Қасымның ұшқан ұясы

Қазақтар «Қу жақ» деп атап кеткен Голощекиннің кезінде Қазақстанның Өлкелік коммунистік партия комитетінде екінші хатшы болған Ізмұқан ҚҰРАМЫСОВ 1934 жылдың ақпанында Алматыдан Орал қаласына Батыс Қазақстан облысының партия комитетінің бірінші хатшылығына ауысады. Міне, осы Ізмұқан жолдас 1935 жылдың көктемінде ақын Қасым АМАНЖОЛОВТЫ Оралда ашылған студия-театрдың көркемдік жетекшісі етіп тағайындайды. Бірінші хатшы Құрамысов облыстық дәрежесі бар, оқу-ағарту комиссариаты құрған оқу орнына басшы етіп Қасымды неліктен таңдады?

Хатшы Құрамысовтың ақын Қасымды студия-театр басшылығына апаруының сыр-себебінің бір ұшы Ізмұқанның жастық шағында жатыр. Екінші ұшы ақын Қасымның 1932-1934 жылдарда Орал қаласында өнерпаз аты шығып, жастар арасында танымал болуында еді. Ақын Қасым 1932 жылы Орал қаласына Алматыдан «Қызыл әскер» апталығында әдеби қызметкер болып жүрген тұсында келеді де, облыстық «Екпінді құрылыс» газетіне журналистік қызметке тұрады. Сол Оралда Қасым 1933-1934 жылдары атты әскер полкында жауынгер бола жүріп, мұрағаттағы деректерге сай газетпен байланысын еш үзбейді де, қаладағы замандастарынан қалыспай, қоғамның жолын қуып жүрген оны хатшы Құрамысовтың қырағы көзі шалып қалады.

1934 жылдың көктемінде оқу-ағарту комиссариатының шешімімен Орал қаласында студия-театр ашылды, бұл оқу орнының мақсат-міндеті болашақта жұмыс істеуге тиісті қазақ драма театрына қажетті актер кадрларын оқытып шығару-тын. Оқу басталғалы 8 ай өтсе де тапсырма орындалмайды, күтілген нәтижеге қол жетпей, үкіметтің ойға алған жоспары жүзеге аспай, істің барысы жергілікті билік үшін насырға шабатын түрге ауа бастайды. 1933 жылы 8 қыркүйекте Өлкелік партия комитеті «Ұлт өнерін дамыту шаралары» туралы қаулы қабылдағаны белгілі. Интернетте жүрген ақпарат бойынша Оралдағы қазақ драма театры 1934 жылы ашылған оның көркемдік жетекшісі болып семейлік Қалиақпар Төлебаев тағайындалған-мыс. Алайда, бұл ақпараттың растығы тексерілуге жатады, өйткені барлық мұрағаттағы мәліметтер бойынша Оралда 1934 жылы қазақ драма театры іс жүзінде атымен жоқ болатын, тек студия-театры оқу орны дәрежесінде мамыр айында құрылған. Орынборға республикалық қазақ драма театрына бармай қалған Қалиақпар Төлебаев Оралға баруға қалайша келісім бергені белгісіз, сірә, ұйымдастырушылық науқан басталғанда сондай әңгіме болған да шығар. Басында айтып өттік, 1934 жылы ақпан айында Батыс облыстық партия комитетіне бірінші хатшы болып Ізмұқан Құрамысов келді деп, міне осы Ізмұқан жолдас келген кезеңде көктемде студия-театр құрылуы туралы Алматыдағы «Наркомпросветтен» бұйрық жетеді.

