Руханият

Ғасыр ғалымының ғибраты

Ғылыми-техникалық прогрестің жаһандануы ғылыми ізденістерді дамытуда да, тәрбиелік мақсатта да ұрпақтар сабақтастығын сақтау қажеттілігін талап етеді. Осы тұрғыда алғаш рет «жасанды кристалл» алған және сол арқылы Қазақстан мен бүкіл әлем ғылымының дамуына орасан зор үлес қосқан, дүниежүзі физиктерінің арасында «ХХ ғасырдың ғұлама адамы» атанған тұлға туралы ерекше айтқан жөн. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ұжымы физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Темірғали Көкетаевтың 85 жасқа толған мерейтойын атап өтті. Ректор Нұрлан Дулатбековтің салтанатты түрде атап өту туралы ұсынысына мерейтой иесі келісімін бермеді, қарапайымдылығын осыдан-ақ байқауға болады.

Сурет: tengrinews.kz сайтынан

Арқаның ардақтысы

Арқа өңірі ұлы би-шешен, батыр, қайраткер, ақын, сазгер, әнші, күйшілерімен танымал. Әлихан Бөкейхан, Жақып Ақбаев, Әлімхан Ермеков, Қаныш Сәтбаев, Тоқтар Әубәкіров сынды алыптардың қатарына Жапония, АҚШ, Англия, Франция, Германия ғалымдары дүниежүзілік ғылымға қосқан үлесін мойындаған, әлемнің белгілі Оксфорд, Кембридж, Жапония, Түркия, Үндістан, Ирландия, Германия университеттерінде студенттер мен ғалымдарға дәріс оқыған тұңғыш қазақ ғалымын да қосуға болады.

Бала Темірғалидың дарындылығы мектепте оқып жүрген кезден-ақ белгілі бола бастайды. Қазақ орта мектептерінің түлектеріне шығарма жазу үшін ұсынылған үш тақырыптың ішінен Көкетаев Н.Островскийдің «Болат қалай шынықты» тақырыбын таңдайды. Журналист Н.Быстролетов өзінің «Қазақстан мұғалімі» газетінің 1957 жылдың 6 маусымындағы №24 санында жарық көрген «Кәмелеттік аттестатқа» атты мақаласын: «Жоқ, бұл ең жақсы шығарма емес, бұл жұмыстың кемшіліктері де жоқ емес: қателер де, жаңылыс қолданыстар да бар, тыныс белгілерінің қойылуы да мінсіз емес, бірақ дәл осы шығарма өзінің тәуелсіздігімен, шынайылығымен, жетік ойларымен, қалыптан аулақ болу ниетімен, өз тілімен сөйлеуге деген ұмтылысымен тартады. Иә, Темірғали сүйікті жазушысының өмірін терең зерттегені анық, ол өзінің шығармасын «Н.Островскийдің қысқа, бірақ өмірлік тәжірибеге бай, қат-қабат қиындықтарға, қасірет пен қайғыға, өмірге құштарлықты сөнгелі тұрған жерінен қайта оятатын күштерге толы, алаулаған жалынның ұшқынынан тұтанған терең мағыналы өмірі кеңес жастары үшін, барлық кеңес халқы үшін еліктеуге әбден тұрарлық. Бұл жұмысты оқу өте қызықты, әрі мұғалімі З.Лузгина мұндай оқушыларын мақтан ете алады», – деген жолдармен аяқтапты.

Мақалада қазақ орта мектептерінің оқушылары стилистикалық қателіктер, екпінсіз дауысты дыбыстардың, жуан және жіңішке дауыссыз дыбыстардың қолданылуы жағынан қателіктер жіберетіні айтылған. Көріп отырғанымыздай, қазақ мектептерінің оқушыларына қойылатын талап өте жоғары болған. Оқушы Темірғалидің жазған шығармасындай орыс мектебінің кез келген үздік оқушысы жаза алмас еді. Жасынан өз дегеніне жете алатын, қалыптасқан қағидаларға қарсы тұра алатын, қиындықтарға төтеп бере алатын, өзіндік ой-пікірін дәлелдей алатынын осылай көрсетеді. 1957 жылы мектепті бітірген соң М.Ломоносов атындағы ММУ-ге оқуға түсуге барады. Алайда, ол кезеңде ұлттық кадрлар туралы КОКП басшылығының нұсқауларында болған ұстанымдарға байланысты емтихандарын «өте жақсы» тапсырса да, Темірғали оқуға қабылданбайды.

