Басты тақырыпОблыс әкіміРесми

Ғасыр ғалымына – асыл құрмет

Жақында облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ «ХХ ғасырдың ғұлама ғалымы», профессор, Халықаралық «Қазақ тілі» Қоғамы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Темірғали КӨКЕТАЙДЫ қабылдап, 80 жасқа толған мерейтойына орай лайықты құрмет көрсетті.

Ғалым Темірғали Әбілдаұлы – Қарағандының ғана емес, мұқым қазақтың мақтанышы. Әйтпесе, қазақтың қай ғалымы Оксфордта дәріс оқып, әйгілі Кембридждің таңдауына ілініп, «ХХ ғасырдың ғұлама ғалымы» атанып еді. Академик Ебіней Бөкетовке лайықты ізбасар болып, тек ғылым саласындағы емес, қоғам өміріндегі игілікті істерге ұйытқы болып жүрген қайраткер аға – қандай құрметке болса да лайық.

Аймақ басшысы Ерлан Жақан-ұлының:

Ғылым жолындағы жетістіктеріңіз аса салмақты. Сізді Кембридж университеті «ХХ ғасырдың ғұлама ғалымы» деп мойындап, Оксфорд төрінде дәріс оқыдыңыз. Ғылыми тұжырымдарыңызды, адами ғибратыңызды соңыңыздан ерген өскелең ұрпаққа үлгі етіп келесіз. Ұлт жанашыры ретінде өзіңіз негізін қалаған қоғамдық ұйым арқылы да тіл мен ділдің саф күйінде сақталуына үлес қосып келе жатырсыз, – деген ыстық ықыласқа толы құттықтау лебізінің астарында ғұлама ғалымның биік парасаты мен терең біліміне берілген шынайы баға жатыр.

Салтанатты шара барысында ғалымның әріптестері, академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің проректоры Қылыш Омаров, физика-техникалық факультетінің деканы Бекболат Нүсіпбеков, ҚарМУ ардагерлері кеңесінің төрағасы, профессор Әлімжан Телғарин және рухани бауыры, ақын Серік Ақсұңқарұлы мерейтой иесіне құттықтау лебіздерін жеткізіп, ағаның азаматтық болмысын айшықтайтын пікірлерімен бөлісті.

Салтанатты қабылдау соңында Темірғали Көкетайдың өзі сөз алып, ақжарма пейілмен алғысын жеткізді. Тебірене сөйлеген Темірғали аға «Ерін қадірлейтін ел болмаса, елдің атын шығарар ер қайдан тусын» деген даналық тәмсілден тамыр тартатын бүгінгідей сый-құрметтің ұрпақ сабақтастығы үшін ауадай қажет екендігіне тоқталды.

Осылайша, алты құрлық мойындап, Алашы алақанға салған, Қарағандысы қадір тұтатын ғұлама ғалым, қажырлы қайраткер аймақ басшысының ыстық ықыласы арқылы туған елінің өзіне деген пейілін тағы бір мәрте сезініп, ғибратты ғұмырының биік белесі – сексеннің сеңгірінде бір марқайды.

Ерсін МҰСАБЕК.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button