Қазақша айтсақ, оқу-ағарту халық комиссариатынан келген жарлықты Орал облыстық оқу-ағарту бөлімі іске асыруы міндетті еді, алайда олар немкеттілікке салынып, студиядағы іс барысын жіті қадағаламай, оқу жұмысы жамбастап жатып қалады. Қасым Аманжоловтың 1935 жылдың 1 мамыр күнгі «Екпінді құрылыс» газетінде жария етілген мақаласындағы бар ойы осы өнер-оқу мекемесінің сол кездегі заңды жағдайын тексерген комиссияның қорытындысына негізделген болатын. Қасымның бұл мақаласы ресми, партия, үкіметтің қаулы, заңдары, бұйрықтарының дер кезінде орындалмауының себебін ашық жеткізеді. Облыстық комиссияның шұғыл түрде құрылуына бір жағынан себепші болған жазушы Сәбит Мұқанов еді. Ол кісі 1935 жылдың 5 наурыз күні Қазақстан Жазушылар одағының тапсырмасымен Оралға бірнеше мақсатпен келген. Сәбиттің газет қызметкерлерінің алдында айтқан сөздеріне қарағанда өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Мирзоян жазушыларға алдағы Қазақстанның он бес жылдығына дейін ел өмірінен көркем фильмнің либреттосын жазуға бәйге жариялаған, бұл мәдени шараны орындауды жазушылардың алдына міндет етіп қойған. Сірә, Оралға Сәбит үкіметтің тапсырмасын орындау үшін жаңа күш, таланттар іздеп шыққан, әңгіме либретто жайлы болған соң Оралдағы студия театр жұмысы тілге тиек болуы заңды шаруа, өйткені бұл оқу орны болашақта құрылмақ қазақтың музыкалық драма театрына кадрлар дайындау үшін ашылғаны белгілі.

Міне, енді Мирзоян киноға либретто қажет деп жарлық етуде. Қазақстан өмірінен түсірілетін киноға өлеңмен жазылатын музыкалық вокалдық шығарма дайындап беру керек. Әрине, мұндайда алдымен музыкалық студиялардың мамандары ауызға алынады да, Жазушылар одағының есіне Оралдық студия түскен соң Сәбит Мұқанов Батыс Қазақстан облысына ат сабылтып жетеді. Үміттеніп келеді. Келсе студия-театрдың аты бар да заты жоқ болып шығады. Мирзоянның тапсырмасы, Мұқановтың келісі Ізмұқанның студияның жағдайына көзін ашады да, ол тез арада істің шындығын дұрыс тексеруге тапсырма береді. Бағанағы біз айтқан Қасымның мақаласындағы хатшы Ізмұқанды мақтаудың себебі осы жайтқа байланысты туған. Студия-театр құру, оны ашу Оралдың облыстық оқу бөліміне тапсырылғаны анық, өйткені студия – оқу мекемесі, мәдениет ошағы емес. Сол себепті, студияның жұмысына жауапты орган облыстық оқу бөлімі, оның басшылары, мамандары, бірақ қаладағы, облыстағы барлық мемлекеттік маңызы бар істер үшін жауапты облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы. Сәбит Мұқанов та Алматыдағы бертінде тағайындалған хатшы Левон Мирзоянның тапсырмасына сілтеме жасап, ревизор рөлінде сөйлеп баққан. Сәбиттің Оралға келуінің бір себебі – студияның 8 айда театрға кадр-актерлер дайындап шығу мерзімі ақпан айында аяқталған, оның ойы бір жағынан солармен танысу бола-тын.

Сәбит Мұқанов газет қызметкерлерімен кездесуінде оралдық жазушылар ұйымы Жазушылар одағымен жақсы байланыс жасай алмай келеді деп орынсыз кінә тағады. Біздің оралдық жазушылар ұйымын қорғай сөйлеумізді ақтайтын тарихи негіз бар, Қазақстанда 1932 жазушылардың бұрынғы ұйымы таратылып, жаңа Жазушылар ұйымын жасақтау үшін ұйымдастыру комитеті жұмыс істеп жатқан, жазушылардың ұйымдастырушылық I съезі 1934 жылдың 12-18 маусымында өтеді. Жазушы Сәбит Мұқанов болса, Оралға 1935 жылдың 5 наурызында келіп отыр. Елдің азаматтық соғыстан, ашаршылықтан есін жинай алмай жатқан кезеңі, оралдық жазушылар ұйымының қаржылық қауқары шамалы болатын, ресми билік арқылы тіркелмесе оларға бюджеттен көк тиын да бұйырмайды. Қаржысы, қамқоршысы, қолдаушысы жоқ қаламгерлер газеттегі жалақыға күн көріп тіршілік етіп жүргенде Сәбиттің оларға кінә артуға һақысы жоқ-тын. Және де, Сәбит Мұқановқа қатысты айта кетер бір дерек бар, ол Ізмұқан Құрамысовпен 1920 жылдарынан Орынбор қаласынан біліс болса, Қасыммен Алматыда 1931 жылдан таныс еді. Қалада орын алған жағдай анықталған соң бәрі де студия-театр ісін аз уақыттың ішінде дұрыс жолға қоятын білікті, білімді маман іздей бастайды. Жуық арада өңірде табыла қоймаған, Алматы тиісті кәсіби маман жолдауға ықылас білдірмеген, республиканың 15 жылдығына дайындалып әлек, алыстағы Оралға кім бара қойсын. Оралдықтар Алматыдан қатардағы әртістердің бірін жіберуді сұрағанда да олардың бұл орынды өтінішіне ешкім де селт етпеген. Уақыт өткен сайын, қауіп бұлты қоюланып бара жатқан соң, сырттан келер көмек жоқ, енді өзіміздің ішімізде студияға жетекшілік етуге лайықты кім бар деуге тіреледі. Облыстық комсомол ұйымы бірауыздан Қасым Аманжолов лайық деп тауып, студия театрдың ендігі тағдырын соның қолына сеніп тапсырады.