Университетке түсе алмаған соң, екі жыл туған ауылында шопан болып еңбек етеді. Бұл жөнінде Темкеңнің өзі: «Егер мен қой бағып қалсам, «Социалистік Еңбек Ері» атанар едім», – дейді. 1959-1964 жылдары ҚазПИ-де физика-математика мамандығы бойынша оқиды, сонда ғылымға деген ерекше қабілетін көрсетеді.

Институтты аяқтағаннан кейін Тарту мемлекеттік университетінің аспирантурасына түсу үшін құжат тапсырады, бұл университет ол кезде КСРО-да қатты дене физикасы, иондық кристалдар бойынша ең жақсы ғылыми мектеп қалыптасқан орталық болатын. Қазақстан үшін аспирантураға түсуге жалғыз квота-орын бөлінеді, бірнеше үміткер арасынан Темірғали Көкетаевтың кандидатурасы да өтеді. Екі жыл іс-тәжірибеден өтуші-зерттеуші, үш жыл осы университеттің аспиранты болады. Оның ғылыми жетекшісі КСРО Ғылым Академиясының әлемге белгілі академигі Чеслав Лущик болатын. Ғалымның айтуына қарағанда эстон, орыс, ағылшын тілдерін үйренуді ғылыми жұмыспен ұштастыру оңайға түспепті, бәрін тастап, туған елге қайтып кеткісі келген кездері де болыпты. Алайда, намысқой қыр баласының ерік-жігері мен мінезі барлық қиындықтарды жеңіп шығуға итермелеген еді. Киелі Ұлы Дала қорқақтық пен әлсіздікті кешірмейді, ол мұны бала кезінен түсінген.

Тыңға түрен салған қазақ

«Мыс және күміс иондарымен белсендірілген сілтілі галоидты кристалдардың оптикалық және радиациялық қасиеттерін зерттеу» атты ғылыми-зерттеу жұмысы Тарту университетінде қорғалған кандидаттық диссертациясына тақырып болды. Осы кезеңде жас ғалым әлемде алғаш рет «негізгі кристалдың энергетикалық аймақтарына қатысты қоспа иондарының электрондық деңгейлерінің орнын анықтау» бойынша жұмыс істеді. Кейіннен ол жасаған эксперименттік әдістер әлемдік ғылыми әдебиеттерде «абсолютті спектроскопия» деген атауға ие болды.

Диссертация тақырыбы физикадағы жаңа, тың, өте аз зерттелген бағыт болатын. Табиғи кристалдар – өте әдемі, атомдары мен молекулаларының орналасу реті кристалдық тор түзетін қатты денелер. «Мен жасанды кристалды қолдан жасап, оның пайда болу құпиясын білгім келді», – дейді кейіпкеріміз. Профессор жетекшісінің гипотезаларының біріне қайшы келетін «Кристалдардың суық жарық шығару мәселесі» деген мақаласын жазып, одан мақаланың бірлескен авторы болуын сұрайды. Өйткені, белгілі ғалыммен бірлескенде ғана әлемнің беделді журналдарында жариялауға болатын. Жетекшісі болса бұл гипотезаның мүмкін еместігін екі мәрте айтып, рұқсат бермейді. Жас ғалым өз идеясының дұрыстығын дәлелдеу үшін зертханалық зерттеулерді қайта-қайта жүргізуге мәжбүр болады, кристалды алуға қол жеткізгеннен кейін оның сипаттамасын жасап, жетекшісіне үшінші рет келеді. Профессор бұл жолы «бәрі дұрыс» деп мойындағанымен, бірлескен автор болудан бас тартады. «Жетекшім келіспеген соң мақаламды 1969 жылы Қазақ педагогикалық институтының ғылыми журналында өз атымнан жариялауға мәжбүр болдым», – деп нақтылады Темкең.

