Басты тақырыпТарих

Ғасыр қанатында

      Былтыр Алаш ардақтысы Әлихан БӨКЕЙХАННЫҢ жүз елу жылдығын ЮНЕСКО көлемінде тойладық. Кір жуып, кіндік қаны тамған Ақтоғай топырағында дүркіреп той өтті. Сол тойда Әлиханның шын мәніндегі шырақшысы, өлкетанушы Тұңғышбай МҰҚАН тамаша дерек келтірді:

Мың сегіз жүз отыз сегізінші жылы Меркі мен Шудың арасындағы Қоскөл деген жерде Алаш арысы Әлиханның әкесі Нұрмұхамед туған. Қорғаштың Қоскөлі деп аталатын бұл жер Керей мен Жәнібектің алғаш Қазақ хандығын құрып, тарих таңбасына айналдырған әйгілі Қозыбасымен жапсарлас орналасқан. Сөйтіп, хандар әулетінің тағы бір ұрпағының кіндік қаны қазақ хандығының туын тіккен киелі топыраққа тамған деуге негіз бар” деді.

       Сол Нұрмұхамедтен туған текті жұрат, атаулы хан нәсілі Әлихан БӨКЕЙХАН осыдан тура жүз жыл бұрын, 1917 жылы “Алашорданың” төрағасы болып сайланады. Яғни, биыл Алашорда үкіметі құрылып, Алаш автономиясы жарияланғанына 100 жыл!

       Атаулы мереке, қастерлі тарихтың қасиетті бір парағы! Ел болып тойлар ұлы оқиға! Найзасы бұлт сыпырған Наурызбай мен Кенесары хан аңсаған азаттыққа Әлихан бастаған Алаш ардақтылары жеткен күн!

       Сіздерден сүйінші сұрай отырып, біз мынаны айтқымыз келеді: былтырғы той осы оқиғаға бастама тарих. Той көші де, ой көші де Қарқаралыдан қозғалған. Алаш идеясы Қоянды жәрмеңкесінде дүниеге келіп, патша үкіметіне «Қарқаралы құзырхаты» дарярланғанын ескерсек, бұл тойға Арқа атырабы айрықша мән беруі керек.

       Тойды Октябрь ауданының атын Әлиханға беруден бастау міндет. Той – ас ішіп, аяқ босату емес, тілек айтып, тірек нығайтуға сеп.

       Және қосымша ұсыныс Әлиханның сенімді серігі Әлімханның «Сарыарқа» газетіне жазған сүйіншісінен туындайды. Онда Ә.Ермеков: «Декабрьдің 12-сі күні, түс ауа, сағат үште дүниеге Алаш автономиясы келіп, азан шақырып ат қойылды. Алты алаштың баласының басына ақ орда тігіліп, Алаш туы көтерілді. Үлкен ауылдарға қоңсы қонып, шашылып жүрген қырғыз қазақ жұрты өз алдына ауыл болды. Отансыз жұрт Отанды болды» деп жазды.

      Яғни, біздің Тәуелсіздік мерекесін тойлар күн 12 желтоқсан еді-ау!..

      Қандай жағдай боласын, Алтын Ордадан Алаш Ордаға дейінгі Ұлы Даланың Мәңгілік мемлекеті – Қазақияның азаттығы баянды болғай!

Мирас АСАН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button