Әрине, хатшы Ізмұқан театрдың жетекшілігін ақын, журналист, комсомол Қасым Аманжоловқа тапсырмас бұрын студиядағы іске тексеру жүргіздіріп барып ресми шешім қабылдаған, ол туралы Қасым бас мақаласында атап өтеді. Соныменен, ақын Қасым Аманжолов Қазақстан Республикасының Халық ағарту халық комиссариаты арнайы құрған Орал қаласындағы студия театрға 1935 жылдың наурыз айында жетекші болып ресми түрде тағайындалады. «Бас қосылса Арысқа, кім шабады намысқа?» деп Абай сұрау салғандай ақын Қасымның өнер өміріндегі тағдыры, трагедиясы, тар жол, тайғақ кешуі осылай басталады. Хатшы Құрамысов ақын Қасымды Оралдағы студия-театрға көркемдік жетекші қылып тағайындауының себебі, ол Қасымның қолынан бұл істің келетінін анық біліп, жүрегімен сезіп, сенім артты. Өйткені, Ізмұқан ақын Қасымның қайдан шыққанын, оның өсіп-өнген ортасының шама-шарқымен де бір адамдай таныс еді. Ізмұқанның өзі де Қасымдай жасында өнерге жақын болған жан, ауылында революция дауылының екпінімен ақсақалды, байды сынап пъеса жазып, спектакль қылып сахналай жүріп саясатқа араласып, ақыры Өлкелік партия комитетінің екінші хатшылығына дейін көтерілді. Голощекин Москваға кеткен соң көп ұзамай Ізмұқан да Оралға жөнелді. Іс жайын зер салып байқаса, студия-театр дегеннің шаруасы бір бітпейтін, толасы жоқ, таласқа толы дүние екен. Енді, бар үміт, бар тілек бір Қасымның қолында.

Қасым Орал қаласына 1932 жылы Алматыдан келгені анық, ал енді ол Қазақстанның сол кездегі астанасына қай жақтан, қашан келді деген сауалға жауапты біз ақынның қызы Дариғаның Қарағанды мұрағатында сақтаулы қолжазбасынан табамыз. Қасым Алматыға Қазақ университетінің филология факультетіне түсу үшін дайындық курсына 1930 жылдың жазында Үкіметтің қаулысына сай жеткен болатын. Архивтер куәлік еткендей 1917 жылы Россия империясының мемлекеттік билігіне төңкеріспен келген большевиктер Совет үкіметіне қызмет ететін кадрларды жедел түрде оқытып шығару үшін неше түрлі оқу орындарын құрып бақты. Соның бірі «жасөспірімдер мектебі» жүйесі еді. Қазақ өлкесінде жаңағы «жасөспірімдер мектебі» үш қалада – Семейде, Петропавлда, Әулие-атада ұйымдастырылды. Бұл мектептерді құрудың мақсаты – қазақ жастарын қазақ техникумдары мен Совпартшколдарға түсуге даярлау.