Темір аға кандидаттық диссертациясын 1970 жылы сәтті қорғаған еді. Зерттеудің жаңалығы мен өзіндік ерекшелігі көптеген профессорларды таң қалдырып, олар ғылым жолын докторантурада жалғастыруға кеңес береді. Кандидаттық диссертациясын қорғағаннан кейін Темірғали Көкетаев Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтында аға оқытушы, доцент, физика факультеті деканының орынбасары болып қызмет істейді.

1976 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры, профессор Евней Бөкетов Темір ағаны «Қатты денелер физикасы» кафедрасын басқаруға шақырады. Сол жылдан бастап, Темкеңнің бүкіл өмірі мен қызметі Қарағанды университетімен тығыз байланыста өрбіді. Қысқа мерзім ішінде ректор Евней Бөкетов пен Темірғали Көкетаевтың арасында өте жақын достық қарым-қатынас орнайды. Евней Арыстанұлы оны «Темке» деп құрметтейтін. «Евней Арыстанұлы ғалым, жетекші, ақын әрі патриот ретінде көпқырлы тұлға болатын. Әділдік, тектілік пен адамгершілік – менің досымның, тәлімгерімнің өмірінің басты критерийлері еді», – деп еске алады Темір аға бүгінде.

«Көкетаев мектебінің» көктемі

Жұмыс барысында Темірғали Әбілдаұлы оқыту мен ғылыми-зерттеулерге, жоғары білікті мамандарды даярлауға ғана емес, сонымен қатар студенттерге патриоттық тәрбие беруге де көп көңіл бөледі. Ол үшін білім мен тәрбие егіз, әрқашан бір сатыда тұрады. «Ректорымыз Е.Бөкетовтің беделінің арқасында, қысқа мерзім ішінде Кеңес Одағының түпкір-түпкірінен оқу және ғылыми зертханаға қажетті жабдықтар жиналды», – дейді Темкең. Осы жылдар ішінде Қарағанды қаласында физиканың ең мықты ғылыми мектебі қалыптасты. Мектептердің дарынды оқушылары, ол қызықтырған студенттер «Көкетаев үйірмелеріне» қатысатын. Кейін оны мақтанышпен «Көкетаев мектебі» деп атайтын болды.

1987 жылы Темірғали Әбілдаұлы Ресейде «Әртүрлі модификациясы бар белсендірілген иондық кристалдардағы люминесценция және электронды қозулар, яғни заттың энергетикалық диаграммаларының иондарға салыстырмалы орналасуы» тақырыбында докторлық диссертация қорғады. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін докторлық диссертация қорғау қазақтар үшін оңайға соққан жоқ. Диссертацияның тақырыбы ол кезде жабық (құпия) болды, КСРО ғылымын дамыту қажеттілігінің арқасында ғана оған жол ашылды.

«Мені үнемі ғылым қызықтырды, басты мақсатым зертханада кристалдар өсіру, ғылымның жаңа бағыттарын іздеу болды», – дейді Темірғали аға.

1989 жылы физика мамандықтары бойынша қазақ бөлімдерін ашты. Ауыл мектептерінің түлектеріне ана тілінде білім алу үлкен қуаныш әрі көмек болды, ауылдан қанша студент жоғары оқу орнына түсіп, ана тілінде оқуға мүмкіндік алды. Өйткені, мектепті қазақ тілінде бітірген студенттер емтихандарда қиналатын, тақырыпты жақсы біліп тұрса да, орысша көсіліп сөйлей алмайтын, ойын толық жеткізе алмай, шәкіртақысынан айырылып жататын, оқуды тастап кеткен жағдайлар да кездесті. Сауатты студенттердің көбісі орыс тілін нашар білгендіктен оқудан, әсіресе техникалық мамандықтардан бас тартуға мәжбүр болды. Оған дейін ешбір ЖОО-да қазақ бөлімдері болған жоқ. Ендеше, Қарағанды университетінде қазақ бөлімдерінің ашылуына тікелей атсалысуы ғалымның азаматтық парызы әрі азаматтық ерлік деп есептейміз.

