндама жасады. Түсінуімше, болашақ тарихшылар. Баяндама жасаған бір жас тарихшы «біз ғасырдың ғұламасымен бірге отыр­мыз. Бұл – түсінген адамға зор бақыт» деп тебіренісін жеткізді. Рас, бүгінгі жұрт Темірғали Көкетаевтың қадірін жете түсінсе, шіркін…

Темірғали Көкетаевпен жиыннан соң бірер минут әңгімелестік. Аузында – тек ұлттың арманы. Жанарынан «халқым» деп соққан жұмыр жүрегінің жарқылын көресіз. Бір кезде «Әттең» деп күрсінді.

Әттең, мына жұрт Темкең аңсаған арманға қарай бет алса…

Ерік НАРЫН,
Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button