Қасымның қызы Дариғаның өлкетанушы Поповқа жазған хатында әкесі Қасымның Семейдегі «школа казахских подростков» мектебінде оқығанын қадап айтады. Үкіметтің ресми құжаты бойынша бұл оқу орнының атауы: Оқу-ағарту комиссариатының «Краевая казахская школа подростков» – «Өлкелік қазақ жасөспірімдерінің мектебі». Біз бұл өлкелік мектеп құрылымы туралы деректі Алматыдағы орталық архивтен таптық: 81 қор 1-тізбе, 1513-іс, 118 бума, 74 б.; 1115-іс. Алматыда өлкелік мектептің атауын анықтап алған соң біз Семей қаласының «Қазіргі заман тарихын құжаттандыру» архивіне сапар шектік. Семей архивін 8 күн қатарынан ақтарып, Қасым оқыған мектепке қатысты дерек кездестіре алмай қойдық. Ізденістің 9-шы күні сәтін салып Қасым оқыған мектеп туралы деректі ақыры таптық, архивтегі 415 қор, архивтік №266, 1-тізбе, 24 бума, 27 бет. Мектептің атауында қосымша жазба бар екен: «Соцвос» деген, қазақшаласақ «Әлеуметтік тәрбие». Бұл анықтамалық сөз Қасымның Семейге 1922 жылы «Қызыл керуенмен» келгенін растайды. Оқу бөлімінің құжатында мектептің атауымен бірге оның ғимараты орналасқан көшесі мен қоса үй нөмірі көрсетіліпті: «Семей қаласы, ул. Ленинская, 37». Көшенің қазіргі атауы – Мәңгілік Ел. Архивтегі деректі қолымызға ала салып, біз бірден мектептің ғимаратын іздеуге шықтық. Көше бойымен келе жатып №37 үйді іздей келе, алдымен ескі стильде салынған №35 үйді таптық. Әрі қарай «Жеңіс саябағы» басталады да, «Семей» қонақ үйіне шейін бір үй сақталмаған екен. Оның себебін де архивтегі деректер түсіндіріп береді. Ленинская көшесінде ақ патша заманында жаңа базар қоныс тепкен еді. 1928 жылы сол жерде шағын ағаш бағын ашу туралы шешімге сәйкес базар көшіріліп, кейбір ескі ғимараттар сыпырылып тасталады.

Соныменен, архивтік ресми дерек-құжаттар Қасым Аманжолов Семей қаласында 1922 жылдан 1930 жылға шейін оқуда болғанын дәлелдейді. Қасым «жасөспірімдер мектебінің» оқу программасын тауысқан соң Семейдегі зооветтехникумының дайындық курсында оқып жүріп, сабаққа ұзақ уақыт қатыспағаны үшін шығарылып тасталады. «Жыртық үйдің Құдайы бар» дегендей, дәп осы мезгілде Алматыда жоғары оқу орындарына, техникумдарға түсуге дайындау үшін округтік 4 айлық курстар ашылып, соған аймақ-аймақтан жастарды жолдау сұралады. Семейдегі округтік комиссия Қасымды тура Алматыға салып жібереді. Дайындық курсында әдебиетші болам деп ойланып жүрген Қасымды үкімет Ленинградтағы орман институтының рабфагына жолдама береді. Қасымды орманшы оқуы қызықтырмайды да ол Алматыға қайтып келіп, «Қызыл әскер» газетіне қызметке тұрады. 1932 жылы Оралға «Екпінді құрылыс» газетінің жауапты хатшылығына журналист Зейтун Сыздықов бара қалады да, Қасымды өзімен бірге қызмет етуге шақырады. Зейтун Сыздықов ақын Қасыммен қарқаралылық жерлес, Семейде 1923-1926 жылдары «совпартшколда» оқып жүргенде танысқан, он жас үлкендігі бар. Бұл екеуі Семейде қандай жағдайда танысты десек, қалада Екатерина ІІ патшалығы тұсында қазақ саны басым болған соң «Арғындар» және «Қарқаралы» атты көшелер пайда болып, тіпті, төңкеріске дейін тұрған. Қасым оқыған уақытта Семейде қазақтың өнері мен мәдениеті дүрілдеп өркендеп тұрған кез, «Ес-аймақ» труппасы қазақ педтехникумының қабырғасында қызмет еткен. Осы оқу орнында музыка үйірмесі ашылып, қала жастары музыка өнеріне тәрбиеленген. Қасымның Оралдағы «Екпінді құрылыс» газетінде жарияланған театр өнеріне, музыкаға, қоғам ісіне арнаған бірнеше еңбегінен оның театр, өнер ісін ұйымдастыра білетін, сегіз қырлы, бір сырлы кәсіби, кәнігі маман болғандығын көреміз. Қасымның қоғам жолын қууға ықпал еткен қазақ тарихының астанасы Семейдің өнер-мәдениет ортасы болатын. Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің.