1997 жылы университеттің ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры бола отырып, кандидаттық диссертация қорғау жөніндегі «Өңірлік диссертациялық кеңестің» ашылуына бастамашы болды. Бүгінгі таңда аталған «Көкетаев мектебінде» сегіз докторлық, отыздан астам кандидаттық диссертация қорғалды. Осы уақытқа дейін Темкең бірқатар жас PhD докторанттың ғылыми жетекшісі болды.

Кембридж таңдауы – қазақ ғалымы

Англияның Кембридж университетінде «Адам өмірбаяны институтында» ғасыр аяғында ғалымдар физика саласындағы ең жоғары жетістіктерге қол жеткізген бүкіл әлем ғалымдарының байқауына деректер жинайды және олардың еңбектері Үлкен Энциклопедияда басылады. Жапония ғалымдарының ұсынысы бойынша профессор Темірғали Көкетаевтың ғылыми еңбектері осы сыйлыққа ұсынылады. 1994 жылы Англиядан «Халықаралық Кембридж биография орталығының» «Gutstanding People of 20th century» «ғасырдың ең жақсы жаңалығы» рейтингі бойынша ұсынылған «ХХ ғасырдың көрнекті тұлғалары» сыйлығына үміткер екендігі туралы хат келеді. «Мен сенбедім, – дейді Темкең аға, – олар қателескен шығар деп мән бермедім… Екі ай өткен соң мақалаларымның бірін осы байқауға жіберуімді сұрап жазған хат тағы келді». Әкесінің атақ-даңққа қызықпайтын болмысын жақсы білетін қызы Қарлыға Көкетаева 1969 жылы Алматы мемлекеттік педагогикалық институтында жарияланған «Қатты денелердің абсолютті спектроскопиясы» атты мақаласын ағылшын тіліне аударып, «Халықаралық Кембридж биография орталығына» жібереді.

Арада бес жыл өткен соң, 1999 жылы Англияның Кембридж институты «ХХ ғасырдың көрнекті тұлғалары» атты сыйлығын алған Темірғали Көкетаевтың атына шақыру жібереді. Түрлі жағдайлар себеп болып, осындай үлкен марапаттың берілу салтанатына бара алмай қалады. Марапат пошта арқылы келеді. Әлем ғалымдары оны «Ғасырдың ұлы ғалымы» деп мойындаған кезде алғашқылардың бірі болып Эстониядан ғылыми жетекшісі Чеслав Лущик құттықтайды. Шәкірті үшін мақтанышпен көзіне жас алып: «Мен сені жете бағаламадым, сенің тақырыбыңның ХХ ғасырдың жаңалығы екенін түсінбедім, сен – ең жоғары марапатқа ие болған алғашқы қазақсың», – дейді. Темкеңнің «Неге мені бірінші қазақ деп ойлайсыз» дегеніне «Қымбаттым, сен бірінші қазақ емессің, бірақ ТМД елдерінің ғалымдары арасында бірінші болып осындай құрметке ие болдың», – дейді. «Ғылыммен жетістік пен атақ алу үшін емес, тек ғылым үшін айналысу керек», – деп есептейді ҚР Ғылым Академиясының корреспондент-мүшелігіне конкурстан өтпей қалған Темірғали Әбілдаұлы. Қарағандыдан шыққан ғалым «ХХ ғасырдың көрнекті тұлғалары» жинағына енген алғашқы қазақ екені орталық аймақтың тұрғындары үшін үлкен мақтаныш деп есептейміз.