Сол себепті, хатшы Ізмұқан Қасымға театр ісін бірден сеніп тапсырған. Семейде Қасымның бір дәптер өлеңдері жоғалып кетіпті деген сөз бар. Рас та шығар. Дәптері жоғалғанмен Қасым елден естіген әңгіме, жырды ұмытпапты, жады мықты екенін оның шығармашылық өмірінен табамыз. Бір ғана мысал, Қасымның «Дариға, сол қыз» өлеңін алайық. 1915 жылы шыққан Семейдің географиялық қоғамы өз Жаршысының №10 санында қазақтың «Девица Дарига» атты аңыз-әңгімесін басқан. Оған түсіндірме жазған Потанин аңызды 1912 жылы Қарқаралы жақта естіп едім, одан бұрын Зайсан жақтан да жазылып алынған екен. Бұл аңыз «кітаби» дейді. «Девица Дарига» аңызының сюжеті Қарқаралы қазағы Мұхамедғали Өндір хәлфе қажының ұлының 1907 жылы Қазан баспасынан шыққан «Иранғайып Шаһ Ғаббас» қиссасында да көрініс береді. Және де бұл қиссада, «Дариға, сол қыз» ой орамы бірнеше рет қайталанады. «Дариға» – қайран дәурен, жастық шақ, махаббат мағынасында.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: Қасым Аманжоловтың адамдық, азаматтық, ақындық болмыс-бітімі, білімі, білігі қазақтың тарихи астанасы Семейде қалыптасқан. Қасымның өмірдерегінде бұдан былай тарихи, ғылыми, заңдылық тәртіпке сай келесідей жазылуға тиіс: Қасым Аманжолов 1911 жылы Россия империясы, Семей облысы, Қарқаралы уезінде туған. Ал, оның ауылы, болысы Омбыдағы архив арқылы анықталып барып, нақты деректі тапқан соң ғана жазылуға тиісті. Өйткені, ол заман мен бұл заманғы әкімшілік-территориялық бөліністің шекарасында міндетті түрде айырмашылық болады. 1921 жылы біздің Қарқаралы қаласының атауын «Бухарин» деп өзгеруге ұсыныс жасалған еді. Әкімшілік-территориялық ауыс-түйіс бітпей жатқан соң бұл мәселе кейінге ысырылып, Бухарин жау атанып, атылып кеткен соң тыйылды. Россия халықаралық қатынастың субъектісі болған соң, шет ел ғалымдары кімді болсын сол империяның ресми, тарихи деректеріне сүйеніп іздейді. Осыдан келіп, туған жерін ресми дерекке сай дұрыс көрсетсек Қасымның аты халықаралық зерттеу орбитасына енеді де, есімі Батыстың ғылыми айналымына түседі. Тіпті, Қасым туралы тарихи деректер Конгресстің кітапханасында да сақталу мүмкіндігін жоққа шығаруға болмайды.

Биыл, күзде Қасымның 110 жылдығы аталып өтпек. Сол себепті, ақын Қасымның ұшқан ұясы Семей елі өзінің ұлының есімін есте қалдыруға тұрарлық іс-шара өткізетініне күмән жоқ. Бұндай елдік, бірлік ісіне ат салысуға Қарағанды, Қарқаралы азаматтары дайын отыр.

Министр мен әкімдерге бір тілек. Семей қаласындағы Мәңгілік Ел көшесінің бойындағы «Жеңіс саябағының» дәп түп-төрінде тұрған Әлихан Бөкейханның ескерткішінің маңында №35 үй жағындағы жер бос жатыр. Қасым да Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан жауынгер, елінің мүддесі үшін қуғын-сүргін көрген азамат. Сондықтан да, Қасым оқыған мектеп ғимаратының орнына бір қарапайым тас белгі орнатсақ, жөн болар еді. Семей – қазақ тарихының астанасы ғой! Алаш та, Әлихан Бөкейханды ұлы істе Семейге табан тіреген. Қазақ тарихы осыны біз бен сізден талап етіп отыр! Аруақ разы болмай, тіріге маза жоқ!

Айту бізден болды, іске асыру жауапкершілігі Сіздерге көшті!

Марат АЗБАНБАЕВ.

ҚАРАҒАНДЫ-ОРАЛ-АЛМАТЫ-СЕМЕЙ-ҚАРАҒАНДЫ 2021 жыл 26 сәуір.