Темірғали Көкетаевқа Кембридж университеті «2001 жылдың Халықаралық ғалымы» атағын беріп, «ХХІ ғасыр ғалымы» дипломымен, атаулы жазуы бар алтын медальмен марапаттайды. 2002 жылы Орталық Азия мен Қазақстанның «Халықаралық Кембридж биография орталығының» Вице-консулы болып сайланды. 2003 жылы Ирландия Республикасы Дублин қаласына Ғылым, Білім және Мәдениет бойынша әлемдік симпозиумға шақырылды. Номинация авторы – еңбектеріне ең көп сілтеме жасалатын ғалым, Халықаралық Сократ сыйлығының лауреаты. Англияға, Қытайға, Түркияға, Үндістанға, Жапонияға және т.б. дәріс оқуға жиі шақырылады.

Аздап түсініктеме беріп кетсек, кристалдар мен олардың қасиеттерін зерттейтін ғылым «кристаллография» деп аталады. Кристалдар («криос» грек тілінен «мұзды суық» дегенді білдіреді) – атомдары қатаң ішкі тәртіппен орналасқан қатты денелер, олардың сыртқы тегіс беттерінің – қырларының симметриясына сәйкес келеді. Кристалл – бұл ешқашан ерімейтін тасқа айналған мұз. Кристалдар ультракүлгін және инфрақызыл сәулеленуге мүмкіндік береді, оптикалық құрылғылардың призмалары мен линзаларын жасау үшін қолданылады. Компьютерлерде, күн батареяларында, ғарышты зерттеу үшін және ғарыштық ұшу аппараттарының жабдықтарында қолданылады, күн энергиясын электр энергиясына айналдырады.

«Мен әлемде алғаш рет негізгі кристалл деңгейіне қатысты қоспалардың энергетикалық деңгейлерінің өзара орналасуын эксперименталды түрде анықтадым. Бұл позицияны жиырма кристалға дейін анықтай алатын адам жаңа теория жасайды және оның заңдылығын анықтайды, ол Нобель сыйлығын алады», – дейді ғалым. Бұл теория бойынша түпкі нәтижелерге қол жеткізу үшін бірегей стандартты емес құрал-жабдықтар мен айтарлықтай қаржылық инвестициялар қажет. Шамамен, жақын болашақта ғылымға үлкен қаржы құйылатын, мүмкін емес теорияны ашуға мүдделі елдерде Қазақстаннан шыққан қарапайым ғалымның ғылыми идеялары мен әзірлемелерін жалғастыра отырып, жаңа заң мен «абсолютті спектроскопияның» жаңа теориясы жасалуы мүмкін. Әңгіме барысында оның шәкірттерінің бірі Асхат Балтабеков: «Кристалды радиациялық фонның дозиметрі ретінде де, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін де қолдануға болады, кристалл радиациялық фонды сіңіреді және қызған кезде радиацияның нақты дозасын береді» деп түсіндіреді. «Табиғи кристалл миллиондаған жылдар бойы жасалады, ал жасанды кристалды түріне және мөлшеріне қарай он күн ішінде өсіріп шығаруға болады», – деп нақтылайды «кристалл» авторы. «Жасанды кристалл» жаңа бағытының негізін қалаушы Темірғали аға «жасанды кристалл» – бұл ХХІ ғасырдың ғылымы, болашақтың ғылымы деп есептейді.

«Ұлы Даланың баласымын!»

2006 жылы бүкіл әлем студенттері мен ғалымдарына арналған дәріс курсын оқуға шақырған Англияның Оксфорд университетінде Темкең дәрісін қазақ тілінде оқуға ниет білдіреді. Ұйымдастырушылар физика терминдерін қазақша-ағылшынша аудару жүйесінің жоқтығынан ондай мүмкіндік болмайтынын айтып, кешірім сұрайды. «Дәріс барысында барлық тыңдаушылар мені орыс деп қабылдады, сондықтан дәріс соңында Қазақстан тарихы мен қазақ халқы туралы айтып беруді жөн көрдім, – дейді Темкең ағамыз. – Дәріс соңынан сұрақ-жауапқа бөлінген қырық бес минутта әртүрлі қызықты сұрақтар қойылып, соңында бір профессор қазақ тілінде бірдеңе айтуымды өтінді. Мұндай өтінішті күткен жоқпын, бірақ ойыма бірден «Мен Ұлы Дала қазағының баласымын» деген сөздер келді. Аудармашы мен тыңдаушылар түсінбей сәл кідіріп қалды. Содан кейін «Сіздерге өзінің ашқан жаңалығы туралы дәріс оқыған Ұлы қазақ халқының ұлы, оларды әлемде «жартылай жабайы халық» деп санайды» деп өзім аудардым. Бүкіл зал орнынан тік тұрып, қол шапалақтады… Өз халқыма деген мақтаныштан көзіме жас келді…».

2018 жылы ғалымның 80 жылдық мерейтойына орай әріптесі З.Нурлигенова екеуін ҚарМТУ студенттерімен кездесуге шақырады. Сәлемдесіп болған соң сөзін: «Мен осы университеттің қабырғасында математика профессоры, Алаш Орданың ұлы саяси қайраткері, қазақ ұлтының мақтанышы Әлімхан Ермековтің дәріс оқығанын мақтан тұтамын. Мүмкіндігімше оның басына барып тұрамын», – деп бастайды. Ол өзінің өмірбаянын, ғылыммен қалай айналыса бастағанын, алдағы жоспарлары мен өмірдегі арманы туралы қысқаша айтып береді. Кездесу соңында әлемге аты әйгілі ғалым: «Мен де сендер сияқтымын, көп жағдайда сендер менен де ақылдысыңдар. Өз идеяларыңызды қорғауды және дәлелдеуді үйреніңдер. Сендер мүмкін емес нәрсеге қол жеткізе аласыңдар, атақ пен марапат үшін емес, ғылымның өзі үшін ғылыммен айналысыңдар», – деп жастарды қанаттандыра түсті.

Темірғали Көкетаевтың есімі әлемдік физика саласындағы атақты ғалымдар арасында жақсы танымал. 1980 жылдардың аяғында бірінші ядролық зарядтың жетекші әзірлеушілерінің бірі, досы, профессор Я.Зельдовичпен (сол кездегі құпия тақырып, Социалистік Еңбек Ері атағын үш рет жасырын алған, сондықтан есімі көпшілік қауымға белгісіз), Мәскеуде ядролық бомбадан ондаған есе күшті сутегі бомбасын жасаушы, А.Сахаровтың үйіне барады. Бұл Кеңес қоғамын демократияландыру үдерісі басталған кезең. Ауғанстанға әскер енгізу саясатын бірінші болып айыптаған ғалым, құқық қорғаушы, гуманист адам, академик Андрей Дмитриевич халық депутаттарының І съезінде ақын Мұхтар Шахановтың қазақтардан «ұлтшыл» деген айып-белгіні алып тастау үшін «Қазақстандағы Желтоқсан оқиғасы» комиссиясын құру жөніндегі сөзін қолдайды. Шай үстінде академик А.Сахаров ашуланып: «Мен өмір бойы адамзатты жаппай қырып жоятын қару жасау үшін жұмыс істедім. «Қырғиқабақ соғыс» жылдарында егер біз мұндай бомба жасамасақ, оны біздің жауларымыз жасап, бәрімізді құртатын еді деп сендірді. Бейбіт бағытта жұмыс істеу керек болды. Саясатқұмарларды тыңдамаңыз, халық мүддесі үшін ғылыммен айналысыңыз», – деген екен.

ХХ ғасырдың көрнекті ғалымы Темірғали Көкетаев та өз өмірін халыққа қызмет етуге арнаған ұлы тұлға. Біз үшін Темкең – Қазақстанның ар-намысы мен ар-ожданының эталоны. Жаны жайсаң жанның 85 жылдық мерейтойын атап өту ғалымның өзіне емес, оның шәкірттері, әріптестері, қарағандылықтар мен бүкіл Қазақстан үшін маңызды. Орталық Қазақстан академиясының профессоры Есентай Шайменов өз сұхбатында жұбайы Гүлден Мұратқызымен бірге Англияда USL Лондон университетінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша магистратурада оқып жүрген қызы Жанарға барғанда «Қазақстан студенттері қауымдастығы» қыздарымен бірге әлемнің ұлы ғалымдарының мұражай-стенді орналасқан Кембридж университетіне апарғанын еске алады. Қазақстандықтар алыстағы Альбион елінде, әлемнің көрнекті физиктерінің жанында қазақ жерлесі, «ХХ ғасырдың көрнекті ғалымы» Темірғали Көкетаевтың портретін көргенде «Қуаныштан төбеміз көкке жеткендей болды. Мен барлық қатысушыларға оның ұлы ғалым, ағамыз екенін, Қарағандыда тұратынын, өзіміздің Қазақстаннан келіп тұрғанымызды зор мақтанышпен айттым», – дейді.

Студенттік жылдары физика терминдерінің сөздігін жазуды ойлаған Темірғали ағамыз өзінің «Қазақ тіліндегі физика терминдерінің сөздігі» еңбегін ғылымдағы ең жоғары жетістіктерінің бірі деп есептейді. Темірғали ағамыз болашақта Қазақстанның жас дарынды ғалымдары ғылымның биік шыңына жететініне, ал «қазақ сөзі» Англияның Оксфорд университетінде де айтылатынына кәміл сенеді. 2021 жылы өміріндегі ең басты еңбегі – 20 мың сөзден тұратын «Қазақша-орысша физика терминдерінің сөздігін» аяқтады. 2022 жылы Темірғали Көкетаев «ҚР Құрметті азаматы», «Қарағанды қаласының Құрметті азаматы», «Ұлытау облысының Құрметті азаматы» атанды, «Құрмет» орденімен марапатталды.

Қарағанды қаласынан шыққан кезде Республика алаңының жанында «ХХ ғасырдың ұлы ғалымы» билборд-баннерін көруге болады. Оны әлемге аты жайылған ғалымға көрсетілген құрмет деп білеміз. Әңгіме барысында күйінішпен «Қазақ халқына лайықты пайда әкеле алмадым, өкінішке қарай, менің ғылыми жаңалықтарымды басқа елдер пайдаланады», – дейді.

2008 жылғы 1 желтоқсанда ҚР Үкіметі «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын және оған сәйкес келетін алтын жұлдызды белгіледі. Ғалымның жоғары жетістіктерін әлемдік қауымдастық мойындады. Қазақстандық және әлемдік ғылымды дамытуға қосқан зор үлесі, ғарышты зерттеуге, мемлекеттік тіл мен мәдениетті дамытуға, патриоттық тәрбиеге қосқан үлесі, бүкіл әлемде елдің имиджін көтергені үшін Қазақстанның қоғамдық және саяси элитасы 85 жылдық мерейтойына орай Үкіметіміз Темірғали Көкетаевтың еңбегін бағалап, «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беруге лайықты деп санайды.

Бірінші қыркүйекте Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті физика факультетінің студенттері үшін «Білім күні» Т.Көкетаевтың профессорлық дәрісінен басталады.

Ғалымның есімін одан әрі танымал ету үшін:

  1. «Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің көрнекті ғалымы Темірғали Көкетаевтың өмірі мен қызметі» атты деректі бейнефильм түсіру;
  2. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің Үздік физик-студентіне Темірғали Көкетаевтың «Ғасырдың Ғұлама Адамы» атаулы шәкіртақысын тағайындау;
  3. Қарағанды қаласының облыстық тарихи-өлкетану мұражайында Т.Көкетаевқа арналған «Ғасырдың Ғұлама Адамы» бұрышын ашу;
  4. Облыстық ғылыми-техникалық мұрағатта ғалымның еңбектерін, кристалдарын ұрпақтарына сақтау үшін ғалымның жеке қорын ашу қажет.

Нұрлан ОШАН,
Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің оқытушысы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button